Өзбекстанның астыққа шектеуіне Қазақстан қалай жауап береді
Осының арқасында Қазақстанның кейбір өнімдерінің экспортынан молырақ қаражат түсе бастаған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қазақстан мен Өзбекстанның сауда-саттығы протекционистік көзқарастан ада емес. Әсіресе кейінгі жылдары Қазақстанның бидай экспортына кедергі келтірген Өзбекстан елімізден астықты сатып алып, оны өз диірмендерінде өндіре бастаған. Міне, осылайша өзбек тарапы өзінің ішкі нарығын қамтып қана қоймай, Қазақстан ұнының 66%-ын сатып алатын Ауғанстанның да нарығын жаулауға көшкенін бұған дейін жазған едік.
Әлбетте, көршілес елдің бұл әрекеті онсыз да кежегесі кері кеткен астық шаруашылығын тұралатайын деп тұр. Мәселен, елде 2000 жылдары ұн өндіретін 2300 компания болса, содан қалған 300-ге жуық диірменнің 50% банкротқа ұшырап тоқтап қалған. Жұмыс орындары қысқарып, жабылып жатыр. Мемлекетке салық төлеп, жұмысшыларға айлық беріп отырған кәсіпорындардың жағдайы мәз емес.
Мәжілісмендердің бұл сауалына Сауда және интеграция министрлігі бұған дейін жауап берген еді. Министрдің міндетін уақытша атқарған Ержан Қазанбаевтың айтуынша, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан 2011 жылғы 18 қазаннан бері Еркін сауда аймағы туралы шарттың (ТМД шарты) қатысушылары. Шартқа қол қояр кезде айтылған белгілі бір тауарларды қоспағанда, мүше мемлекеттер өзара саудада экспорттық кедендік баждарды (ЭКБ) қолданбауға келіскен. Шенеунік бидайға экспорттық кеден баждарын салған жағдайда Өзбекстан Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне су жібермей қоюы мүмкін екенін айтқан еді.
Өзбек тарапының бұл әрекетіне отандық кәсіпорындар да шағымдарын білдірген болатын.
Орталық коммуникациялар алаңында өткен бүгінгі баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа осы сұрақ қойылды. Министрдің жауабына сүйенсек, 1994 жылдан бері Қазақстан мен Өзбекстан еркін экономикалық аумақ ережесі бойынша жұмыс істейді.
«Бүгінгі күні Өзбекстан 1993 жылғы келісімнің нормаларын қолданып отыр. Басқа елдердің бәрімен келісімнің жаңа түрі бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте әрине, өнімдерімізді шетелге экспорттауда белгілі бір проблемалар туындады. Сол себепті Өзбекстан тауарларына қатысты дәл сондай «айналы» шараларды қолданып жатырмыз. Тиісті келіссөздер жүргізілуде. Бірақ 1 қаңтардан бастап енгізілген пошлина тұрғысынан қарағанда өзбек тарапы белгілі бір тауарлардың түрін мүлде алып тастады. Сондықтан отандық өнімдердің кейбірінің экспорты бірден екі есе артып кеткенін байқап отырмыз. Азық-түлік пен тауардың 10 түрі бойынша былтыр 38 млн доллар тапсақ, биыл сол өнімдердің экспортынан 52 млн доллар түсті», – дейді Бақыт Сұлтанов.