Басымдық инновациялық білімге беріледі
Ауыл шаруашылығы саласындағы жаңашылдықтарды меңгерту үшін отандық тауар өндірушілер үшін арнайы семинарлар ұйымдастырылады. Биыл дәрістердің мазмұны мен бағыты өзгеріске ұшыраған.
Елімізде ауылшаруашылық тауар өндірушілерді жаңа біліммен қаруландыруға баса назар аударылады. Бұл бағытта 2006 жылдан бері мемлекеттік бағдарлама өмірге жолдама алған. Биыл ауылшаруашылық құрылымдарды оқыту жүгі Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелді.
– Елімізде агроөнеркәсіптік кешенде өнім өндірумен 2017 шаруашылық айналысады. Бірақ көбіне кәсіпті дөңгелетуге мамандардың кәсіби деңгейінің төмендігі немесе мүлде жоқтығы кедергі келтіреді. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының нәтижелі және озық зерттемелері жеткілікті екендігін ескеру қажет. Оларды қолданысқа енгізу арқылы өнім өндіруді дамытуға жол ашылады. Тек бүгінде аталмыш зерттеулер тәжірибелік түрде шаруашылықтарда кәдеге асырылмайды. Себебі ғылыми-зерттеу институттары мен шаруашылықтардың арасындағы байланыс сылбыр, – деп мәселенің мән-жайын «Атамекен» ҰКП АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Дінмұхамет Абсаттаров жіпке тізді.
Биыл Агробіліктілік орталығы құрылғаны мәлім. Оның қатарында 50-ге жуық отандық және шетелдік сарапшылар тер төгеді. Дәріс тақырыптары отандық тауар өндірушілердің талап-тілектері мен ұсыныстарына сәйкес таңдалған. Барлық оқыту шаралары кеңселерде емес, нақты шаруа қожалықтарында ұйымдастырылады. Табыстың кілтін меңгерген диқандар мен фермелер өздерінің сырларын ашып, тәжірибелерімен бөліседі. Жыл басынан бері межеленген 660 семинардың 400- ге жуығы жергілікті деңгейлерде ұйымдастырылған. Дәрістерді 6 мың тыңдап, білім көкжиегін кеңейтті. Бірінші кезекте инновацияларды және жаңа технологияларды меңгерту оң жолға қойылған.
– 2016 жылы «Extension» бағдарламасы енгізіліп, негізге алынды. Бұл тек білім беру ғана емес, кері байланысты орнатудың жолы. Оған сәйкес теория мен тәжірибе ұштастырылады. Жергілікті мамандар теориялық білім алып, күннің екінші жартысында біліп-түйгендерін шаруашылықтарда тексеруге мүмкіндік алады. 1-2 күн ішінде фермерлерді мазалайтын басты сұрақтарға жауап беріледі. Экономикалық тиімділік, нақты бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіруге баса назар аударылған. Ал ауыл шаруашылығындағы кооперациясы бойынша АҚШ, Австралия, Франция, Германия іспетті елдерден 25 шетелдік сарапшы тартылған. Олар біздің тауар өндірушілерге кеңес береді, – деп жұмыс барысын Агробіліктілік орталығының директоры Төлеутай Рақымбеков өз ой елегінен өткізді.
3 айдан бері Call-орталық қызмет көрсетеді. Оған бүгінде тәулігіне 10-12 адам жүгінетін көрінеді. Шаруалардың дені мемлекеттік қолдау және технологиялық мәселелер бойынша қоңырау шалады
Венера Мұстафина
Также читайте:
На обучение фермеров Казахстана выделили миллиард тенге
Развитие АПК требует постоянного обучения фермеров
Центр агрокомпетенций учит казахстанских фермеров передовым технологиям