Қазақстан Өзбекстанға 1 млн 300 мың тонна бидай экспорттаған

Қазақстан Орталық Азия нарығына бидай экспортын ұлғайтты, деп хабарлайды «Хабар 24». Ірі тұтынушының бірі – іргедегі Өзбекстан. Биыл көрші елге 320 млн доллардың өнімі саудаланды. Бұл – тек алғашқы 4 айдың нәтижесі.

Сурет: ашық дереккөздерден алынды

Өзбекстанның бірқатар өңірі еліміздегі облыстармен бауырлас қала мәртебесін орнатып, тікелей көлік жолдарын ашуды көздейді. Біздегі транзиттік мүмкіндік көп жерде жоқ. Каспий порттары заманауи тұрғыда жаңғырып, теміржол қатынасы жақсарса тіпті игі. Нәтижесінде тауар тасымалы еселеп артады. Өзбекстан да осыдан үмітті.

Шавкатжон Әбдуразақов, Наманган облысының әкімі:

– Қазір облыстағы бір компания Қазақстаннан дизель сатып алып, қыстық қорын жинақтап жатыр. Өңір экономикасының 70%-тен астамын шағын және орта бизнес құрап отыр. Жалпы біз Қазақстан өңірлерімен байланыс орнатқымыз келеді. Облысымыздың экономикалық әлеуеті зор. Тоқыма өнеркәсібі дамыған. Бірақ энергетикалық ресурстарымыз аз болғандықтан, кей мұнай өнімдерін сырттан әкелеміз.

Екі елдің тауар айналымы алғашқы 4 айда 1,4 млрд-қа жетті. Оның ішінде қазақстандық экспорттың үлесі басым. Ал Өзбекстан көлік және бөлшек заттар экспортын ұлғайтып жатыр. Тоқыма бұйымдарына да сұраныс бар.

Сайфулло Тоқтобаев, сауда менеджері:

– ТМД-да серіктестеріміз көбейіп келеді. Соның ішінде Қазақстан да бар. Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент сынды қалаларға жылына 10 мың дана костюм-шалбар жеткіземіз.

Таяуда өткен үкімет басшыларының кездесуінде ресми Ташкент қазақстандық көмір импортын ұлғайту мәселесін көтерді. Көршіміз оны Шұбаркөл кенішінен алып, жылыжай шаруашылығына қолдануды жоспарлап отыр. Бастама өндіруші компания тарапынан қолдау тапты.

Серік Шахажанов, «Еуразиялық Топ» компаниясының басқарма төрағасы:

– Қазір бұл елге 500 мың тонна көмір жеткізіп келеміз. Өзбекстан осы энергетикалық ресурсты тұтынатын жалпы жиынтығы 4 гигаваттық станцияларды салуға кірісті. Жоба жүзеге асса, 13 млн тонна көмір қажет болады. Нәтижесінде екі елдің сауда айналымы 500 млн долларға ұлғаяды. Мұнымен ішкі нарықта тапшылық болмайды. Өйткені Шұбаркөл кенішіндегі тек бір карьер экспортқа арналады.

Өзбекстанға жөнелтілетін қазақстандық экспорттың басым бөлігі бидайға тиесілі. Жыл басынан бері 1 млн 300 мың тоннасы жеткізілді. Кейінгі орынды минералды тыңайтқыштар алады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Ала шапанды ағайын елімізден кен және көмірсутегін ғана емес, ет өнімдерін көптеп сатып ала бастаған. Соңғысынан қаңтар-сәуір аралығында 30 млн доллар пайда түсті. Одақтас елдердің мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Мақсат – үшінші мемлекеттен келетін импортты алмастырып, өзара сауданы ұлғайту.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы