Кірістен гөрі шығын басым

Биылғы жиын-терімде диқандар бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Науқанды дер кезінде аяқтай алмай, шығындарын есептеуге мәжбүр. Астықты өлкелерде комбайнның тісі тимеген алқаптар әлі де бар. Жығылғанның үстіне жұдырық.

Биылғы жыл бұрынғыдан өзгерек. Қара күздің тосын мінезі жер­ден ризығын татқан шаруалар­ды, атқамінерлерді әбігерге сал­ды. Қолдағы құрал-сайман мен техниканың тапшылығы, дәнді жер­ге сіңіру мерзімінің кешеуілдетуі де науқанның сағызша созылуы­на әкеліп соқты. Кесірінен еліміздің астықты өлкелері қардың арасы­нан қылтиған дәнді дақылды аршып алуға мәжбүр. Танап басында күйбең тірлік, қыл аяғы диқандар екі-үш ау­ысыммен жұмыс істеуде. Қалың қар түспей тұрып, дастарханымыздың ба­сты сәнін қамбаға түсіру міндеті тұр. Қапы қалсақ, еңбектің еш кеткені, дәнді жинау да екіталай екені хақ. Оған теріскейлік Ораз Төлебаұлы да мойынұсынады. Қара жерден ризығын татқан шаруа егіншілікті он саусақтай меңгерген. Көрпесіне қарай көсіліп, жылда дәнді жерге сіңіреді. Еншісіндегі алқаптың аумағы шама­мен 100 гектарға жуық. Тек биыл танап басында төгілген маңдай тердің гілігін сезіну екіталай. Толастамаған жаңбыр екі аяққа тұсау салып, науқанды дер кезінде аяқтауға тосқауыл болған. Кесірінен бүгінде сары алтын қар ара­сында «жайқалып» тұр.

– Биылғы жыл бейнетіміздің зейнетін тату екіталай, төгілген тер зая кететін түрі бар. Амал нешік, жұмсалған шығынның ақталуы неғайбыл. Бүгінде танап басынан-ақ дәнді сатып алуға ниет білдіргендер бар. Тек ұсынылған баға 15 мың теңгеге де жетпейді. Келесі жылға да тұқым жоқ», – дейді әлекке са­лынып, шығынға шаш етектен батқан диқан.

Егін бітік шыққ анымен, дер кезінде комбайнның тісі тимей, сапа құлдилады. Ылғалдылығы шамадан тыс жоғары дәнді өткізудің өзі әуре- сарсаңға салатын түрі бар.

Ысырапсыз жинау екіталай

Теріскейдегі ахуалкөңілді құлазытады. Танап басындағы шаруаға қан жүгіртіліп, диқандар бірнеше ауысымға көшкенімен, әлі де қар ара­сынан сары алтын шошайып тұр. Ірі шаруашылықтардың кейбірі әлі де орақ жұмыстарын аяқтамаса, ұсақтардың жайы айтпаса да түсінікті.

Биыл теріскейде 4 миллион 371 мың гектар егіс алқабының 3 миллион 274 мыңы дәнді дақылдардың еншісіне тиген. Қарашаның біріндегі дерек­тер бойынша қамбаға түскен сары алтын 80 пайыздан асып жығылады. Ылғалдылық деңгейі 25-тен 35 пайыз аралығында. Ал майлы дақылдардың шамамен 30 пайызы ғана жиналған. «Орақ науқаны үшін қолайлы күндердің саны 18 аспады. Ауа райы сыр бер­се де, егіс алқаптарындағы күйбең тірлік тоқтамайды. Облыс диқандары қол қусырып қарап отырмақ емес. Орақ науқанын ұйымдастыру бойын­ша тәуліктік штабтар құрылды. 58 нан қабылдау кәсіпорындары да 24 сағат бойы жұмыс істейді. Әзірге өңірдегі элеваторларға биылғы астықтың 75% жекізілген. Оның дені үшінші сыныпты», – деп аймақтың тынысын СҚО әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров жіпке тізді.

Тек ылғалдылығы тым жоғары астықтың өзін кептіру оңайға соқпайды. Оған өңірдегі элеваторлардың қауқары жете ме деген сауал туындайды.

