Әлемде былғарыға сұраныс төмен: тері өндірісі неге кенжеледі
Ауыл шаруашылығын экономикадағы басым бағыт еткен Қазақстанда тері өндірісі қарқынды дамуға тиіс еді. Себебі, ірілі-ұсақты миллиондаған мал – шикізат көзі. Бірақ сала қазір айтарлықтай жақсы өндіріске қол жеткізе алған жоқ. Kazinform тілшісі елдегі тері өндірісінің қандай кедергілерге тап болғанын сараптады.

Кәсіпорындар толық жұмыс істемейді
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, Қазақстанда ірі қара малдан 2023 жылы 2,54 млн, былтыр 2,78 млн дана тері жиналған. Ал ұсақ малдан 2023 жылы 7 млн данаға жуық, 2024 жылы 6,41 млн дана алыныпты.
Бір қарағанда көрсеткіш жақсы. Дегенмен теріні өңдеу ісіне келгенде бұл сандар ондаған есе азаяды. Мысалы, ірі қара мал терісін алайық, себебі көбіне өндіріс сұранысына осы санаттағы терілер іріктеледі. 2023 жылы 2,54 млн терінің 8 пайызы (208,3 мың) өңделсе, былтыр көрсеткіш тағы азайып, бар болғаны 6 пайызды құраған. Яғни, тек 166 мың дана тері өңделген.
Аталған мәліметті ұсынған Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағында тері өңдейтін 9 кәсіпорын барын жеткізді. Тіпті, олар бір жылда 3,3 млн дана ірі қара терісін, 4 млн ұсақ мал терісін өңдеуге қауқарлы екен. Бірақ жыл сайынғы көрсеткіш неге аз? Ведомство кәсіпорындар ақша тапшылығынан, тауар өткізетін нарықтың аздығынан, шикізаттың сапасыздығынан зиян шегіп отырғанын алға тартады.
Түсінгеніміздей, кәсіпорындардың біразы тұрақты түрде жұмыс істемейді. Кәсіпорындарға тері жеткізумен айналысатын Самат Сейілхановтың айтуынша, аталған 9 кәсіпорынның тек төртеуі жұмыс істеп тұр. Қалғандарының жұмысы қаржы тапшылығына байланысты тоқтап тұрғанына біраз уақыт өткен. Бұған қоса, техникалар да жыл сайын ескіріп жатыр. Қазақстанның Тері өңдеушілер қауымдастығы кәсіпорындардағы құрал-сайманның 60 пайызы тозғанын жария етті.
Ілгеріде әр ауылда тері жинаушылар болатын. Олар халықтан ақшаға тері сатып алып, зауыттарға өткізетін. Қазір бұл үрдіс жоғалды деп санай аламыз. Қазір халық мал терісінің ешкімге қажеті жоқ деп шешті. Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаевтың айтуынша, осы процестің зиян тигізетін теріс жақтары көп.
– Мал терісін далаға лақтыруды қойған абзал. Егер ауырған малдың терісі болса, одан ауру тарайды және экологияға зияны орасан. Мейлі, сатып алу нарығы жоқ дейік, бірақ мемлекет тері утилизациясын ұйымдастыруы керек. Кезінде Таразда, Семейде, Қордай мен Арқалық, Алматыда тері өңдейтін ірі зауыттар болды. Алайда олардың мәселесін мемлекет шешпеді. Инвестициялық жоба ретінде басталып, өнімдері сұраныста болған. Қазір бұл аталғандардың көбінің техникалары ескірді, ірі мекемелер әбден қарызға батты, кейбірі жұмыс істемей тұр, – дейді ол.
Баққожаевтың пікірінше, кәсіпорындардың құлдырауына үш себеп түрткі. Біріншіден, мемлекет өзге елдермен келісім жасасып, кәсіпорындарға сауда нарығын ұйымдастырып беруі керек еді. Нарық болмаған жерде қанша қарқынды өндіріс болса да еңбек еш кетеді.
Екіншіден, ақша айналымы болмады. Зауыттар қажетті шикізатты сатып алуға қаржы көздерін таба алмаған. Дәл осы салаға мемлекет субсидия қарастырып немесе несие линиясын ертерек ұйымдастырғаны жөн еді.
Үшіншіден, кәсіпорын иелері салықтан босатылмады. Мәселен, олар халықтан теріні сатып алады, өңдейді, бірақ өздері сатқаннан кейін мемлекетке қосылған құн салығын төлеп отырды. Ал сол уақытта қытайлықтар елімізге келіп, халықтан шикізат сатып алып кетіп жүрген.
– Біз ең алдымен тері өндірісі саласын салықтан босатуымыз керек. Осы бойынша біз ұсыныс беріп қойдық. Екіншіден, айналымдық капиталды қалыптастыру ісін мемлекет мойнына алғаны абзал. Үшіншіден, шикізат қорын құруға септесу. Иә, әлемде былғарыға сұраныс азайды. Дегенмен түбегейлі жойылмайды. Кәсіпорындарға «өздерің дамыңдар» деп, қараусыз қалдыру жөнсіз. Қанша жерден нарықтық экономика десек те, мемлекет бұл іске араласуы керек, – дейді депутат.
