Павлодар облысында тауарлы-сүт фермалары мемлекеттік қолдауға ие
«Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ еліміздің сүт нарығын өркендетуге 37 миллиард теңге инвестиция құйған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінде «Агробизнес» бағдарламасы бойынша Қазақстанда 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Павлодар облысында тауарлы-сүт фермаларының ашылуы өңірдің сүтке деген сұранысын толық жабады. Осыдан бірнеше жыл бұрын сүт өңдеу зауыттары шикізат тапшылығын өткір сезінген еді. Жергілікті фермерлер келешекте өнімді экспортқа шығаруға мүдделі. Өйткені облыста қосымша алты тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталған.
Павлодар облысында заман талабына сай келетін озық технологиялық кәсіпорындар қатары артып келеді. Мына заманауи кешен соңғы үлгіде салыныпты. Жобаға шамамен 6 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның 2,8 миллиарды жеңілдетілген мемлекеттік несиелендіру желісі арқылы беріліп отыр. Кәсіпорын жақында толық қуатына көшеді.
Дидар Бейсенбаев, тауарлы-сүт фермасының директоры:
– Тәулігіне 25 тонна сүт сауылады. Қазір малдың төлдеп жатқан кезі. Бұл жоба «Аграрлық кредиттік корпорацияның» қолдауымен жүзеге асты. Егер осындай мүмкіндіктер беріліп жатса, бұл салада жұмыс істеуге болады.
Павлодар облысында жаңа фермаларды салып қана қоймай, қолданыстағы өндірісті кеңейтуге де мән беріліп отыр. Тереңкөл ауданындағы Фёдоровка ауылында орналасқан сүт фермасы он жыл бойы облыстың сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етіп келеді. Жуырда сүт және ет бағытындағы симментал тұқымды құнажындар әкелінді. Шеттен келген мал жаңа жерге тез бейімделген.
Вячеслав Таңатаров, мал дәрігері:
– Карантин аяқталды. Қазір басқа малмен бірге ортақ табынға қосылды және сауылады. Жаңа жерді бөтенсімей, тез бейімделіп кетті.
Аймақта өзіндік сүт белдеуі қалыптасқан. Облыстың сүт өңдеу кәсіпорындарына шикізат тасымалдайтын оннан астам сүт фермасы бар. Олар ішкі нарық сұранысын толық жабады. Бірақ маңызды азық-түлік түрін экспортқа шығаруға әлі ерте. Сондықтан инвестиция тарту үрдісі жалғаса береді.
Ардақ Таңжарық, «Аграрлық кредиттік корпорация» филиалының директоры:
– Соңғы 4,5 айда біздің филиалда шамамен 5,6 миллиард теңгенің қаржысы бекітілді және берілді. Биыл 8,8 миллиард теңгені игеру жоспары тұр. Қазір 5,6 миллиард теңге игерілді.
Жоспарға сай жылдың аяғына дейін Ертіс өңірінде алты тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталады. Ең ірі кешен Ақтоғай ауданында салынып жатыр.