Ақтөбеде тағы бір ауыл жаңадан салынады

Ырғыз ауданы Нұра ауылының халқы түгел көшіріледі. Мұндағы халық қазір жер таңдап жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Фото/видео: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылында барлығы 112 үйдің 103-іне су кірді. Қазіргі кезде су деңгейі 3 метрге жетіп қалған. Судың қайтатын уақыты белгісіз. Сондықтан мұндағы ауылды көшіруге шешім қабылданып, жер таңдау жұмысына жергілікті тұрғындар қатысты. 

– Мен 60 жылдан бері Нұра ауылында тұрамын. 1972 жылы бөгет бұзылып, сол жылы суға кеткен едік. Бірақ мынадай су болмады ол кезде. Мен өзім бірінші рет көріп тұрмын. Қазір ауылды көшіруге шешім қабылданып жатыр екен. Біз жер таңдауға келдік. Бізге үй салып берсе болды. Қораны өзіміз саламыз. Бәлкім құлаған үйімізді әкеліп құрылысқа пайдаланармыз. Мол суды көріп тұрып «сол жерге қайта үй сал» деп айта алмаймыз,- деді Нұра ауылының тұрғыны Айболат Сарманов. 

Нұра ауылында орталықтандырылған ауыз су болды. Сонымен бірге бір жыл бұрын газ берілді. Мұндағы бірнеше ұялы байланыс операторының мұнарасы қойылған. Жарық та уақытылы берілді.

– Жаңа ауыл да сол газ құбырының бойына салынуы керек деп ойлаймыз. Себебі мол ақша бөлініп, бір кездері құбыр тартылды. Жастар да үйді, ауылды қала үлгісінде салды. Бір нұсқасы – Сарыоба төбесі. Осы жердің жанындағы тағы екі нұсқа таңдалды. Біз Нұра ауылын жойғымыз келмейді. Туып-өскен жер ыстық,- деді Айболат Сарманов.

Қазіргі кезде 100-ден астам үйдің 20-30-ы аудан орталығына көшу туралы ойын да айтып жатыр. Оның нақты саны белгісіз. Ал кейбір тұрғын ауыл маңына тігілген шатырды паналап, алысқа ұзамаған. 

– Нұра – туған жерім. Ырғыз ауданына эвакуациялағанымен, жылжымалы вагон болған соң осы маңға қайтып келдім. Өзім ғана емес, мал да осында. Адам өз туған жерін қимайды екен. Бізге тек үй салып берсе болады,- деді ауыл тұрғыны Темірбек Құлынбаев. 

Ырғыз ауданы әкімдігі мен Нұра ауылы тұрғындарының кездесуі Сарыоба төбесінде болды. Бұл жерде қорым бар. Жаңа таңдалған жер ескі ауылдан шамамен 13-14 шақырым қашықта орналасқан. 

– Бірінші адамның амандығын, денсаулығын, өмірін сақтайтын жерді таңдау керек. Ырғыз ауданына екі мердігер келді. Біздің міндетіміз – үй салынатын жерді анықтау. Сол үшін де Нұра ауылы тұрғындарымен кездесу болып жатыр. Мамыр ауылындағы үйлерді биік жерге саламыз. Белшерде де сондай. Кейбірі басқа ауылға көшуі мүмкін. Қазір нақтылау жұмысы жүреді. Барлығы 2-3 күнде белгілі болады. Нұра ауылы тұрғындарымен жиын өткізіп, хаттама толтырылады. Қазір шамасы белгілі, сондықтан үй салу жұмысы бастала береді,- деді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов. 

Жаңа жоба бойынша ауылдың ені мен ұзынығы 1 шақырым болады. Үймен қатар қора салуға жер бөлінуі мүмкін. 

Айта кетейік, Ойыл ауданының Екпетал ауылындағы халық түгел аудан орталығына көшіріледі. 

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы