Ел бойынша ең арзан ұн қайда бар?
Қазақстан бойынша, ұн ең арзан аймақ Шығыс Қазақстан облысы. Өскемен қаласында бірінші сұрыптағы ұнның келісі 100 теңге саудаланады. Ал Ақмола облысының орталығында баға 10 теңгеге жоғары, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Павлодарлықтар ұнның келісіне 121 теңге төлесе, Ақтау тұрғындары 126 теңгеден сатып алады. Талдықорғандағы баға Өскеменмен салыстырғанда 40 теңгеге қымбат. Ал Оралдағы дүкендер бірінші сұрыптағы ұнды 160 теңгеге саудалайды. Атырау мен Қарағанды дүкендерінде баға бірдей. Олар келісін 180 теңгеден алады. Тараздағы сауда орындарында ұнның құны 200 теңгеден асып кеткен. Таразбен іргелес Шымкент қаласында баға 300-ге жуықтайды.
Әдетте қаңтар айында сауданың сәл азаятыны белгілі. Десе де биыл өсім бар. «ҚазАвтоПром» мәліметтеріне қарағанда, есептік кезеңде қазақстандықтар жаңа автокөлік сатып алуға 44 миллиард 900 миллион теңге жұмсаған. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 10 процентке көп. Су жаңа темір тұлпар тақымдағандардың 65 проценті өз таңдауын Қазақстанда жасалған көліктерге тоқтатқан. Әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында сауда қызу жүрді. Қаңтар айының қорытындысы бойынша, тұрғындардың таңдауы аз да болса өзгерген. Себебі бұған дейін ең көп сатылған көліктердің көш басында «Лада Гранта» тұратын. Алайда бұл жолы «Равон» маркасы сатылым бойынша алға озды. «Лада Гранта» – екінші, үштікті «Хендэ Туксон» түйіндеді.
Былтыр қаңтар мен желтоқсан аралығында мемлекет бюджетіне 12,8 триллион теңге түсті. Осылайша бір жылда кіріс көрсеткіші 18 процентке көбейген. Ал жалпы алатын болсақ, соңғы бес жылдың әрбірінде қазынаға түсетін қаржы 12 жарым процентке артып отырған. Қаржы министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, мемлекет қазынасына түсетін ақшаның 72 проценті салықтың үлесінде. Ал 24 проценті трансферттерден. Салықтық емес саланың үлесі 2,8 процент. Негізгі капиталдың сатылымынан қазынаға 117,5 миллиард теңге түсті.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанның бидай және ұн экспорты төмендеп кетті. Мәселен, соңғы маусымның төрт айындағы нәтижені өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, көрсеткіш 25 процентке азайған. Былтыр жазда жауын аз болып, егін-терім басталғанда ауа райы жаңбырлы болғаны белігіл. Бұл шаруаларды біраз әбігерге салды. Бұл өнімнің аз болуымен қатар сапасына да теріс әсер еткен. Сондықтан қазақстандық диқандар биыл елде тұқымдық бидайдың тапшы екенін айтады. Статистика комитетінің 2020 жылғы 1 қаңтарындағы мәліметі бойынша, тұқымдыққа сақталған бидай былтырғыдан 16 процентке аз.