Демеуқаржыландыру тәртібі өзгермек
Бүгінде гербицидке, тыңайтқышқа, тұқымға қарастырылған қолдау сақталады. Ал әрбір гектарға үлестірілетін демеуқаржы 2016 жылдан бастап түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Енді демеудің игілігін сезіну үшін шаруалар техниканы сатып алуға, тың тәсілдерді ендіруге басымдық беруі тиіс.
Басқару екіталай
15 жыл бұрын өсімдік шаруашылығында әр гектарға демеуқаржы бөлу тетігін кәдеге жарату ұйғарылған. Бүгінде оған барлық қаржылай демеудің тең жартысы тиесілі. Көлемі шамамен 32 млрд.теңгеге жетеді. Бірақ ел қазынасынан үлестірілетін қаржы еселенгенімен, әлі де оның берекесі сезілмейді. Ресми дәйектерді сөйлетсек, 2014 жылы қаржылай қолдау деңгейі 20 пайызға артып, 8,6 миллиард теңгеге жеткен. Тек шығарылған өнімнің жалпы көлемі көбеюдің орнына құлдилады. 2011 жылы көрсеткіш 709 миллиард теңгеге теңелсе, 3 жылдан кейін 20 пайызға төмендеді. Сең қозғалғанымен, ауылшаруашылық өндірістің аяқ алысы көңіл көншітпейді. Еліміздің бас аграрийі гектарлық субсидияның қайтарымы жоқ екендігін мойындап отыр. Уәжі – демеуқаржыны мақсатты жұмсауды қырағы қадағалау екіталай. Бар гәп жүйені басқарудың қиындығына тірелетін көрінеді. Қыл аяғы кесірінен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер белең алған. Өткен жылы гектарлық демеуқаржының негізсіз берілуі бойынша 4,5 мыңнан астам жайт анықталды. Оның тең жартысы Алматы облысының еншісіне тиесілі.
Мәселен, Солтүстiк Қазақстан облысына қарасты Ғ.Мүсiрепов ауданындағы алқаптың аумағы 1 млн. гектардан асады. Жергілікті әкімдік қызметкерлерінен құралған комиссия екi апта ішінде оған дән сіңірілгенін растауы тиіс. Бұл оңайға соқпайды. Жұмыс тым күрделi әрі көп уақытты рәсуа етеді, шығыны да бар. Нәтижесінде дақыл себiлмеген немесе дән дұрыс орылмаған алқаптарға демеуқаржы үлестіру жайттары орын алған», – деп күйінді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.
Қаржы қомақты болғанымен, демеудің түріне тағылған мін шаш етектен. Оларды сүзгіден өткізген мамандардың тоқтамына сай қаржылай қолдау диқандардың жаңашылдыққа ынтасын оятпайды. Сәйкесінше тың құрал-жабдықтар мен технологияларды ендіруге құлшыныс байқалмайды. «Оңтүстік Қазақстан облысында мақтаны өсіруге ден қойған шаруалардың 95 пайызына жуығында тиесілі жер учаскесі 10 гектарға да жетпейді. Қолданыстағы жүйеге сәйкес демеуқаржы өңделген алқаптарға берілетіндіктен, олардың иеленетін қолдауы мардымсыз. Техника алуға да кепілдіктері әрі алдын ала жарналары жоқ. Сондықтан мақтаны жинауда адам күшіне иек артылады. Ал бір гектар үшін қол еңбегіне 100 мың теңге жұмсауға тура келеді. Егер құрылғылар қолданылса, онда шығын 5-6 есе азаяды», – дейді министр.
Жаңашылдыққа ден қойғандар демеуден қағылмайды
Енді құзырлы ведомство қолдаудың тиімділігін қаперге алмақ. 2016 жылдан бастап гектарлық демеуқаржыландырудан бас тарту көзделіп отыр. Есесіне оны соны құрал – жабдықтарды сатып алуға, кадрлық әлеуетті дамытуға бағыттау межеленген. Банктің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге, ғылымға жұмсалатын шығындардың орнын толтыруға баса мән берілмек.
