Дизель жеткілікті, қолдан дүрбелең туғызбайық – Энергетика министрі

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов қазақстандықтарды дизель нарығында қолдан дүрбелең туғызбауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сурет: ашық дереккөздерден алынды

«Жалпы бүгінде елімізде жанар-жағармайдың қоры да, өндірісі де жеткілікті. Біз мынаны атап айтқымыз келеді: транзиттік тасымалдың үлкен ағыны байқалатын маусым болғандықтан, оған қоса ауыл шаруашылығында жұмыстардың қызатынына байланысты дизельдің үлкен көлемін бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жанармай стансаларына жібереміз. Әлеуметтік желіде транзиттік және транзиттік емес көліктердің өте үлкен көлемде жанармай құйып әкетіп жатқан видеоларын көбіңіз көрген шығарсыздар. Бағадағы айырмашылыққа байланысты осылай болып жатыр. Қазақстанда дизельдің бір литрі 230-260 теңгеден сатылып жатыр. Ал көрші елдерде 400 теңгеден артық. 420-450 теңгеге дейін барады. Мысалы, Арменияда бір литрі 700 теңгеден асады. Әрине, осындай жағдайда жанармайдың заңсыз ағынын қатты бақылау керек. Әсіресе дизельдің ағынын бақылаймыз. Бірақ баға айырмашылығы жанармайдың басқа түрлерінде де байқалып отыр», – деді Болат Ақшолақов.

Айтуынша, жанармай тапшылығын болдырмау үшін тұрақты комиссия жұмыс істеп тұр.

«Дизель тұтынудың шарықтау кезеңі шілде, тамыз қыркүйек екенін ескерсек, жанармай желілері арқылы сатылым көлемі 2-2,5 есе өсіп отыр. Ол қажеттіліктің бәрін қысқа мерзімде жабуға жанармай қоры жеткілікті. Бірақ логистикада проблемалар шыға бастады.

Жанармай жөнелтудің ескі жоспары бойынша қуаттылық елдегі қалыпты қажеттіліктің 100, 110, ары кетсе 130 пайызы көлемінде межеленген. Сондықтан арнайы комиссия аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен, мұнай өңдеу зауыттарымен бірге күнделікті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Кейінгі екі күннің ішінде жанармай жөнелту көлемі ұлғайды. Тасымалдаушы вагондардың көлемін де арттырдық. Жақындағы, шалғайдағы өңірлер жолға кететін уақытқа қарай жанармайдың қорын 3 күннен 10 күнге дейін қамдап қойды. Сондықтан баршаңызды артық дүрбелең тудырмауға шақырамын. Жанармай шығаратын үш зауыт та істеп тұр. Қосымша қор да бар. Тамыздың аяғына дейін дизельдің 288 мың тонна қоры жасақталады. Бұл оперативті қор деуге болады. Оның сыртында 1 миллион тоннадай дизель өндіріліп жатыр. Қолда бар қор бітіп, тапшылық болады деп айтуға болмайды. Зауыттардың бірі тоқтап, жөнелтуде күтпеген қиындықтар болғанның өзінде бұл қор қажет дизельмен екі аптадан бір айға дейін қамтамасыз етуге жеткілікті»,- деді Энергетика министрі.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы