Биылдан бастап кімдер салық төлемейді – министрлік еске салды
1,2 миллион микро және шағын бизнес субъектісі үш жыл ішінде 380 миллиард теңгеден аса ақша үнемдейді
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін микро және шағын бизнес субъектілері табыс салығынан босатылды, деп хабарлайды ұлтытқ экономика министрлігінің баспасөз қызметі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
“Заңнамаға сәйкес микро бизнес – 15 адамға дейін жұмысшысы бар және жылдық табысы 30 мың АЕК (79 миллион теңге) дейінгі жеке кәсіпкерлер, ал шағын бизнес – 100 адамға дейін жұмысшысы бар және жылдық табысы 300 мың АЕК-ке (795 миллион теңге) дейінгі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар”, – деп түсіндірді министрлік.
Табысқа салынатын салыққа не жатады
– заңды тұлғалар үшін – корпоративтік табыс салығы;
– жеке кәсіпкерлер үшін – жеке табыс салығы;
– шаруа немесе фермер қожалықтары үшін – бірыңғай жер салығы;
– оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін – әлеуметтік салық.
“Қалған салықтар мен төлемдер міндеттеме туындаған кезде төленеді”, – делінген хабарламада.
Министрлік арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері салықтан босатылатынын еске салды. Олардың саны – 1,2 миллион. Нәтижесінде бизнес үш жыл ішінде 380 миллиард теңгеден аса ақша үнемдеп, қаражатты өз қызметін дамытуға жұмсай алады.
Кімдер салықтан босатылмайды
– есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметті жүзеге асыратындар;
– акцизделетін өнім өндіру және (немесе) көтерме саудада сату;
– астық қабылдау пунктерінде астықты сақтау бойынша қызмет;
– лотерея өткізу;
– ойын бизнесі саласындағы қызмет;
– радиоактивті материалдар айналымына байланысты қызмет;
– банк қызметі (не банк операцияларының жекелеген түрлері) және сақтандыру нарығындағы қызмет (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);
– аудиторлық қызмет;
– бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызмет;
– кредиттік бюролар қызметі;
– күзет қызметі;
– азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымымен байланысты қызмет;
– жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет, оның ішінде алтын іздеушілер қызметі;
– пайдалы қазбаларды сату, оның ішінде трейдерлер қызметі, көмір, мұнай сату бойынша қызмет;
– бензин, дизель отыны мен мазуттың, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бөлшек саудада сату;
– сыртқы экономикалық қызмет.
Өткен жылдың соңында мемлекет басшысы микро және шағын бизнесті табыс салығынан үш жылға босатуды көздейтін заңға қол қойған еді.