БҚО-да кене қаптап, шаруалар әуреге түсіп жатыр
Батыс Қазақстан облысында кене қаптап, малмен күнелтіп отырған шаруалар әуре-сарсаңға түсіп жатыр. Аймақ қазынасынан бөлінген қаражат тек жеке тұрғындардың төрт түлігін емдеуге жұмсалады екен. Ал қожалық иелері дәрі-дәрмекті өз есебінен сатып алуы тиіс. Қазталов ауданында жайылымдарда қансорғыш жәндіктер көбейді. Өрістегі төрт-түлік кенелеп кеткен. Ветеринарлық станция мамандары жеке тұрғындардың малын егу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
![vypas-skota-krs-korovy-pastbische](https://agroinfo.kz/wp-content/uploads/2017/06/vypas-skota-484.jpg)
Қанат Мұсадиев, Көктерек ауылдық округінің тұрғыны:
– Ветстанция иә, келіп екті. Біздің өзімізден жүздеген бас егілді ірі қара. Төлі бар, несі бар. Кене бар. Қазір негізі кененің өршитін уақыты ғой осы.
Ал шаруа қожалықтары болса өз беттерімен амалдап жүр. Көбі қолы жеткен дәрімен ғана улап жатыр. Кейбір шаруалар тіпті дәрілеуді тоқтатқан. Олар өңделген малдар өрістен тағы кене жапсырып келетінін айтады. Шаруалар зиянкестердің мұншалықты қаптап кетуін киіктерден көріп отыр.
Талғат Шадияр, шаруа қожалығының басшысы:
– Кене жеткілікті. Малда да бар, енді киіктерді ұстап көрген жоқпыз, бірақ киіктің өліктері көп. Обработка пока жасай қойған жоқпыз. Обработка жасау керек. Жаңа ветстанцияның адамдары да айтып жатыр ғой, «ол өздеріңнің шаруаларың» деп. Қараймыз қолдан келгенше. Алдыңғы жылы жағдай солай болды. Көп болды. Онда өлді (мал), кәдімгі кенеден өлгендер болды. Жылқыға шейін өлді. Ал биыл енді жаңа бастап жатыр.
Айдын Сүндетов, шаруа қожалығының басшысы:
– Биыл кене қайтадан көбейіп кетті. Действительно көбейіп кетті. Жылқылардың шоқтығында кәдімгі екі жағы виноград сияқты толып тұрады. Жылқы ананы қасығанда ауыздары қан болады. Біреулер қымбат дәріні айтады, оны біз таба алмаймыз. Қолда бар дәрімен амалдап жатырмыз.
Ветеринария басқармасының мәліметінше, жыл сайын энзоотиялық аурулардың алдын алуға облыстық бюджеттен 26 млн теңге бөлінеді. Оған 130 мың бас ірі қара егіледі екен. Биыл да дәл осындай қаражат қаралған. Бірақ дәрі-дәрмектің қымбаттауына байланысты егілетін мал саны енді 10% шамасында қысқарып отыр.
Серік Нұрмағанбетов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
– 1 апрельге дейін 21 мың бас уже егілді де. Қазіргі таңда да егу жұмыстары жалғасып жатыр. Қожалықтар сатып аламын десе, облыс аумағында орналасқан ветаптекалардың барлығында бұл дәрі-дәрмектер жеткілікті мөлшерде бар. Тек ғана киіктер тасымалдамайды. Қарсақтар да, қояндар да немесе басқа да кеміргіштер де кенелерді тасымалдаушы болып есептеледі. Мына ылғалдың көп болуы да өзінің әсерін тигізіп отыр.
Қазталов ауданында жеке тұрғындардың 15 мыңнан астам малын егу көзделген. Десе де, киіктердің көбейгенін алға тартқан шаруалардың өтінішіне байланысты қосымша тағы бір мың бас ірі қараны дәрілеуге қаражат жұмсалатын болды.