Инвестициялық тартымдылықты арттыру қажет
Статья от 29.06.2015г.
ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің ХХVIII отырысына биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті мен бүгінгі ахуалы арқау болды. Келелі басқосуда кемші тұстар жіпке тізілді, келешекте бағындырылатын межелер де мәшһүр болды.
Шетелдіктер құйған қаржы мардымсыз
Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі 4 есеге жуық артты. 2014 жылғы ресми деректерге сүйенсек, жалпы өнім 2,5 трл.теңгені құраған. Мал шаруашылығы қамшыланды. Нәтижесінде шығарылған өнімнің өсімі 3,9 есе көбейді. Егіншілік те дамудың жолына түскен. Саладағы экспорттың үлесі 3 мәрте ұлғайған. Ал сырттан құйылған қаржы 166,4 млрд. теңгеге жетті. Десек те инвестициялық тартымдылық бойынша аграрлық сала қалыс қалғандардың көшінде ілесіп келеді. «Америкалық инвесторлар Ақмола облысында алғашқы кәсіпорынды ашты. Енді олар Қостанай өңіріне бет бұруды көздеп отыр. Бізде (авт. ауыл шаруашылығында) мұнай, газ саласында іспетті алып компаниялар жоқ. Тек трейдерлік бағытта ғана әлемдік деңгейдегі ірі кәсіпорындар бар. Бірақ жақын арада мал шаруашылығында да инвесторлар да пайда болатынына сенімдіміз», – деп өз үмітін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі білдірген-ді.
Бірақ әзірге сырттағы алпауыт кәсіпорындардың ауыл шаруашылығына ден қоюға асықпай отыр. Шетелдік инвесторлар тарапынан елімізге құйылатын қаржының баржоғы тек 1 пайызы ғана агроөнеркәсіптік кешенге бұйырады. Көрсеткіш мәз емес. Салдарынан қайта өңдеу саласына жан бітпей тұр. Ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуде де асығымыз алшысынан түсер емес.
- Мұны ой елегінен өткізсем, бүгінгі таңда біздің экономикамыздың үлкен секторында ахуал аса көңіл көншітпейтіні күйіндіреді. Тұтынылатын ірімшіктің, құс етінің жартысы, шұжық өнімдері мен сұйық майдың 40 пайыздан астамы сырттан тасымалданады. Бұл бізді теріс жақтан сипаттайды,- деп шегеледі ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің ХХVIII пленарлық отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Еліміздің әлеуеті жоғары. Құнарлы жер, шөбі шүйгін өрістеріміз мол. Мал шаруашылығының қанатын кеңге жаюға табиғи жағдай да қолайлы. Сәйкесінше ет және сүт өндірісіне қан жүгіргені ләзім. Оған стратегиялық инвесторларды тарту да қапы қалмай, қимылдауды талап етеді. Бұл ретте тәжірибелі транс ұлттық компаниялар да тасада қалмауы тиіс.
Нәтижеге бағдарлану қажет
Мемлекет басшысы ауыл шаруа- шылығының өркендеуінен елімізге түскен кірістің көлемі аса маңызды екенін атап өтті. Алайда мемлекет тарапынан үлестірілетін тікелей демеуқаржының көлемі мен одан түскен пайда әзірге көңілге қаяу түсіреді. Шаруаларға берілген субсидия 150 млрд.теңгені құраса, ал аграрлық саладан түскен салық бар-жоғы 27% жеткен. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де бір ізділендіруді қажет етеді. Жаһандық тәжірибеге үңіліп, оны зерделеу керек.
«Қаржыны ғылым мен инновацияға, әлемдік үздік тәжірибені алуға көбірек бағыттау керек. Саланың бәсекеге қабілеттілігі технологиялардың қанша- лықты тиімділігіне, біздің табиғи ресурстардың қаншалықты тиімді пайдаланылуына байланысты. Барша әлемде ауылшаруашылығы жоғары технологиялы салалар санатына көшуде. Мысалы, өткен жүзжылдықтың 80-ші жылдарының соңында Бразилия, Чили, Австралия, Жаңа Зеландия секілді елдер мемлекеттік қолдауды өндірушілерді тікелей субсидиялаудан ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің пайдасына қайта бағдарлады. Біз оған әлі кіріскен де жоқпыз», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бүгінгі таңда дамыған мемлекеттерде әрбір шаруа қожалығы ғылыми-зерттеу институттарына бекітілген. Тәжірибе мен теорияның арасында сабақтастық сақталған. Оның арқасында ғалымдар зерттеу жұмыстары мен сараптамаларды өткізеді. Нәтижесі бойынша шаруаларүшін тиімді ұсыныстар мен кеңестер әзірленеді.
Бірыңғай ғылыми орталық бой көтермек
Саланың бағын жандыру үшін соны инновациялық және ғылыми жетістіктер де кеңінен кәдеге жаратылғаны абзал. Тың идеялар өрге жетелеп, өндірістің қарқынын ұлғайтуға, сапасын жақсартуға септеспек. Жауапты жүк бірыңғай ғылыми орталыққа жүктелмек. Жаңа білім шаңырағы еліміздегі ірі 3 аграрлық университетті біріктіреді. Алдағы бес жылда құрылатын орталық жаңа технологияларды ендіруге, қолданбалы ғылымды дамытуға және білікті мамандарды даярлауға баса мән бермек. Ол ауыл шаруашылығы бойынша жетекші зерттеу және білім беру ордасына айналады деп күтілуде.
«Бүгінгі таңда ғылыми және білім беру инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Елімізде ірі үш аграрлық университет бар. Бірыңғай ғылыми-білім беру орталығын құру үшін оларды біріктіруге тапсырма бердім. Бұл мәселені шешу созылып барады», – деп қадап айтты Елбасы.
Елімізде аграрлық саладағы жетекші өңірлік зерттеу-білім беру орталығын құру үшін үздік халықаралық серіктестер тартылады. «Бұл өз кезегінде барлық өңір мен пост кеңестік үшін тәжірибе болар еді. Үкімет осы шешімдерді қабылдауы тиіс», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Венера Мұстафина