Ақтөбе облысында суармалы алқаптың көлемі ұлғаяды
Манарбек Сағитов жақында шаруашылыққа жеткізілген шетелдік суару техникасын меңгеріп жүр. Құрылғыны соңғы жылдары қуаңшылықтан зиян шеккен қожалық ісін оңалту мақсатында сатып алған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі шөп шықпаған соң, 400 бас ірі қара мен мыңдаған қой-ешкіге жем-шөп табу қиындаған. Биыл бұл техниканың көмегімен жүздеген гектардан мол жоңышқа алу көзделіп отыр. Алқапқа қажетті су іргедегі өзеннен тартылады.
Манарбек Сағитов, шаруа қожалығының агрономы:
– Мысалы мына жерге қазір егіп тастасақ, біздер көп болса, бір 7-8 центнер алармыз, жақсы жауын жауғанда. Ал, енді бізге 10 центнер, 20 центнерға дейін алу үшін суарып, өсіріп, шауып алып, қайта суарып, қайта өсіріп, 3-4 рет шабу керекпіз. Сонда мал азығын өте көп жинап ала аламыз.
Бүгінде суармалы егіске бет бұрған шаруашылық саны өсіп келеді. Тек Мәртөк ауданында жыл сайын 4-5 қожалыққа көбеюде. Нәтижесінде қазір өлкеде суару әдісі қолданылатын алқап көлемі едәуір ұлғайды. Көбісі жаңбырлатып су беру жүйесімен қамтылған шетелдік құрылғылар алған. Айнала жүріп суаратын машиналар лизингтік компаниялар арқылы жеткізіліп жатыр. Ал кеткен шығынның 50%-і қожалықтарға субсидиямен қайтарылады.
Кенжебай Мұқашев, Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
– Негізі Кеңес Үкіметі уақытында 7 500-дей болды. Биыл бұйырса мынау 1 200 гектарды қоссақ, 10 400 гектар болады. Қазір бүгінгі таңға 10 400-дей болып тұрмыз ғой. Сосын мына жүгері егіліп, пайдаланылады. Сосын мына жоңышқа егейін деп отыр. Тағы да үлкен дәнді-дақылдарға да ниеттеніп отыр. Бұйырса енді бұны да болашақта көреміз.
Бүгінде өңір бойынша суармалы жерлердің көлемі 30 мың гектардан асады. Биыл жыл соңына дейін тағы да 10 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.