«Атамекенде» утильалым мәселесі талқыланды
Үкімет ауыл шаруашылығы техникасына және машинажасауға утильалым мәселесін талқылағанда аграршылардың позициясын ескермейді. Шаруалармен талқылауға мүдделі емес, диалог құрмайды. Мұндай пікірді агроөнеркәсіп кешенінің өкілдері айтты.
Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының жеті комитетінің мүшелері утильалым мәселелерін талқылады.
– Үкімет авто мен ауыл шаруашылығы техникасына утильалым мөлшерін 50 пайызға төмендету деген ұсыныс жасады. Экология министрлігінің осы мәселені талқылайтын бұйрығының жобасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қарауға келіп түсті. Сол себепті «Атамекен» бизнестің позициясын бекіту үшін салалық комитеттерді жинап отыр, – деп бастады жиынды Ұлттық палата басқарма төрағасының м.а. Нариман Әбілшайықов.
Әр комитет утильалымға қатысты позициясын ортаға салды. Бірінші болып ауыл шаруашылығы техникасына утильалым мөлшері талқыланды. Агроөнеркәсіп кешені комитетінің атынан Қайрат Бисетаев сөйледі.
– Мен екі аспектіге тоқталғым келеді. Бірінші аспект – ресми. Утильалымды енгізу кезінде реттеушілік әсерді талдау әзірленді. Оны Индустрия немесе экология министрлігі ұсынды. Біздің комитет одан бірден бас тартты. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі де қарсы болды. Кейін салалық одақтар өзіміздің балама ұсынысымызды жасадық. Оны тиісті органдарға жібердік. Бірақ оны ешкім қарастырған жоқ, талқыламады, – деді Қайрат Бисетаев.
Оның айтуынша, осылайша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Экология министрлігі реттеуші әсерді талдауға қатысты «Кәсіпкерлік кодекстің» 85-бабы 2-тармағы 7) тармақшасын бұзып отыр.
Қайрат Бисетаев әзірлеушілер утильалымды енгізген кезде екі тапсырманы кесіп айтқанын атап өтті.
– Оның бірі ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту керек, екіншісі машинажасауды дамыту болатын. Қазір біз бірінші мақсаттың мүлдем жұмыс істемей тұрғанын көріп отырмыз. Бір шаруашылықты мысалға келтірейін. Ол 4 техника алып, оны мемлекеттік тіркеуге қоярдың алдында РОП-қа 46 млн теңге төледі. Мұны қалай атасаңыз да, салық деуге болады. Дәл осы салық шаруалардың техника алуын кері тартады. Бұл әзірлеушілердің бірінші мақсатына толық қайшы келіп тұр, – деп қосты маман.
Екінші мақсат: ауыл шаруашылығында машина жасауды дамыту. Аграршылар мұны қос қолдап мақұлдайды. Олардың импортқа қарағанда отандық техниканы алуға ынталандыратын ұсынысы бар. Аграршылар мен машинажасаушыларды ортақ көзқарасқа әкеліп, импорттың алдын алу шаралары да дайын.
– О бастан бұл машина жасау саласы біз үшін (техника алушылар үшін) дамыту керек деген мақсат болды. Бірақ қазір ұсынысымызды тиісті органдар талқыламайды. Олар бізбен диалог құрғысы келмейді. Тіпті үкімет өзі әзірлеген құқықтық актілер орындалмай отыр. Сондықтан Экология және геология министрлігі утильалымға қатысты бұйрығын қайтарып, оны қайта талқылауға шығару керек. Тек қайта талқылауға шығарда балама нұсқа ұсыну керек, – деп түйіндеді сөзін Қайрат Бисетаев.
Ал Астық одағының өкілі Тілек Бекбасаров утильалымның салдарынан еліміздің АӨК жылына 135 миллиард теңгеден «құр қалғанын» айтты. Сондай-ақ, ол елдегі ауыл шаруашылығы техникасына қатысты статистика бұрмаланатынын жеткізді.
– Жалпы ауыл шаруашылығы техникасына утильалым әлем бойынша кездесе бермейді. Тек көршілес Өзбекстан мен ресейде бар. Алайда Өзбекстанда мөлшері төмен. Оның өзі қолданғанына үш жылдан асқан техникаға салынады. Оның үстіне барлық техника 2025 жылға дейін ҚҚС мен кеден салығынан босатылған. Утильалым жоқ көршілес елдермен салыстырғанда отандық АӨК екі жылда 270 миллиард теңге табыстан қағылып отыр… Бұдан басқа утильалымға қатысты АӨК саласындағы техниканың саны, түрі және басқа деректер шындыққа жанаспайды, – деді Тілек Бекбасаров.
АӨК комитетінің төрағасы Иван Сауэр әріптестерінің пікірімен келісіп, құжаттың шикі жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, «утильалым мөлшері тым жоғары» екенін қосты.
– Жалпы утильалым тек елімізде құрастырылған техникаға бекітілу керек. Басқа елде жиналған техникаға қаншалық қажеті бар. Кімді қорғап жатырмыз? Сондай-ақ, бәріміз 50 пайызға қысқартады, болды деп ойлаған жоқпыз. Былай болмайды, мұны бәріміз отырып басынан талқылау керек, – деп түйіндеді Иван Сауэр.
Ұлттық палата АӨК комитетінің ұсынысын жинақтап, үкіметке жеткізеді.
Айта кетейік, биыл қаңтарда Президент үкіметке әдеге жарату төлемін пайдаланудың қоғамдық пайдалы тәсілімен кәдеге жарату төлемінің мөлшерлемелері және отандық автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер беру мәселелері бойынша бизнеспен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Дереккөзі: BAQ.KZ