Арманға адалдық: Ұлттық компаниядағы қызметін тастап, ауылға кетіп, ірімшік жасауда

34 жастағы Александр Шевченко шетелде тәжірибесін шыңдап, елордадағы ұлттық компанияда жетекші инженер болып жұмыс істеген. Отбасын құрып, баспаналы да болды. Оны қызметтік өсіне де мүмкіндіктер аз емес секілді еді. Бірақ ол жарқын болашағын ірімшік жасаумен байланыстыруды қалапты. Осылайша Нұр-Сұлтан қаласынан 110 шақырымдық жердегі Торғай ауылына көшіп, ірімшік жасай бастаған… «ҚазАқпарат» тілшісі қаладағы үйін арманына айырбастаған кәсіпкер – Александрдан сұхбат алды.

Фото: inform.kz

Александрдың негізгі мамандығы – байланыс жүйесі инженері. 2008 жылы М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын тәмамдаған ол ұлттық спутниктің теледидар операторы болып жұмысқа орналасады.

«Мен Ақмола облысы, Торғай ауылында дүниеге келдім. М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының түлегімін. Ұлттық компанияға іріктеу арқылы жұмысқа орналасып, Ұлыбританияға тәжірибемді шыңдау үшін барып келдім. Шынымды айтсам, қаланың қауырт тірлігі, ай сайын ипотека төлеу мені шаршата бастады. Болашақта кеңседен шықпайтын қызметкер болып қалғым келмеді», – дейді ол.

Ол жұбайымен ақылдасып, Торғай ауылына көшуге шешім қабылдайды.

«Бастапқыда пакетті сүт сату туралы ойландық. Күнде интернетте отырып, жаңа идея іздедік. Осылайша ірімшік жасау туралы тоқтамға келдік. Ауылға көшпес бұрын жұбайым екеуміз ірімшік жасаудың технологиясын зерттеп, ас үйде ірімшік қайнатып көрдік. Ірімшіктің түр-түрін аз көлемде жасай бастадық. Тоңазытқышымыз ірімшікке тола бастады. Тіпті, оны сатып алушылар да шыға бастады», – дейді Александр.

Александр қаладағы үйін сатып, ауылдағы ата-анасының қасына көшіп барады.

«Пәтерді сатқаннан түскен қаржыға екі темір контейнер сатып алып, оны ірімшік сақтауға болатын орынға айналдырдым. Ақша үнемдеу үшін бұрын қолданылған құрылғыларды сатып алып, өз ыңғайыма қарай жөндедім. Мамандығым инженер болғаны маған көп көмектесті», – дейді Александр.

Ол басқа емес, дәл осы саланы таңдаған себебі – бәсекелестердің аздығымен түсіндіреді.

«Бұл салада бізде бәсекелес аз болатынын білдік. 2018 жылдың наурыз айында ірімшік жасайтын өндіріс орнын іске қостық, бірақ ісіміз басталмай жатып сүріндік. Бір ай бойы жасаған ірімшігіміз кеуіп кетіп, жеуге жарамсыз болып қалды. Бойымды ашу-ыза кернеді. Мұның бәрі ірімшік жасауға қатысты білімнің терең болмағандығынан еді», – дейді ол.

Осындай жағдайға тап болғанда оған бұл істі кеш болмай тұрғанда тоқтата салу керектігі туралы кеңес бергендер көп болған.

Фото: inform.kz

«Ауылдастарым «Ірімшік жасау, сақтау, сату оңай емес. Басқа іспен шұғылданғаның жөн-ау» деген кеңес берді, бірақ бастаған істі тоқтатқың келмейді. Намысқа тырысып, жұмысымды жалғастыра бердім. Менің таңдаған жолымды қолдау ешбір жақыныма оңай болған жоқ. Ол кезде қаражатымыз өте аз болатын, тек сүт сатып алуға ғана шамамыз келетін. Ірімшік жасаудан бөлек сұранысты арттырып, ірімшік жасауға қажетті қоспаларды табуым керек. Сондай-ақ, біздің елде сүт өнімдеріне қатысты технологтар аз. Біздің технолог – жұбайым. Негізі ол да мамандығы бойынша инженер және сол салада біраз жыл жұмыс істеген. Ол менің бастамамды қолдап қана қойған жоқ, іс жүзінде көмектесті. Ірімшік жасауға қатысты әртүрлі онлайн курстардан өтті. Биыл Ресейге барып, біліктілігін арттырып келмек еді. Коронавирус індеті басталып кеткендіктен жолға шыға алмай қалды», – дейді кәсіпкер.

