Қысқы мал азығы қарқынды дайындалуда – Қызылорда
Қызылорда облысында малдың қысқы азығы бойынша жоспарланған шөптің 86,1 пайызы дайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл мақсатта облыс әкімі тапсырмасымен арнайы іс-шара жоспары бекітілген. Соған сәйкес 769,9 мың тонна ірі азық пен 213,6 мың тонна жем даярлау межеленген. Жоспарды толығымен орындау мақсатында кәсіпкерлермен келісімдер жасалуда.
«Биылғы қысқа 769,9 мың тонна ірі азық дайындау жоспарланған болатын. Осыған орай, облыс бойынша 663,0 мың тонна шөп дайындалып, қажеттіліктің 86,1 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ қажетті жемнің 14,2%-ын қамтылды. Күріш жинау науқаны басталуына орай, оның сабанын өртемей, жоспарлы 172,5 мың тонна күріш сабанын жинап алу жоспарлануда. Сондай-ақ, өңірдегі күріш өңдеу кәсіпорындары арқылы өз өндірісімізден 114,7 мың тонна күріш қалдығын және күріш жемін өндіру жоспарда бар. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілді», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Арал ауданында қалыптасқан қуаңшылыққа байланысты шаруаларға көмек көрсету үшін тиісті шаралар атқарылуда. Аталған мақсатта облыс әкімінің резервінен 250 млн теңге, «Аралым – айдын шалқарым» атты қайырымдылық қоры арқылы жергілікті кәсіпкерлер, сондай-ақ аймақ фермерлері, түрлі қайырымдылық қорлары арқылы 262 млн теңге түсті. Аудан шаруаларын тиісті жем-шөппен қамтамасыз ету әр аптаның сенбі күні Арал ауданда жем-шөп жәрмеңкесі ұйымдастырылуда.
Қызылордада су қоймасы салынады
Жыл сайын қайталанатын қуаңшылықтан құтылу мақсатында Қызылорда өңірінде су қоймасы салынатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Бұған диқандар қуанып отыр. Елде су нысандарының экологиялық тепе-теңдігі сақталмайды. Гидрологиялық инфрақұрылымдардың ескіруі және арналардың тазартылмауы тіршілік нәрінің тапшылығына әкелген. Осы мәселелер ел Президентінің Жолдауында нақты әрі дер кезінде айтылды, – дейді су шаруашылығы мамандары. Саланы цифрландырып, қажетті гидромамандар тобын даярлау кезек күттірмес мәселе. Жергілікті университеттің оқытушы құрамы Швейцария ғалымдарымен бірігіп сапалы маман дайындауға кіріспек.
– Су маманы ретінде ауыл шаруашылығы егістіктерін сумен қамтамасыз ету үшін су каналдарын реконструкциялау керек. Ол жақта 40% су ысырап болып жатыр. Өйткені ашық каналдармен су жеткізіледі егіске. Осы мәселені қолға алуымыз керек. Президент Жолдауында бұл туралы толық айтылды, – деді техника ғылымдарының кандидаты Бақытжан Шаянбекова.