Әкімдіктер есебін ғарыштық бақылау растамады

2009 жылы сары алтынға тиесілі алқап 14,8 миллион га құрағанды. Әртараптандыру арқасында оның аумағы екі миллион гектарға жуық қысқарған. Нәтижесінде биыл ел бойынша дәнді дақыл 12,4 миллион га жайқалды. 2014 жылғы астық түсіміне болжам жасаған шенділер 15 миллион тоннадан дәмеленсе, әзірге оның тек 90 пайызға жуығы қамбаға түскен. Гектар берекелігі орташа алғанда 12 центнерді құрайды.

Қазан айының соңындағы деректерге сүйенсек, 5 миллион тоннадан астам дән элеваторларға жеткізілді. 4,2 миллионын жұмсақ бидай құраса, оның 80 пайызы 3 сыныпты, өзгесі 4 сыныпты екен. Тек жергілікті әкімдіктердің жолдайтын есеп-қисаптарына сенімнен гөрі күдік басым. Комбайнның тісі тиген алқаптардың көлемі бойынша дәйектер ғарыштан жүргізілетін бақылаумен сәйкес келмейді. Олардың арасындағы айырмашылық ел бойынша 2 миллион гектарға жуықтайды!

– 5 жылдан бері орақ науқанының барысына ғарыштық сараптама жүргізіледі. Тек жергілікті ведомстволардың есептері мен ғарыштан түсірілетін суреттер бір-біріне кереғар. Олардың арасындағы айырмашылық орташа алғанда 10-12 пайызды құрайды. Орақ науқаны мерзімдерінің созылуы астықтың сапасы мен өнімділігіне әсер етпей қоймайтыны хақ. Оны ешкім жасырмайды, себебі бұл ақылға сыймайды. Қостанай, Ақмола әрі оңтүстік облыстар негізінен орақ науқанын аяқтады. Ең қиын жағдай Солтүстік Қазақстан облысында қалыптасқан. Өңірде жауын-шашынның мөлшері мол болғандықтан, жиын-терім жалғасуда,-деп мәселенің мән-жайын ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов тергіштеді.
Бар гәп әуелі ауа райына, екіншіден қажетті техниканың тапшылығына тіреледі. Қос себеп орақ науқанын дер кезінде тәмамдауға қолбайлау болған. Атқамінерлердің уәжі осындай.

Демеудің игілігін сезінбек

Астықтың ылғалдығы жоғары болғандықтан, оны кептіруге қосымша 53 мың тонна дизель отыны бөлінген. Атқамінерлер шығынға батқан диқандарға қол ұшын созуды ұйғарыпты. Продкорпорация мемлекетік қорға сатып алынатын сары алтынның биылғы бағасын қайта қарастырды. Дәннің құнын көтеру арқылы диқандардың қалтасына салынған салмақты жеңілдету көзделген. «3 сұрыпты дәннің тоннасы әлемдік нарықта 34 мыңға бағаланса, Ресейде шамамен 30 мың теңге сатылады. Біз оның құнын 42 мың теңгеге белгіледік”, – деді «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Қашқымбаев.

Шаруалардың киген кебі үшін қам жеген атқамінерлер 4 және 5 сұрыпты дән де сатып алынатынын жар салған. Алғашқысының тоннасы 35 мың теңгеге бағаланса, екіншісінің құны 5 мың теңгеге арзан. Алайда сары алтынды әуре-сарсаңға салынбай, оны өткізумен қатар қарыздарды өтеу мәселесі де шаруалар үшін аса көкейтесті. Еңсесі түскен диқандардың дені рәсімдеген несиені дер кезінде қайтаруға бас қатырады.

«Биыл бюджеттік несие түрінде «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниялары арқылы 20 миллиард теңге үлестірілді. Екінші деңгейлі банктер арқылы да 20 миллиард теңге берілді. Бірақ диқандардың дені бюджеттік несиелерді төлей алмауы ықтимал. Сондықтан «ҚазАгродан», үкімет пен министрліктен несиелерді қайтару мерзімін ұзартуды сұраймыз, – деп өз ұсынысын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев білдірді.

Түйін. Келесі жылға тұқым қорын дайындау да көңілді күпті етеді. Оған ылғалдығы 14 пайыздан аспайтын дән қажет. Ақмола облысы толық қамданса, қостанайлықтар мен солтүстікқазақстандықтар межені 75 пайызға орындаған.

Әзірге дәнді ысырапсыз жинау қолдан келмесе де, шенділер нан бағасы қымбаттамайтынына сендіріп отыр. Бұл бағытта АШМ, жергілікті әкімдіктер мен «Қазагро» холдингі арасында мақұлданған меморандумның мерзімі 2015 жылдың қазанына дейін ұзартылған.

Венера Мұстафина

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы