Павлодар облысында суармалы егіс алқаптары 12,7 мың гектарға ұлғайды
Павлодар облысында кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында суармалы егіс алқаптары 12,7 мың гектарға ұлғайып, 179 мың гектарға жетті. Егін жинау туралы облысы басшысы Асайын Байханов айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Біздің өңір аграрлық салаға тартылған инвестициялар көлемі бойынша елімізде көш бастап тұр. Қаңтар айынан бастап агробизнеске 190 млрд теңгеден астам инвестиция салынды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен екі есе жоғары. 32 инвестициялық жоба іске қосылды, онда 500-ден астам жұмыс орны құрылды, агроөнеркәсіптік кешен өнімінің өсуі 20,9%-ға артты. Өңірдің жалпы егіс алқабы 1,6 млн гектардан асты, егін 100% жиналды. Өткен маусым қиын, бірақ нәтижелі болды, біздің аймақ үшін рекордтық астық жиналды», – деді Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Өңір әкімінің дерегінше, осы маусымда егіншілер шамамен 1,1 млн тонна астық бастырды.
«Кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында суармалы егіс алқаптары 12,7 мың гектарға ұлғайып, 179 мың гектарға жетті. Әсіресе, суармалы алқаптарға 100% ылғал үнемдейтін технологиялар, яғни дисперсиялық суару тәсілі немесе жаңбырлатып суару әдісі қолданылды. Агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту және әртараптандыру әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына да жақсы әсер етуде. Соңғы мәліметтерге сәйкес, біздің өңірдегі азық-түлік бағасы 16 позиция бойынша республикалық орташа мәннен төмен», – дейді ол.
Осыған дейін Павлодар облысында 815 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылғаны туралы жаздық.