Неміс үлгісіндегі қазақстандық сүт орталығы қалай жұмыс істейді
Қазақстанда сала қызметкерлерін оқытатын жаңа сүт орталығы қандай болатынын неміс мамандары айтып берді. Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Байсерке Агро» компаниясы, сондай-ақ Қазақ агротехникалық университетінің өкілдері жұмыс сапарымен Германияның солтүстігінде болды. Сапардың бағдарламасы Уве Веддигенің жетекшілігімен KFM қазақстандық-неміс жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы «АгроИнфо» АА ҚР АШМ баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Еске сала кетейік, сүт өндіру саласындағы біліктілікті арттыру KFM шеңберінде Алматы облысындағы «Байсерке Агро» оқу ғылыми-өндірістік орталығының базасында жүргізілетін болады. Осыған ұқсас орталық еліміздің солтүстігінде жұмыс істеуде, онда Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының 16 пилоттық шаруашылығының мамандары оқып жатыр. Практикалық жұмыс сиырлардың өнімділігін арттыру, жемге талдау жүргізу, фермадағы жұмыс хаттамасын жасау және сақтауға бағытталған.
«Байсерке Агро» ОҒӨБ практикалық дағдыларды алу үшін 30 орынға дайын жатақханасы бар инфрақұрылым, асхана, теориядан өту үшін оқу сыныптары, сиыр сауудың заманауи түрлері бар сүт-тауар фермасын ұсынуға дайын.
Орталықтың әлеуетті контингенті аграрлық университеттердің түлектері мен студенттері, фермалардың мамандары болады. Оқыту кадр тапшылығын азайтуға, жаңа және қолданыстағы сүт фермаларында қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, сондай-ақ сүт өндірісінде жұмыс істеуге жастарды тартуға ықпал етеді.
Қазақстандағы мұндай сүт орталықтары, ең алдымен, өнеркәсіптік немесе отбасылық үлгідегі сүт өндірушілерге, әсіресе таяу жылдары Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша жеңілдікті қаржыландыру есебінен құрылатын 65 СТФ пилоттық орталықтарына қажет.
Сүт саласында практикалық дағдыларды игерудің арқасында шаруашылықтың рентабельділігін арттырып қана қоймай, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізу үшін сүт шикізатының сапасын жақсартуға болады, осылайша елдің импортқа тәуелділігін 39%-дан 11%-ға дейін төмендейді. Айта кетейік, қазақстандық делегация сапар аясында Аренсбургтегі Дениз Фелкердің консультациялық кеңсесіне, Блэкендорфтағы Футтеркамп оқу және эксперименттік орталығына (LVZ) және Эхемдегі Ауыл шаруашылығы білім беру орталығына (LBZ) барып, консультациялық және білім беру орталықтарының қызметтерімен танысты.