Елдің шығысындағы 5 шекаралық ауданды дамыту қалай жүргізіліп жатыр
Шығыс Қазақстан облысындағы шекаралық 5 аудан халқының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында кешенді жоспар әзірленген. Соның аясында 2020-2024 жылдар аралығында 218 млрд теңге жұмсалып, бірқатар жоба жүзеге асырылады. Кешенді жоспарда Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай және Үржар аудандарының мәселелері жіпке тізіліп, келешегі жіті пысықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, шекаралық аудандардың шырайын кіргізіп, тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін атқарылатын шаралардың нақты жоспары жасалған.
«Өткен жылы Күршім мен Үржар ауылдарында 2 жүзу бассейні, Мақаншы ауылында спорт модулі салынды. Сондай-ақ 17 екіпәтерлік және 1 отыз пәтерлік үй пайдалануға берілді. 3 көппәтерлі үйдің құрылысы басталып, 105 білім беру, 6 денсаулық сақтау, 9 спорт, 31 мәдениет объектілері, 270 шақырымнан астам жолдар мен көшелер жөнделді», – деді ол.
Сонымен қатар Тарбағатай, Күршім және Үржар аудандарының ауылдарына сумен жабдықтау желілері тартылып, 18 елді мекенге блокты-модульді станциялар орнатылды. Шекаралық аудандардың ауруханаларындағы перзентхана бөлімшелерін II деңгейге ауыстыру үшін 989 млн теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынған.
«2021 жылы 4 көппәтерлі тұрғын үй, 8 су құбыры, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2 спорт модулі және 3 мәдениет объектісінің құрылысы жоспарланып отыр. 26 білім беру, 3 денсаулық сақтау, 4 спорт, 6 мәдениет объектісінде жөндеу жұмыстары жүргізілмек. 12 су құбыры және 230 шақырымнан астам жолдар мен көшелер жөнделетін болады. Жалпы биыл бес шекаралық ауданды дамытуға 59 млрд теңге жұмсалады», – деді Даниал Ахметов.
Осы ретте, әр ауданда нақты іске асырылатын жобалардың бүге-шүгесін білу үшін жергілікті әкімдіктерге хабарласып көрген едік.
Зайсан ауданы
Зайсанда шекаралық ауылдарды дамыту бағдарламасына орай 917 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Аудан әкімінің орынбасары Серікхан Нұртазиннің айтуынша, Зайсан қаласындағы Спамбетов көшесінде бесқабатты 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы, Дайыр ауылының 2 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және орта мектептің шатырын жөндеу, 5 елді мекенге су тазартқыш блокті-модульді станция орнату жоспарланып отыр.
«2021 жылы Какенталды, Сатпай, Дауал, Қабырғатал және Аққойын ауылдарының тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ биыл Шілікті, Жаңатұрмыс, Саржыра, Қайнар ауылдарына ғаламтор тарту көзделген», – деді ол.
Күршім ауданы
Күршімде аталған бағдарлама шеңберінде бірқатар шаралар атқарылмақ. Жоспар бойынша Маралды, Барақ батыр ауылдарындағы су құбыры желісінің құрылысы, Күршім мен Марқакөл ауылдарын жарықтандыру, Күршім, Марқакөл, Боран ауылдарын абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылады.
«Қалжыр ауылында спорт модулі салынып, Алғабас, Ақбұлақ, Марқакөл ауылдарының көше жолдары жөндеуден өтеді. Бүгінгі таңда аудан бойынша 5 елді мекен (Маралды, Барақ батыр, Алғабас, Төсқайың, Балықтыбұлақ) ауызсумен қамтамасыз етілмеген. 2021 жылы 2 ауылға су тартылады», – деді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов.
Оның айтуынша, ауданда 13 ауылға ғаламтор желісі тартылмаған. Осы жылы кең жолақты интернет инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҚР Ұлттық экономика министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 2022 жылдың соңына дейін халық саны 250 адамнан аспайтын елді мекендер бойынша талдау жүргізді. Соның нәтижесінде даму әлеуеті бар 242 ауыл іріктелген. Сол тізімге Күршімнен 7 ауыл кіріп отыр.
