Ауыл шаруашылығы министрлігінің жерді беру мен пайдалануды бақылауы қалпына келтірілді
2022 жылы 25 ақпанда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасында Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша брифинг өтті. ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов жер қатынастары саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, сондай-ақ жер ресурстарын басқарудың тұрақты жүйесін дамытудың алдағы жоспарлары туралы хабарлады. Бұл туралы «АгроИнфо» АА ҚР АШМ баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Спикердің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын жергілікті атқарушы органдардан Комитетке қайтару жүзеге асырылды.
“Жерді беру жөніндегі функциялар әкімдіктерде қалды, ал әкімдіктердің жерді беруі мен пайдалануын және меншік иелерінің/жер пайдаланушылардың жерді пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы бейінді комитетке берілді. Осылайша, біздің ойымызша, жер қатынастары саласында жинақталған проблемаларды шешу және тәртіпке келтіру үшін маңызды қадам жасалды», – деп мәлімдеді Мұрат Теміржанов.
Игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлерін анықтаудың ғарыштық мониторингі енгізілді, нәтижесінде бүгінгі күні ерікті түрде 3,6 млн га пайдаланылмайтын жер қайтарылды.
Іс жүзінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін алу тетігі ұзақ болып табылады, М.Теміржанов атап өткендей, «жерлер ондаған жылдар бойы пайдаланылмайды және айналымнан шығарылады, тозады, арам шөптермен толып кетеді, кейіннен оларды қалпына келтіру қиынға соғады».
Осыған байланысты Мемлекет басшысы пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімін қатарынан 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартуды көздейтін заңға қол қойып, рәсім жкңілдетілді.
«Жосықсыз жер пайдаланушылар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық мәжбүрлеу жағдайларын жасау үшін 2020 жылғы желтоқсанда Салық кодексіне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық ставкасын 10-нан 20 есеге дейін екі есе ұлғайтуды көздейтін түзетулер қабылданды», – деді Мұрат Теміржанов.
Комитет басшысы әкімдіктердің лауазымды тұлғаларының жер учаскелерін беру бойынша сауда-саттықты өткізбеу немесе уақтылы өткізбеу үшін әкімшілік жауапкершілігін енгізу қажеттігі туралы айтты, бұл жергілікті атқарушы органдар тарапынан Жер кодексі талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге, олардың жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Мұрат Теміржанов ҚР АШМ-ның алдағы жоспарларымен бөлісіп, Жер ресурстарын басқару комитеті жанындағы консультативтік – кеңесші органның сараптамалық кеңесінің жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті. Ол жер қатынастары саласындағы әлеуметтік-сезімтал мәселелерді талқылау үшін ашық диалог алаңына айналуға тиіс.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі жер туралы ақпараттық ресурстың ең ірі тұтынушысы бола отырып, іс жүзінде бақылау құралдарынан ажыратылған және «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ жүзеге асыратын топырақ және геоботаникалық зерттеулер жүргізу жөніндегі іс – шараларды ұйымдастырумен ғана қамтамасыз етеді», – деп хабарлады Теміржанов.
Осыған байланысты топырақ, геоботаникалық ізденістер, жер мониторингі және топырақты бағалау, сондай-ақ техникалық жарақтандыру, үй-жайлар, зертханалар жүргізу жөніндегі функцияларды қайтару жоспарлануда.
Төраға «республика – облыс – аудан» қағидаты бойынша мемлекеттік бақылаудың бірыңғай жүйесін құру қажеттілігі туралы, сондай-ақ болашақта жер қатынастары саласындағы барлық даулы мәселелерді жоспарлы түрде шешуге мүмкіндік беретін Жер ресурстарын басқару жөніндегі стратегиялық жоспарды әзірлеу қажеттілігі туралы айтты.
Брифинг соңында комитет басшысы журналистердің пайдаланылмаған жерлерді қайтару тетіктеріне, елді мекендердің айналасындағы ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің жетіспеушілігіне, ұлттық парктердің жерлеріне, сондай-ақ, жер пайлары иелерінің проблемаларына қатысты сұрақтарына жауап берді.