Қызылорда облысында шұбатқа сұраныс жоғары
Қызылорда облысында жылына шамамен 200 тоннаға жуық түйе сүті өндіріледі, деп хабарлайды «24KZ» тілшісі. Аймақта ойсылқара тұқымының саны жыл сайын 5 пайызға артып отыр. Себебі шұбатқа сұраныс еселене түскен. Ұлттық сусын өндірісі аяқалысын Нұрлан Жақыпбеков зарделеп көрді.
Жібек Мұхимованың шаруашылығында күніне 100 литрге жуық түйе сүті өндіріледі. Оны шұбатқа айналдырып, тиісті стандартқа сай арнайы құтыға құйып сатады. Алдағы уақытта бұл өндірісті кеңейтуді көздейді. Ол үшін еуропалық мамандардың тәжірибесін үйреніп жүр.
Жібек Мұхимова, кәсіпкер:
– Ауылшаруашылық шаруаларына арналған Германияда оқу болды. Әлі де оқып жатырмын мен, онлайн оқып жатырмын. Бірақ екі апта Германияда болдым. Сол кезде қандай стандарттар болу қажет екенін, ол қалай жұмыс жасау керек, қалай экспорттау керек деген сияқты көп жобалар жасағымыз келіп жатыр. Соның ішінде шұбат болады деген сенімдемін.
Қазір Қызылордада қымыранның 1 литрі 1300 теңгеден сатылады. Себебі ойсылқара тұқымы екі жылда бір төлдейді. Күніне үш мезгіл сауғанмен, сүтті аз береді. Сондықтан өзіндік құны жоғары болатыны белгілі. Облыс аумағында 90 шаруашылық түйе өсірумен айналысып отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
– Түйе сүтінің әр литріне 55 теңгеден субсидия төленеді. Былтыр өңірде 199 тонна шұбат өндірілсе, оның 144 тоннасына мемлекет тарапынан 7,9 миллион теңге қаржылай қолдау жасалған.
Бұдан бөлек асыл тұқымды түйе сатып алған шаруашылыққа әр басына мемлекет 100 мың теңге береді. Жыл сайын Сыр өңірінде түлік төресінің саны 5 пайызға көбейіп, 61 мыңнан асты, дейді мамандар. Оның дені Қазалы мен Аралда шоғырланған.
Талғат Дүйсебаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Түйе сүтін өңдеу саласына бағыт беріп отырмыз. Бұл бағытта бір-екі жоба қазір әзірленген. 2024 жылы бастап, 2025 жылы іске қосамыз ба деп. Түйе сүтін өңдейтін кәсіпорын ашу жөнінде жұмыстар жүруде.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында тәулігіне 400 литр шұбат өндіретін цех бар. Түйе сүтінен балмұздақ та жасайды. Ал мамандар айтқан Арал ауданындағы жаңа жоба іске қосылса, жылына 700 тонна түйе сүтінің ұнтақталған түрі өндіріледі.