Қарағанды облысында астық жинау науқаны басталды
Қарағанды облысында 936 мың га алқапта астық жинау міндеті тұр, кейбір шаруашылықтар қазірдің өзінде жұмысын бастады, ал жаппай жинау науқаны – қыркүйек айында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Ауыл шаруашылық басқармасы басшысының м.а. Сырым Бошпанов онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте хабарлады.
«Биыл дәнді дақылдарды жинау алаңы 935,9 мың га құрайды, оның ішінде бидай – 757 мың га, арпа – 159,7 мың га, бұдан басқа, шаруашылықтар 25,2 мың гектар алқапта майлы дақылдарды, картоп – 11,2 мың га, ас көк – 1619 га жинайды. Бүгінгі таңда Абай, Бұқар жырау, Жаңаарқа және Шет аудандарының жекелеген шаруашылықтары егін жинау жұмыстарына кірісті. Астықты жаппай жинауды 1 қыркүйектен бастау жоспарланып отыр», – деді баяндамашы.
Өңірде астық өндірісі ішкі тұтынуды толығымен қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті қалыптастыратыны атап өтілді.
Алдын ала болжам бойынша, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 8–10 центнерді құрайды, кем дегенде 290 мың тонна картоп пен 55,6 мың тонна көкөніс жинау жоспарлануда.
Егістікке 1 989 астық жинайтын комбайн шығады, оның ішінде 70 жаңа машина осы
жылы сатып алынды. Бұдан басқа, 3 мыңнан астам техника жұмылдырылады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 17 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Аграрлық несие корпорациясы арқылы егін жинау жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген несие беріледі.
Кеңесте сондай-ақ малға жем дайындау барысы туралы баяндалды. Бүгінгі таңда 81,7% немесе 2 млн тоннаға жуық өнім жиналды.
«Егін жинау науқаны күнделікті мониторингте. Жем-шөп дайындауды уақытында аяқтап, егінді шығынсыз мерзімінде жинау қажет», – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.