Еліміздің аграрлық сала студенттері қос диплом ала алады
Қазақстанда алғаш рет ауыл шаруашылығы саласында қос дипломды білім жүйесі жолға қойылды. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің қолдауымен іске асып отырған аталмыш жоба Елордадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің базасында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қарапайым тілмен айтатын болсақ, бұдан былай ҚазАТУ-ды бітіріп шыққан түлектер тек бір ғана диплом емес, қолдарына Францияның AgroParisTech INRA – Ұлттық зерттеу институтының да дипломын алады деген сөз.
“Ең алдымен осы игі іске білім алушылар ерекше қуанып отыр. Себебі мұндай мүмкіндік жастардың болашағына зор сенім ұялататыны сөзсіз. Қазіргі таңда екіжақты келісім жұмыстары аяқталып, Францияның Agreenium консорциумы мен AgroParisTech, INRA – Ұлттық зерттеу институтының өкілдері Елордадағы С.Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне арнайы келіп, қос тараптың білім базасын пысықтап жатыр” – дейді универистеттің баспасөз хатшысы Бердібек Қабай.
Agreenium – бұл азық-түлік қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дамуы мен проблемаларын шешуші қоғамдық консорциум. Франция елінде Agreenium құрамына 15-тен астам университет пен ғылыми-зерттеу институттары біріктірілген.
“Оның ішінде AgroParisTech, INRA – Ұлттық зерттеу институты да бар. Еуропаның ауылшаруашылық университеттерінің арасында 2-ші орынды иемденетін AgroParisTech ауыл шаруашылығы саласындағы білім беретін әлемдегі ғылыми әлеуеті зор және кәсіби сапасы жоғары білім ошағы болып саналады” – дейді Бердібек Қабай.
Еске сала кететін болсақ, 2019 жылы қаңтар айында университет ректоры Ақылбек Күрішбаев бастаған Қазақ агротехникалық университеті делегациясы арнайы сапармен Франция еліне барып қайтқан. Сапар барысында қос диплом бағытын көздеген екі жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойлған болатын. Келіссөзде көтерілген мәселелерді жүзеге асыру бағытында осы жылдың 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне Марион Гуиллю (Marion GUILLOU) – профессор Agreenium консорциумының президенті бастаған делегация келді.
Делегация құрамында Жиль Тристрам (Gilles TRYSTRAM) – профессор, AgroParisTech ауыл шаруашылығының бас директоры (ректор); Клод Бернард (Claude BERNHARD) – PhD докторы, Agreenium консорциумының бас директоры; Жан Роже-Эстраде (Jean ROGER-ESTRADE) – агрономия, орман шаруашылығы, су, қоршаған орта және технология департаментінің профессоры (SIAFEE); Валери Бертлот (Valerie BERTHELOT) – AgroParisTech профессоры; Кристоф Содор (Christophe SODORE) – халықаралық және корпоративтік қатынастар департаментінің директоры да бар.
“Бүгінгі таңда кездесулер нақты үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ мал шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау және карантин, топырақтану саласын қамтып отыр. Қос дипломды білім беруді енгізу және жол картасын жасау, МООК онлайн курстарын әзірлеу (бұқаралық ашық онлайн-курс), AgroParisTech жүйесі бойынша электрондық оқытуды енгізу мәселелері талқылануда. Сонымен қатар делегация ҚазАТУдың базасында бар «Ауыл шаруашылығы биотехнологиясының ғылыми-зерттеу платформасы» ҒЗИ, Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығын механикаландыру орталығы, Қазақстан-Беларусь инженерлік кадрларды даярлау және қайта даярлау орталығы, Қазақстан-Герман дәл егіншілік орталығы, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу, мен нан және нан-тоқаш өнімдерін өңдеу, өсімдік майын өндіру жөніндегі оқу зертханалары мен эксперименттік-өндірістік цехтарының жұмысымен танысып жатыр” – дейді баспасөз хатшысы.
Осы кездесу негізінде нақты оқыту бағдарламалары әзірлену үстінде.
“Бағдарлама толықтай дайын болғаннан кейін үш басым бағытта, мал шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау және карантин сондай-ақ топырақтану саласын бойынша білім алушылар қос дипломды қолдарына алып шықпақ. Бұл жетістік білм ордасы үшін де, жалпы отандық ауылшаруашылығы саласының да жетістігі деп айтуға болады. Себебі AgroParisTech әлемдік деңгейдегі ірі білім ордасы. Еуропадағы аграрлық салада озық үлгі көрсетіп отырған білім шаңырағымен мұндай жобада бірлікті жұмыс жасау біздің қазақстан үшін үлкен жеңіс. Олардан үйренеріміз де көп. Алдағы уақытта білім алушыларымыз Францияға барып тәжірибеден өтетін болады. Ал оқытушылар да бағдарлама аясында кезең-кезеңімен AgroParisTech те білімдерін шыңдап қайтатын болады” – дейді ол.