Президент тапсырмасы: Алматыда көтерме-тарату орталықтары құрылады
Алматыда көтерме-тарату орталықтары құрылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында жергілікті атқарушы органдарға өндірушілердің тізбегі бойынша бағаларды бақылауды қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
«Биылғы жылдың қараша айында Алматы индустриялық аймағының маңында 17 гектар алаңда «Ұлттық сауда-тарату желісі» ЖШС тарату орталығының құрылысын бастау жоспарланған. Пайдалануға 2023 жылдың басында берілуі тиіс. Жеке инвестор жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырады. Бұл ел бойынша 24 көтерме-тарату орталықтарынан тұратын ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жөніндегі жобаның құрамдас бөлігі», – деді Дамир Тазабек.
Жоба аясында инвестиция сомасы 35 млрд теңге. Бұл суармалы жерлерде өсірілетін өнім көлемін ұлғайтуды қоса алғанда, жеміс-көкөніс өнімдері өндірісінің өсуінің негізгі факторы боламақ. Бұл ретте азық-түлікті сақтаудың, сатудың және бөлудің жаңа технологиясы құрылатын болады. Көтерме сауда орталықтары өнімді сақтау мен өңдеуден бастап тарату мен сатуға дейін мамандандырылған қызметтерді ұсынады.
Бүгінде бас мердігермен бірге жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтті.