Ауыл шаруашылығы санағы: Дерек беруден бас тартқандарға қандай жаза бар
Ауыл шаруашылығы санағы кезінде мәлімет беруден бас тартқан немесе қате мәлімет берген адамдар әкімшілік жауапқа тартылады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жолдаған жауапта айтылған.

— «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңының 21-бабы 5-тармағына сәйкес ұлттық санақтарды жүргізу кезінде бастапқы статистикалық деректерді респонденттер міндетті түрде ұсынады. Заңның 1-бабының 3-4-тармақшасына сәйкес бастапқы статистикалық деректер – статистикалық нысандарда алынған немесе тіркелген деректер. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 719-бабына сәйкес мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 497-бабында (бастапқы статистикалық деректерді беру тәртібін бұзу) көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды, – делінген хабарламада.
Аталған 497-бабқа сәйкес, бастапқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібін бұзғандарға мынандай жаза қарастырылған:
- Мемлекеттік статистиканың тиісті органдарына анық емес бастапқы статистикалық деректерді ұсынғандарға ескерту жасалады.
- Мемлекеттік статистиканың тиісті органдарына бастапқы статистикалық деректерді белгіленген мерзімде ұсынбау: жеке тұлғаларға – 10, лауазымды адамдарға, коммерциялық емес ұйымдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 14, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
- Осы баптың бірiншi және екінші бөлiктерінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер: жеке тұлғаларға – 14, лауазымды адамдарға, коммерциялық емес ұйымдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, бюро мұндай жағдайды болдырмас үшін санақ алдында жергілікті әкімдіктермен бірлесе түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.
— Бастапқы статистикалық деректерді ұсыну мерзімдері статистикалық нысандардың титулдық беттерінде көрсетіледі. Ауыл шаруашылығы санағы барысында үй шаруашылықтарынан алынатын деректердің маңыздылығын ескере отырып, әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілерін болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен ақпараттық және құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, былтыр 54 елді мекенде пилоттық ауыл шаруашылығы санағы өткізілді. Сонда үй шаруашылықтарының шамамен 2%-ы сауалнамаға қатысудан бас тартқан болатын.