Қазақстанда жұмыртқа қымбаттауы мүмкін
Бүгінгі таңда Қазақстанда 56 құс фабрикасы жұмыс істейді. Ондағы қанаттаылардың саны 46 миллионнан асады. Еліміздің басым бөлігінде жайылған құс тұмауына қарамастан осыдан екі апта бұрын құс өсірушілер және сала мамандары жұмыртқа қымбаттамайды деп жұртты сендірген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Бірақ жұқпалы ауру жұмыртқа құнына әсер етті. Соңғы бірнеше апатада аталмыш тауар бірден 5-10 процентке қымбаттады және баға бұдан да жоғары көтерілуі мүмкін. Қазақстанның құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов осылай дейді.
Руслан Шәріпов, Қазақстанның құс өсірушілер одағының президенті:
– Биыл астықтың бағасы жоғары. Азық-түлік келісім шарт корпорациясы астықтың тоннасын 80 мың теңге төңірегінде белгіледі. Шаруалар бізге одан да қымбатқа сатады. Сонымен қатар доллар қымбаттап жатыр. Ал біз құстан бастап, құрал-жабдыққа дейін бәрін шетелден аламыз. Сондықтан бағаны бірқалыпты ұстау мүмкін емес.
Құс фабрикаларын қалпына келтіруге миллиардтаған қаржы кетеді
Құс тұмауынан зардап шеккенге дейін отандық құс фабрикалары Қазақстандағы ішкі нарықты жұмыртқамен толық қамтамасыз етті. Ал қалған өнім алыс-жақын шетелге экспортталды. Бірақ жұқпалы ауру салаға қатты соққы болды. Еліміздің құс өсірушілерінің есебі бойынша, биыл жұмыртқа өндірісі бір миллиард данаға азаюы мүмкін. Өндірісті қалпына келтіру үшін қыруар қаржы қажет. Шамамен 3 миллиард теңге. Қазір құс тұмауы келтірген шығынды арнайы комиссия есептейді. Одақ басшысының айтуынша, вирус туралы бірінші болып хабарлаған Солтүстік Қазақстан облысының құс фабрикасына өтемақы берілмейді. Бұған не себеп болғаны белгісіз.
«Нарықтағы баға» айдары. Бүгін өңірлердегі бройлер балапанының бағасын шолып өтеміз. Тауар құны аймақтық тілшілеріміздің ақпаратына негізделген.
Қызылордада бройлер балапанының бір келісі 720 теңгеден басталады. Шымкентте бұл тауар 800 теңгеден сатылады. Талдықорғанда да бройлер балапаны 800 теңге тұрады. Ал Қостанайда аталмыш тауар құны 835 теңге. Нұр-Сұлтанда құс өнімінің бір келісі 935 теңгеден сатылады. Ал Атырауда бұл тауар құны 1000 теңгеге дейін жетеді.