Қазақстан таяу болашақта Шығыс Африка елдеріне тыңайтқыш жеткізе бастауы мүмкін
Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың Кения Республикасының Инвестициялар, сауда және өнеркәсіп министрі Ли Майани Киньянжуимен кездесуі арысында айтылды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша,тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
– Біз Кенияны Африкадағы негізгі серіктестеріміздің бірі ретінде қарастырамыз. Қазақстандық Alageum Electric сияқты зауыттар Кения нарығының токты қауіпсіз әрі тиімді тарататын трансформаторларға қажеттілігін өтеуге дайын. Кенияның аграрлық секторының дамуын ескере отырып, Қазақстан танымал әлемдік брендтердің тракторлары мен комбайндарының түр-түрін жеткізіп бере алады, –деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Сондай-ақ Қазақстанның Африка елдерінде жоғары сұранысқа ие минералды тыңайтқыштар өндіру саласындағы әлеуетіне баса назар аударылды. Өткен жылы отандық зауыттар 1 млн тоннадан астам тыңайтқыш шығарды. Ерсайын Нағаспаев Қазақстан таяу болашақта Шығыс Африка елдеріне, оның ішінде Кения, Эфиопия, Руанда және Угандаға отандық өнімді жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін атап өтті. «ҚазАзот», «Қазфосфат» және KAZ Chemicals Trading House сынды компаниялар жыл сайын өндіріс қуаттарын арттырып, өнім түрлерін кеңейтіп жатыр. Қазақстанда калий тыңайтқыштарын өндіру бойынша жаңа жоба іске асырылса, бұл болашақта әлемдік нарық қажеттілігінің шамамен 14%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастық перспективалары және рельстік бекітпелерден бастап жолаушылар мен жүк вагондарына дейінгі қазақстандық теміржол кластері өнімдерін, сондай-ақ «Қайнар АКБ» аккумулятор батареялары мен Silk Road Electronics тұрмыстық техникасын экспорттау мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар болашағы зор бағыттар бойынша сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға келісті.
Осыған дейін елімізді 2026 жылға тыңайтқыш енгізу жоспары 2,3 млн тоннаға жеткізілетіні туралы жаздық.
-Өткен жылдың қорытындысы бойынша тыңайтқыш енгізу деңгейі алғаш рет ғылыми негізделген қажеттіліктің 58%-іне жетіп, 1,8 млн тонна болды. 2026 жылға тыңайтқыш енгізу жоспары 2,3 млн тонна, – деді министр.
Дерек көзі: Kazinform













