Қызылордада жүн мен былғары өңдеу өндірісі ашылады
Қызылорда облысында жүн мен былғары өңдеу өндірісі құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі күнге дейін өңірде жүн және тері секілді мал өнімдері пайдаланылмай келді. Жыл сайын облыстан тыс жерлерге 100 тоннаға жуық түйе жүні, 65 мыңға жуық ірі қара және 130 мыңнан астам уақ мал терісі сатылды. Олардың көпшілігі жай ғана өртеледі.
Өңірде оларды өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Өңделген терінің экспорттық бағасы өңделмеген теріден 4 есе жоғары. Сондықтан өңірде жеке өңдеу өндірісін дамыту мақсатында монғолиялық компаниялармен жүн мен былғары өңдеу жобасы пысықталуда. Жобаның құны – 2 млрд теңге.
«Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару ісі жолға қойылып келеді. Жыл басынан бері 13,9 млн долларды құрайтын 38,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Ол былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 116,7 пайызға артық. Шетелден балық, күріш, бидай қалдығы, қамыс өнімдеріне сұраныс бар. Облыста өндірілетін өнімдер Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Түрікменстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, Польша, Германия, Литва және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Сондай-ақ, Германиядан біздің жерде өсетін қамыс өсімдігіне сұраныс артты. Оларда қамыс үйлердің шатырына арналған тоқыма себетін жасауға пайдаланылады. Бұл өнім биыл алғаш рет экспортқа шығып, осы күнге дейін 122,1 тонна жіберілген.
Сондай-ақ, Қызылордада 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары жүзеге асырылуда.