Ауыл шаруашылығын субсидиялау бағыттарында қандай өзгерістер болады
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік саладағы субсидия бағытындағы өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2017 жылдан бастап біз өсімдік шаруашылығындағы тауарлық-спецификалық субсидияларды азайта бастадық. Мәселен, алдымен дәнді дақылдарды, сосын майлы және көкөніс-бақша дақылдарын субсидиялаудан бас тарттық. Қазіргі уақытта ірі қара мал етіне, жұмыртқа, қымыз бен шұбатқа, күрішке, мақтаға арналған субсидияларды алып тастауды жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл тауарлар бойынша еліміздің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі тұрақты. Бұл ретте босатылған қаражат салада қалады. Яғни, олар азаймайды және ешқайда кетпейді, асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу, сондай-ақ импортқа тәуелді позициялар – сүт, құс еті, қант қызылшасы сияқты басым бағыттар бойынша ғана субсидиялауға қайта бөлінеді», – деді С. Омаров Сенатта депутаттармен кездесу барысында.
Оның сөзіне қарағанда, инвестициялық субсидиялар машина-трактор паркін жаңартуға ынталандыратын болады, импорт алмастыру мен экспорттық әлеуетті іске асыру мәселелерін қоса алғанда, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңаларын құруға ықпал ететін болады.
«Яғни, қазір 39 инвестициялық паспорт бар, олар бойынша салынған инвестициялардың бір бөлігі ішінара өтеледі. Субсидияланатын бағыттар қайта қаралып, тиімсіз паспорттар оңтайландырылды. Мысалы, жайылымдарды суландыруға арналған құдықтар бойынша субсидиялар нормативі 80%-дан 25%-ға дейін төмендетіледі. Элеваторлар бойынша паспорт алып тасталады, өйткені сақтау қуаттылықтары жеткілікті. Бұдан басқа, жұмыртқалы құс фабрикасы бойынша паспорт алып тасталды. Мұндай тәсілдеме кезінде бизнес осы бағыттарға сөзсіз инвестиция сала алады, бірақ мемлекеттік қолдау болмайды», – деді министр.
Оның айтуынша, жаңа ет комбинаттары мен сүт зауыттарын салуды болдырмау мәселесі талқылануда. Өйткені өңдеуші қуаттылықтар жеткілікті, бұл ретте олар тек 40 пайызға жүктелген. Реконструкциялау немесе ішінара жаңғырту бағытын ғана қалдыруға болады. Мысалы, картоп бойынша қазір жақсы түсім жиналды. Енді сақтау инфрақұрылымы мәселесін шешу керек, сол кезде нарық маусымдық баға ауытқуынсыз, тұрақты болады.
«Осылайша, инвестициялық паспорттарды оңтайландыру есебінен шамамен 20 млрд теңге ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жаңарту, тауарлық сүт фермалары, етті бағыттағы құс фабрикалары, бақтар, жылыжайлар, жемістер мен көкөністерді және басқа да сақтау инфрақұрылымы сияқты басым бағыттарға қайта бөлінетін болады. Бұл ретте, біз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға, яғни өз өндірісін кеңейте алатын базистік кәсіпорындарға сүйенеміз. Оларда тәжірибе, азық базасы бойынша әлеует, жолға қойылған өткізу арналары бар. Сондай-ақ, өңірлердің мамандануына сәйкес кәсіпорындар пайдалануға берілетін болады. Осы орайдае «өндіріс – өңдеу – өткізу» тізбегін құру керек. Ол үшін ірімшік өнімдері, құс еті, шұжық өнімдері және өзге де өнімдер нарығындағы өнімдердің бұрмалануы мәселесін шешу қажет. Яғни, біз отандық өнімді өндіру үшін ғана емес, сонымен қатар өткізу үшін де жағдай туғызуымыз керек», – деді Сапархан Омаров.
Сөз соңында ол тәсілдемелер аясында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына түзету енгізу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.