«Бұдан бөлек, шекаралық аудандарды дамытудың кешенді жоспары шеңберінде тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасыларға және басқа да санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін бірқатар ауылда жеке кәсіпкерлер есебінен 10 екіпәтерлік жалдамалы тұрғын үйлер салынады», – деді Е. Шораяқов.
Тарбағатай ауданы
Ауданда 2021 жылы Мүрсәлім, Қызыл жұлдыз, Көкбастау және Томар ауылдарында су ұңғымалары бұрғыланып, блокті-модульді станцияларын орнату жоспарланған. Сондай-ақ аудандық маңызы бар Құйған ауылына кіреберіс жолдың 0-13 шақырымына және Көкжыра ауылішілік көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
«Биыл халық саны 250 адамнан асатын 18 ауылға кең жолақты ғаламтор желісі тартылады. Атап айтқанда, Жаңауыл, Кіндікті, Құйған, Қызылкесік, Үштөбе, Бозша, Сәтбаев, Көктүбек, Ақмектеп, Байтоғас, Бозша, Жамбыл, Жаңалық, Жәнтікей, Қарасу, Ойшілік, Шеңгелді және Шорға елді мекендері», – деді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары А. Аққазин.
Катонқарағай ауданы
Катонқарағайда алдағы 5 жыл ішінде кенжелеп қалған агроөнеркәсіп кешені, туризм, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жол, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және мәдениет салаларындағы қордаланған мәселелерді шешуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған 192 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Осы мақсатта бюджеттен және инвесторлардан 24 млрд теңге жұмылдырылмақ. Өткен жылы 6,7 млрд теңге сомасына 105 шара мәресіне жеткен.
«Биыл Шыңғыстай, Аршаты, Солоновка, Топқайың ауылдарында су құбыры желілері қайта жаңартылады. Свинчатка мен Құндызды ауылдарына блокті-модульді станция орнату жоспарлануда. Сонымен қатар «Согорное-Барлық-Ақсу» жолының 0-14 шақырымы, Өрел ауылының Бекпау көшесі, Солоновка ауылының Капышев көшесі, Топқайың ауылының Есімхан, Ауғанбай, Шанақ көшелері, Кіші Нарын ауылының Совет көшесі орташа жөндеуден өтеді. 2021-2022 жылдары Ақшарбақ, Сенное, Қабырға, Рахман қайнары, Қайыңды ауылдарына мобильді интернет тартылады», – деді аудандық Ішкі саясат мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Р. Нұрмолдин.
Бұдан бөлек, шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасы аясында Үлкен Нарын ауылындағы Катонқарағай аудандық орталық ауруханасының ғимаратына күрделі, Қайыңды, Қабырға, Жаңа Үлгі ауылдарындағы медициналық пункттерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Үлкен Нарын ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, 30 пәтерліr тұрғын үй бой көтереді.
Үржар ауданы
Ауданда осы жылы 2 ауылда су құбырын қайта жаңарту, 6 ауылда су құбырын салу, 4 ауылда блокті-модульді станция орнату, 3 ауылдың жолдарын орташа жөндеу, 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізу, Үржар ауылындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау жоспарланған.
«Бүгінгі таңда ауылдағы 16 елді мекенге ауызсу тартылмаған. Олар: Барқытбел, Некрасовка, Лайбұлақ, Жанай, Егінсу, Айтбай, Қаратал, Бекет, Қазымбет, Ер Қабанбай, Благодатное, Қызылбұлақ, Бұғыбай, Қарабұйрат, Малак және Қызылту. 2020 жылы Қабанбай, Ақжар, Жоғарғы Егінсу, Елтай, Шолпан ауылдарында басталған су құбырының құрылысы биыл да жалғасын табады. Сондай-ақ 2021 жылы Барқытбел ауылында да құбыр құрылысы жүргізіліп, 2022 жылы аяқталмақ», – деді Үржар аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Б. Ғалиев.