Қазіргі уақытта ол өндіріс орнын кеңейтіп, қосымша цех салуды қолға алып жатыр.

«Ірімшік сатудан түскен қаражатты осы өндіріс орнын кеңейтуге, жаңа құрылғы сатып алуға жұмсап жатырмыз. Кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға қатысып көрдік, бірақ грант ұтып алмадық. Не себепті мен қолға алған іс мемлекеттің қолдауына лайықты емес екенін де түсінбеймін. Халықты табиғи, пайдалы өніммен қамтамасыз етуді неге қолдап жібермеске? Дегенмен, мойымаймын, жасымаймын, бастаған ісімді жалғастыра беремін», – дейді ол.

Ол ірімшік жасау оңай іс емес екендігін айтты.

«Ірімшік жасау – оңай емес. Ірімшікті айына бір рет ірімшік жасау мен күнделікті жасаудың айырмашылығы жер мен көктей. Біз моцарелла, брынза, качотта, халуми, фета, сулугуни, буррата, качокавелло, маасдам, гаудакамамбер және басқа да ірімшік түрлерін жасаймыз. Мен үшін әр минут, әр секундым бағалы, себебі ірімшіктің ойдағыдай шығуына әр минут, әр секунд әсер етеді. Таңғы жетіде Торғайдан 30 шақырымдық жерде орналасқан ауылға сүт алуға барамыз. 150 литр сүт сатып алам да, кері қайтамын. Сөйтіп кешке дейін уақыт қалай өтіп кеткенін білмей қаласың. Мысалы, качотта ірімшігін жасаған кезде сүтті арнайы ыдысқа құйып, 64 градуста 20 минут қайнатамыз. 64 емес, 63 немесе 65 градус болып қалса – қалаған өніміңді ала алмайсың. Сонымен қатар, 20 минут қайнату керек болса – демек 20 минут қайнату керек, 1 минут ерте немесе кеш алсаң – жарамсыз болып қалады. Бұл – бір ғана мысал, ірімшік жасаудың одан басқа қаншама машақаты бар», – дейді кәсіпкер.

Қазіргі уақытта ол өнімдерін елордадағы 3 дүкенге апарады.

Фото: inform.kz

«Әзірге біздің шама-шарқымыз 3 дүкенмен жұмыс істеуге ғана жетеді, бірақ олар үздіксіз алып тұрады. Өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Біз жасаған ірімшіктің дәмін татқан адамдар дүкенге біздің ірімшіктің келуін асыға күтіп, арнайы келіп алып кетеді», – дейді ол.

Сонымен қатар, Александр карантин кезінде қалаға ірімшік жеткізіп қана қоймай, ауылдастарының қалаған затып ауылға тегін түрде жеткізіп берумен де айналысқан.

«Биыл бәріміз үшін оңай жыл болған жоқ. Карантин болғандықтан ауылдастарым қалаға қатынай алмай қалды. Мен ірімшік сататындықтан, қалаға кіріп-шығуға рұқсат қағазым болды. Көлігіме ірімшікті тиеп алып кетемін де, қайтар кезде ауылдастардың тапсырған заттарын көлігіме тиеп алып келемін. Ол азық-түлік, керек-жарақ, көлікті жөндеуге қатысты құрал-саймандар болуы мүмкін. Осындай қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созу мүмкіндігі болғанның өзі – бір бақыт», – дейді ол.

Александр Шевченко осылай өз ісін қолға алып, кәсібін дөңгелеткісі келетіндерге ақыл-кеңес айтты.

«Ең бастысы – қандай істі бастасаң да сені қолдайтын адамның болуы. Жұбайым менің кеңседе отыра беретін адамдар қатарынан емес екенімді түсініп, бастамамды қолдады. Оған менің шешіміммен келісу оңай болған жоқ, бірақ мен үшін тәуекел етті. Сондай-ақ, бастапқы бірнеше жылда табысқа кенелмейтініңізді естен шығармауыңыз керек. Бастапқы жылдардағы табыс істі айналдыруға, керек-жарақты алуға кетеді. Мұндай кезде несие алуға көп сенім артпау керек, себебі оқыс жағдай бола қалса – ай сайын несие жабу оңай емес. Біз бұл істі сату үшін елордадағы үйімізді саттық. Осындай тәуекелге бара аласыз ба немесе бастайтын ісіңіз осындай тәуекелге баруға лайықты ма – осы жағын жақсылап саралап алу керек. Мемлекеттік бағдарламалар да қолдау білдірмеуі мүмкін, сол себепті қандайда бір істі қолғ,а алар кезде тек өз күшіңіз бен мүмкіндігіңізге ғана сенім артыңыз», – дейді ол.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы