«Ауыл – Ел бесігі»: Биыл Қарағанды облысындағы 11 ауылда 19 жоба жүзеге асырылады
Бүгін әріптестерімізбен «Ауыл – Ел бесігі» жобасының 2021 жылға арналған жоспарларын талқыладық, деп хабарлады Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл аталған бағдарлама бойынша облысымыздың 11 ауылында 19 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Олардың арасында Нұра ауданының Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы, тұрғындардың сұрауымен қолға алынған Егіндібұлақ ауылындағы ДСК құрылысы, сондай-ақ Шет ауданының Ақадыр кентіндегі жаңа кәріз желілері мен сумен жабдықтаудың резервтік желілерінің құрылысы бар. Сондай-ақ Бұқар Жырау ауданының Доскей ауылында кәріз желілерін қайта жаңарту, Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылындағы мектепке спорт залын салу, Абай ауданының Жартас ауылындағы «Жұлдыз» мектеп-балабақша кешенінің, Осакаров ауданының Молодежный кентіндегі №23 және №26 орта мектептердің ғимараттарын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылуда», – деп жазды әкім.
Сондай-ақ оның хабарлауынша, жалпы, екі жыл ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетіп, ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызды.
Бағдарлама аясында 2020 жылы 47 жоба іске асырылды. Оның ішінде жөндеу жұмыстары тоғыз жалпы білім беретін мектепте, бір спорт мектебінде, екі аудандық аурухана мен дәрігерлік амбулаторияда іске асырылды. 25 км су құбыры желілері қайта жаңартылды. Облыстың 8 ауылында 70 шақырым кентішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, 2020 жылы екі ірі нысанның құрылысы басталды. Олардың қатарында Бұқар Жырау ауданының Ботақара кентіндегі 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Ақтоғай ауданы Ақтоғай ауылындағы мәдениет және демалыс саябағы бар. Аталған нысандардың құрылысы биыл аяқталады.
«Осы жобаның арқасында ауылдардың инфрақұрылымы жақсарып, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігі артып, осы арқылы тұрақты жұмыс орындарының құрылатынын көріп отырмыз. «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын 2027 жылға дейін іске асыру көзделіп отыр. Осы арқылы облыстың барлық тірек және серіктес ауылдарында қажетті жұмыстарды жүргізу жоспарлануда», – дейді Жеңіс Қасымбек.