БҚО бес елге ет экспорттап келеді
Батыс Қазақстан облысында республикалық жолдардың күрделі жөнделуі сыртқы экономикалық байланысты нығайтуға, соның ішінде ет экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысы елдің көліктік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыруды тапсырған болатын.
Осы бағытта өңірде өткен жылы 368 шақырым жол жөнделсе, биыл 436,5 шақырым жол жөндеуге 36,2 млрд теңге қарастырылды.
Әкімнің сөзіне қарағанда, Ресейдің ең ірі қалаларының бірі – Самара қаласымен байланыстыратын Самара-Шымкент жолына, Саратов облысына шығатын Чапаев-Жалпақтал-Казталов-РФ шекарасы жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Батыс Қазақстан облысын Ресейдің Волгоград, Астрахань облыстарымен байланыстыратын республикалық маңызы бар Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы, Өнеге-Бисен-Сайқын автожолдарын салу жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ, Ресейдің Орынбор облысы бағытындағы Подстепный-Федоров-РФ шекарасы жолын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды.
«Жайық өзенің жайлаған Батыс Қазақстан мен Атырау облысының тұрғындары Атырау-Орал тас жолының жағдайы туралы жиі мәселе көтеріп жүр. Бүгінде аталған тас жолды реконструкциядан өткізу, яғни жол жиегін ұзарту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаражат бөлінді. Нәтижесінде осы жұмыстар облыстың транзиттік әлеуетін дамытып, өңір экономикасының кіріс көздерін арттыратын болады», – деді Ғ. Есқалиев.
БҚО көршілес өңірлермен қатар Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Ресей мен Армения сияқты елдерге 2 мың тоннадай етті экспорттап келеді.
Қысқы кезеңде Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Ақтөбе – Орал – Сайқын – Жоғары Басқұншақ автомобиль жолдары арқылы баламалы түрде Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығуға болады.
Жыл сайын тірі мал төлін өткізу үшін Солтүстік Иран, Әзербайжан және Түркия нарықтары қарастырылуда. Осы елдерде жайылымда өскен малдың етін тұтынатын 100 млн астам түркі халықтары тұрады.
«Қазақстан ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің төл мерекесіне орай сала қызметкерлерін құттықтаймын.
Өңірде он мыңдаған жерлестеріміз жайылымдарда, егістіктерде, облыстың қайта өңдеу кәсіпорындарында тынымсыз еңбек етіп жүр.
Сіздер маңдай тердің арқасында түгел облысты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырасыздар. Бұл оңайлықпен келетін еңбек емес.
Биылғы жылы сіздің жұмысыңыз пандемия кезінде ерекше байқалды. Өйткені бүкіл әлем азық-түлік тапшылығына тап болып, бірқатар елдер қиыншылық көрді. Ал сіздер елді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін үлкен жанқиярлық еңбек жасадыңыздар, ол үшін мен сіздерге зор алғысымды білдіремін.
Биыл агроөнеркәсіптік кешен бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігінің артуын көрсетіп отыр. Бұл ауылда даму үрдісі жүріп жатыр деген сөз.
Біздің облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуеті өте зор. Мұны ет өндіру және қайта өңдеу, заманауи жылыжайлар мен қоймалар, сүт өндіру және қайта өңдеу сияқты бағыттардағы инвестициялар көлемінің ұлғаюынан байқауға болады. Өңір тұрғындарын сапалы өнімдерімен қамтамасыз ету ауыл еңбеккерлерінің ең жоғары миссиясы деуге болады.
Құрметті сала мамандары, ардақты еңбеккерлер! Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Еңбектеріңіз арта берсін!», – деп жазды Ғали Есқалиев өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделгенін жазған болатынбыз.