Назарбаев: Үкімет пен АШМ аграрлық ғылымды дамыту мәселесіне байыпты назар аударулары қажет
Нұрсұлтан Назарбаев палаталардың бірлескен отырысында Үкіметтің еліміздегі агроөнеркәсіп саласына баса назар аударулары қажет екендігін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнамалар одан ары жетілдіруді талап етеді. Біз бұл жайында да аз айтқан жоқпыз. Бұл – біздің экономикамыздың ірі секторы. Саланың болашағы зор, бізге жұмыс істеу қажет»,- деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы сақтандыру, аграрлық қолхатты енгізу, кредит серіктестіктерін дамыту және ветеринария саласындағы бақылау жүйесін жетілдіру қажеттігін баса айтты.
«Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық ғылымды дамыту мәселесіне байыпты назар аударулары қажет. Біз бұл жайында да айтқан болатынбыз. Заңнамалық түзетулердің сәйкесінше топтамасы әзірленген және Парламенттің қарауында жатыр», – деді Елбасы.