Демеуқаржыны нақты өнімділікті арт тыруға ж ұмыл дырған ләзім. Ауыл шаруашылығына жаңа техноло гиялар, жаңа әдіс-тәсілдер қ ажет. Ғылымға да сүйенген абзал. Сондықтан тың реформалар арқылы гектарлық демеуқ аржыландыруды барынша тиімді субсидияларға ауыстыру көзделген. Ал оны үлестіру жөніндегі комиссиялар құрамын 50 пайызға АӨК қ ауымдастықтары мен кәсіпкерліктің өкілдерімен жасақтауды ұсындық. Нәтижесінде жаңа тәртіптегі демеуқаржыны бөлуде қоғамдық бақылау нығаяды. Кәсіпкерлік қауымдастықтар квотаны иеленіп, аталған комиссиялардың жұмысына атсалысуы үшін ережелерді өзгертуге мықтап кірістік, – деп мәселенің мән- ж а й ы н «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жіпке тізді.
Жаңа тәртіпке сәйкес кәсібін жаңартуға бет бұрғандар қолдау шапағатынан қалыс қалмайды. Бәсекеге қабілетті тауар өндірушілердіңтың біліммен қарулану ниеті бағаланады. Ал озық технологияларды кәдеге жарату жолдарына қанық болу үшін құзырет орталықтарына қолқа салу қажет. Олар «Қазагроинновация» АҚ қ арасты білімді тарату орталықтары (саны бар-жоғы 10) негізінде құрылады. Мемлекетке алақан жаймай, кәсіпкерлерді тарту көзделген. Қос тараптың әріптестігін дамытуға әрі білім көкжиегін кеңейтуге «Атамекен» палатасы білек сыбана ат салыспақ.
Кернс тобына кіру көзделген
Демеуқаржыландырудың жаңа тетігін әзірлеуде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорт таушы елдер қауымдастығының (Кернс тобының) тәжірибесізерделенген. Олар жалпы сипаттағы, инфра құрылымды қолд айтын, несиенің жылдық мөлшерлемесін төмендететін, инвестициялық бағыттағы демеуқаржыландыруға және ғылым мен кеңестерді ынталандыруға басымдық берген. Бүгінде қауымдастықтың құрамында 19 мемлекет бар. Енді еліміз де қатарды толықтыруды көздеп отыр.
«Еуропада қ айта өндіру саласы бойынша түйіткілдердің бары белгілі. Тіпті кей елдер егін екпеуі немесе мал басын өсірмеуі үшін шаруаларға қаражат үлестіреді. Ал Кернс тобындағы мемлекеттердің көздеген мақсаты кереғар. Олар әуелі өндіріс көлемін, еңбек өнімділігін еселеуге баса мән береді. Бүгінде оның қатарына қосылу пысықталуда», – деп түсіндірді министр.
Өнімділікті озық технология еселейді
Инвестициялық демеуқаржының артықшылығын шаруалар да сезінген. Алматылық алманы жандандыру жолында «Astana Fruit» ЖШС тер төгуде. Еңбекші қазақ ауданындағы интенсивті бау-бақшаның аумағы 45 гектарды құрайды. Онда жер-жаһанда аты шыққан алманың 10 түрі бар. Алмұрт пен шие де өсіріледі. Өткен жылы отырғызылған көшеттер биыл жемісін берген. Тұңғыш мәрте гектарынан 7 тонна, екінші жылы шамамен 20 тоннаға өнім бұйырды. Шаруашылық 2016 жылғы түсім 45 тоннадан кем түспейтініне сенімді. «Өткен жылы Германиядан тамшылатып суару жүйесі сатып алынды. Егер бұған дейін картоптың өнімділігі гектарынан 22-25 тоннаны құраса, жаңа технология арқылы көрсеткіш 45 тоннаға жетті. Қол еңбегінде картоптың 20 пайызы жерде қалады. Ал комбайнның көмегімен 95 пайызын жинауға мүмкіндік бар», – дейді серіктестіктің директоры Асқар Сабиров.
Венера Мұстафина