Қазақстанда фермерлік шаруашылықтарға шағын несие беру жалғасады
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов ЕАЭО шеңберінде үшінші елдермен еркін сауда жөнінде келісім жасау жұмысын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Вьетнаммен және Сербиямен еркін сауда аймағы жұмыс істейді. Мысыр, Иран, Израиль, Үндістан және Индонезиямен осындай келісімдер жасасу туралы келіссөздер жүргізілуде. Мұндай келісімдер отандық тауарлардың экспортын ұлғайту мен әртараптандыру құралдары болады, импорттық өнімнің құны тұрғысынан тұтынушыға пайда әкеледі. Сондай-ақ, ішкі нарықты тауарлармен толтырып, отандық тауар өндірушілер үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылып жатыр», – деді Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.
Оның айтуынша, Ұлттық тауар өткізу жүйесі жеке көтерме-тарату орталықтарын, көкөніс қоймаларын, ӘКК және басқа да сауда субъектілерін қосу жоспарланып отырған бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу арқылы құрылмақ.
Бұл сауда субъектілері арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге, өңірлер арасындағы өнімнің ішкі ағыны мәселелерін шешуге, баға белгілеудің ашықтығын, болжамдығын қамтамасыз етуге, өнімнің көлеңкелі айналымын заңдастыруға және тұтастай алғанда оң макроэкономикалық әсер етуге мүмкіндік береді.
Осы модель бюджеттен еш шығынды қажет етпейді.
«Одан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қайта өңдеу кәсіпорындарымен өзара іс-қимылы үшін ауылдық кооперацияны дамыту қолға алынады. Кооперацияны дамыту бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін басқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тең шарттарда, оның ішінде жергілікті бюджеттер есебінен субсидиялау жоспарланған», – деп атап өтті Премьер-Министр.
«Шаруа немесе фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығы кооперативтері, жеке кәсіпкерлер үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді ұлғайту, өнімді кепілдендірілген өткізу, сондай-ақ мал бордақылау жөніндегі кәсіпорындардың, өңдеуші кәсіпорындардың қуаттарын ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын қамтамасыз ету мақсатында микрокредиттер беру жалғасады», – деп толықтырды Әлихан Смайылов.
Бұған дейін 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстаннан ЕАЭО елдеріне экспорт 14,3%-ға өсіп, 6,5 млрд АҚШ доллары болғаны хабарланған еді.
ЕАЭО елдерінен Қазақстанға импорт 1,2%-ға өсіп, 13,3 млрд АҚШ долларын құрады.