Астықты өңірлер орақ науқанына қамдануда
Өткен жыл жерден ризығын табатын диқандардың қытығына тисе, биылғы науқанда жаңбыр әлекке салмайды. Сәуегей мамандар ауа райының қолайлы болатынын болжап отыр. Тек қапы қалмай, күзгі жиын-терімге дер кезінде кіріскен ләзім.
Болжам оң
Жаз бойы сайран салған шегірткенің күні келмес үшін құрал-жабдықтарды сайлап, дайындықты қамшылаған жөн. Мұны Ақмола облысының шаруалары да мықтап қаперге алған. Өңірде жалпы егіс алқабының көлемі 4,7 млн. га құрайды. Оның дені дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға бұйырған. 240 мың га жуық алқапта майлы дақылдар жайқалған. Ал мал азығы 537,3 мың га сіңірілген.
Бүгінде астықты өлкеде дәнді дақылдың шығымдылығы оң бағалануда. Оның берекелігіне де үміт артылған. Алқаптардан гектарынан 15-тен 16 центнерге дейін өнім бұйырады деп күтілуде. Ғалымдар қамбамыз астыққа толатынына сендіруде.
– Өңірде барлық дақылдардың шығымдылығы, жақсы піскені байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы табиғи жағдай жақсы өнімге үміттенуге мүмкіндік береді. Егер тамыз және қыркүйекайларындағы жауын-шашын тиісті мөлшерге сәйкес келсе, Шортанды ауданындағы «Сағым-Бидай» серіктестігінің алқаптарынан гектарына 13- тен 15 центнерге дейін дән жиналмақ», – дейді А.И.Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Жексенбай Қаскарбаев.
Мемлекет тарапынан орақ жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 77 мың тонна дизельді отын қарастырылған. Бірнеше күннен кейін алқаптарға комбайнның тісі тимек. Ал әзірге науқанға дайындықтың қамы пысықталуда. Танап басына 8466 комбайн жұмылдырылмақ. Оның 1 мыңнан астамы шетелдік саналады. Қолданыстағы дестелегіштердің саны 2600 жуық, жүк көліктері 4 мыңнан, трактор тіркемелері 7 мыңнан асып жығылады. Олардың алдағы науқанға әзірлігі 100 пайызға жуықтайды. Биылғы дәнді қабылдайтын кәсіпорындар да сақадай-сай көрінеді.
Таңдаулы түрде жинау қажет
Қ олданыстағы техниканы және орылатын алқаптарды есептесек, бір комбайнның еншісіне 490 га аумақ тиеді. Оның арқасында бір тәулік ішінде бастырылатын дәнді 200 мың гектарға жеткізілуі кәдік. Бұл өз кезегінде науқанның мәре сызығын дер кезінде кесуге жол ашылады.
Алайда кей аудандардағы шаруашылықтар көктемгі дала жұмыстарын тәмамдау мерзімін сақтай алмады. Бұл алқаптардағы дәннің кеш пісіп-жетілуіне әкеліп соғады. Сондықтан дақылды таңдаулы түрде жинауға баса назар аударылмақ.
Есіл ауданында дәнді дақыл 440 мың га алқапқа сіңірілген. Оның 40 пайызының шығымдылығына жоғары баға беріліп отыр. Бірақ, бірқатар шаруашылықтардың егістіктеріндегі ахуал көңілге қаяу түсіреді. Бар гәп топырақты өңдеуге жүрдім-бардым қараудың нәтижесіне тірелетін көрінеді. «Бұл агротехникалық талаптардың сақталмауына байланысты орын алған. Егіс науқаны да кеш аяқталып, арамшөптерге қарсы химиялық шаралар қолданылмаған», – деп мәселенің мән-жайын аудан тізгінін ұстаған Аманбек Қалжанов жіпке тізді.
Техника паркі жаңартылды
Солтүстік Қазақстан облысында биылғы егістік алқабы 4 миллион 366,4 мың гектарға ұлғайтылды (2014 жылмен салыстырғанда 19,6 мың га артық). Оның 3 миллионнан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі. Әр тараптандыруға сәйкес жем-шөптің көлемі 47,5 пайызға еселенген. Көрсеткіш 653,6 мың гектарға тең. Ал майлы дақылдар сіңірілген алқап 21% құлдилап, 469,7 мың га құрады. Дәннің пісіп-жетілу қарқыны оң. Қамбаға құйылатын өнім де мол болатынына үміт бар. Теріскейлік диқандар гектар берекелігі 15 центнерден айналатынына дәмелі. Тек науқанға жұмыла кірісу қажет. Мемлекет тарапынан арзандатылған бағамен 73 мың тонна жанар-жағармай үлестіріліп, агроқұрылымдар қажетті дизель отынымен қамтамасыз етілген.
Егіс алқаптарына 9 мыңға жуық астық жинайтын комбайн жұмылдырылмақ. Оның әрбір үшіншісінің өнімділігі жоғары көрінеді. Қолдағы паркті жаңарту бойынша да сең қозғалған. Жыл басынан бері облыс диқандары 577 техника сатып алды.
Қ ызылж ар ауд анынд а ғы «Якорь СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі науқанға әзірлік жұмыстарын тәмамдауға жақын.
– Біздің агроқұрылым барлық құрал-жабдықтарды сайлады. Жанар -жағармайдан да тапшылық көрмейміз. Енді тамыздың 20-на қарай науқанға кірісуді жоспарлап отырмыз, – дейді шаруашылық жетекшісі Владимир Очертенко.
Ал «Митронин» серіктестігі биыл 2200 гектар алқапқа дән сіңірген. Егіс жұмыстары барысында барлық агротехникалық шаралар мықтап қаперге алынған. Оның нәтижесінде сары алтынның өнімділігі де жоғары болатыны күтілуде.
Венера Мұстафина