Салаға бөлек ведомство керек екені де айтылуда. Нақтырақ айтқанда, Өнеркәсіп министрлігінің жанынан жеңіл өнеркәсіп комитеті құрылуға тиіс екен. Анас Баққожаев бұл идеяны ведомствоға бірнеше рет ұсынғанын, бірақ басшылығы бейжай қарағанын жасырмады.
Шетелдіктер қазақстандық теріні алуға құлықсыз
Енді экспортқа шығарудың жайын сөз етсек. Әуелі өндірісте тым кенже қалғанымызды Тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев бізге қысқа ғана мысалмен түсіндірді.
– 3,4 млн халқы бар Моңғолияда заманауи 34 былғары зауыты мен цехы бар. Әрбір 100 мың адамға бір фабрикадан келеді. Орта есеппен 20 млн халқы бар елімізде кем дегенде 180–200 тері өңдеу зауыты мен цех болуы керек деп болжай аламыз. Осыған қарап еліміздегі тері өңдеу өнеркәсібінің даму деңгейін бағалауға болады. Қазір ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеуде Өзбекстан, Ресей ғана емес, жоғарыда аталған Моңғолиямен де бәсекеге түсе алмаймыз, – деді сарапшы.
Мейлі, кәсіпорындарды көбейтуге күш салмай-ақ қоялық. Бірақ экспортты арттыруға мүмкіндік бар емес пе? Мысалы, тері экспортына қатысты баж салығын (тоннасына 200 еуро) алып тастауды сұрап жүргендер көп. Соның арқасында шетелге сауданың тынысы ашылады-мыс. Дегенмен бұл да өз алдына мәселе, себебі біздегі тері сапасы төмен.
– Қазақстанда тері сапасы орта немесе төмен болып шығады. Сондықтан шетелдіктер аса керек етпейді. Мысалы, Кедендік одақ арқылы Қазақстан кезінде көрші Ресейге тері импорттады, баж салығы болған жоқ. Әуелде алып жүрген, кейін мүлде сауда жасамай қалды. Себебі олар біздегі терінің сапасы қандай екенін түсінген, – деді Кәспорындарға тері жеткізумен айналысатын кәсіпкер Самат Сейілханов.
Яғни, экспортқа қатысты баж салығын алып тастаған күннің өзінде сауда жандана қоюы екіталай.
Бұған қоса, қазір әлемде былғарыға сұраныс төмен. Ең ауқымды Қытай нарығы да былғарыны аса сұрамайды. Кей елдер белок өндіруге алдырады, оның өзінде көп мөлшерде емес.
Негізі теріні өңдеу үш сатыдан тұрады. Біріншісі Wet-blue деп аталады. Бұл 30-35 пайыз өңделген тері, ауызекі тілде «көк тері» делінеді. Екіншісі – Crust, 65–70 пайыз жартылай өңделген фабрикат. Соңғысы – Finish, яғни, 100 пайыз өңделген былғары.
Малшы мен қасапшыда да кінә бар
Сонымен, «қазақстандық тері неге сапасыз?» деген қорытынды сауалға келейік. Басты себеп – малды көбейтіп, баққанымен, фермерлер мен ауыл халқы оның шын жағдайына аса мән бермейді. Уақтылы жем-шөбін беру, жылы қорада ұстау, ветеринар көмегі, дәрі-дәрмек, түрлі витамин егу, бір сөзбен айтқанда, малға күтім жасау арқылы ғана сапалы тері алынады. Бірақ бұл жұмысқа жауапкершілікпен қарап жатқандар санаулы. Бұл – бір. Ал екінші себеп – қасапшылардың бейжайлығы.
– Көріп жүрміз, қасапханалар малды бейберекет сояды. Ауылдарды айтпай-ақ қояйық. Мал терісін сапалы етіп алу үшін қасапшы мүлде пышақ ізін түсірмей, ережелерді сақтағаны абзал. Бұдан кейін алынған теріні сақтау қоймаларында тұздап қояды. Оның тұзы да бөлек, ірі болады. 1995 жылдан бері ет комбинаттарынан тері алып, зауытқа жеткізумен айналысамын. Жүрген жерімде дұрыс тері алудың тәсілдерін айтып отырамын. Бірақ осы іске ден қойғысы келетіндер аз, жұмысын ауырсынып сылтау айтады, – деді кәсіпкер Самат Сейілханов.
Шикізатты қабылдайтын кезде кәсіпорындардың осыған жіті назар аударуына тура келеді. Жалпы, жақсы терінің қалыңдығы 1,8–2 мм болады. Мысалы, солтүстік өңірлерден жиналған терінің 30 пайызы ғана былғары болуға жарамды. Өйткені теріскейде мал көбіне далада жайылады. Ал Түркістан, Жамбыл, Алматы облысындағы қолда әрі бақпада тұрған ірі қараның терісі біршама жақсы, 70 пайызға дейін былғары өңдеуге болады екен.
Қорыта айтқанда, тері өндірісінің дамымауына кінәлі бір тарапты ғана атай алмаймыз. Төрт түлікті күтіп-баптайтын малшыларға қоса қасапшылар сапа үшін жауапкершілік алмай отырса, кәсіпорындардың ақша айналымы мен нарыққа жол ашылуына септеспеген жауапты ведомстволар да бейжай қарағаны көрінеді.