Алматылық кәсіпкер аква әдісімен теңіз асшаяндарын өсіріп отыр
Теңіз жоқ жерде де асшаяндарын өсіруге болады. Мұны Алматы маңында жұмыс істеп жатқан ферма жұмысшылары дәлелдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әзірге еліміз бойында мұндай шаруашылық біреу ғана. Қалада оның өнімдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе мейрамханалар алдын-ала тапсырып беріп кетеді. Бұл бизнес-жобаның авторы – алматылық кәсіпкер Антон Руппо. Ол жыл соңына қарай ферманың өндірістік қуатын 45 тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр.
Антон Руппо алғаш кәсіпкерлікке бет бұрғанда шаян өсірем деп мүлдем ойламаған. Ол серіктестерімен бірге 8 жыл бұрын қала сыртынан жер телімін алады. Өздерінің жоспары бойынша жылыжай шаруашылығымен айналыспақ болады. Алдымен осы салада шетелдіктердің қалай жұмыс істейтінін көру үшін Нидерландыға аттанады. Сол жерде жүргенде теңіз шаяндарын өсіретін фермаға кездейсоқ барып қалады. Содан кейін осыны неге өз елімізде жасамасқа деген ой туады.
Антон Руппо, кәсіпкер:
– Шынын айтқанда, тәуекелге бел будық. Жобаның іске асуы, іске аспауы екіталай еді. Бірақ біздің жолымыз болды. Қазір ванамей асшаяндарын өсіріп жатырмыз. Бұл жылы теңіз суын мекендейді. Қазір көп жерде шаянды акваөсіру тәжірибесі бойынша көбейтеді. Арнайы теңізге барып аулайтындар аз. Біз де сол әдісті Қазақстанда қолданып, теңіз шаяндарын өсірудің жабық жүйесін енгіздік.
Антон бұл жобаны іске асырарда екі нәрседен қорыққан. Біріншіден, теңіз өнімдері Қазақстан үшін таңсық тағам. Екіншіден, теңізден алыс жерде асшаяндарын өсіру өте қиын. Сондықтан ең алдымен оның өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасау керек еді. Бассейнге арналған теңіз тұзын Франциядан сатып алуға тура келді. Азығы Түркия мен Қытайдан әкелінді. Ал шабақтарын Тайландтан ұшақпен жеткізді. Кәсіпкердің айтуынша, ұшу уақыты 12 сағаттан асып кетсе шабақтар оттегі жетпегендіктен қырылып қалуы мүмкін.
Антон Руппо, кәсіпкер:
– Пандемия шетелдік нарық жабылып қалуы мүмкін екенін көрсетті. Біз соған тәуелді болмаудың жолын қарастырдық. Қазір шабақтарды көбейту үшін арнайы инфрақұрылым дайындап жатырмыз. Шаруамыз оңынан болса, қазан-қараша айларында шығаратын өнім көлемі көбейеді. Бұл бізді импорттық тәуелділіктен құтқарады. Енді сырттан шабақ тасымалдамаймыз.
Осы жыл соңына қарай Антон шаруашылығының жобалық қуатын жылына 45 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл күніне шамамен 150-200 келіден келеді. Қазір Алматыда асшаяндардың бағасы 8-11 мың теңгегенің айналасында.
Антон Руппо, кәсіпкер:
– Біздің артықшылығымыз – шаянды ауланған күні жеткізіп береміз. Әрине әзірге бірнеше мейрамханаға ғана апарамыз. Күзден бастап сауда желілерімен қатар, жеке тұтынушылардың тапсырысын орындайтын боламыз.
Кәсіпкер өз өнімінің қарапайым халыққа қолжетімді болғанын қалайды. Ал ол үшін өндірісті толығымен автономды жүйеге көшіру керек. Нарықта сұраныс қалыптастырады. Ал асшаянға деген сұраныс Алматыда күннен-күнге көбейіп келеді.