Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласының мамандары тапшы

Ауылға кәнігі маман да, жұмысшы да керек. Ақтөбе облысындағы Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері: «Агрономдар мен мал дәрігері, механизатор сияқты кәсіп иелеріне сұраныс көп», – дейді. Білікті бақташы мен епті сауыншылар да таптырмайды. Бұл мәселе енді қалай шешімін таппақ?

Фото: ©congerdesign / pixabay.com

Қарғалы ауданындағы бұл шаруа қожалығы қырдың қызыл сиыры мен қазақы ақбасты будандастырып жаңа тұқым алған. Мақсат – етті ірі-қара өсіру. Кәсіпкер сүтті сиыр ұстамайтын болған. Себебі ауылда сауыншы жоқ.

Сергей Пашкевич, шаруа қожалығының иесі:

– Ауылымыз кішкентай. Санаулы адам тұрады. Техника жүргізетін механизаторларды айтпағанда, қарапайым сауыншы да таппайсың. Қалаға жақын болса да жастар тұрақтамайды.

Бұл жағдай алыс-жақын ауылдардың бәріне тән. Шаруалар әсіресе білікті бағбандар мен мал дәрігерлерінің көмегіне зәру. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы өкілдері аталған кәсіп иелерін тарту үшін әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет дейді.

Айбат Ербазиев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: 

– Малшылар болсын, механизаторлар болсын, сауыншы болсын қажеттілік өте көп. Бұлар енді жоқтың қасы ғой. Енді проблемалық мәселе. Бұл жерде мәселе айлық ақысы төмен болуынан жастар бармайды. Сонымен қатар тұрғын үй мәселесі, әлеуметтік қамтамасыз ету жағынан болғандықтан тапшылық бар.

Шағын елді мекенге бет алған жастарды баспанамен қамтамассыз етіп, көтерме ақы төлейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар. Алайда бұл жоба ауылшаруашылығы саласын таңдағандардың бәрін бірдей қамтымайды. Тек ветеринариялық бекет сияқты мемлекеттік мекемеде қызмет ететіндерге ғана тиесілі. Сондықтан шаруалар баспана құрылысына субсидия бөлінсе маман тапшылығын жоюға сеп болар еді дейді. 

Марлен Баймағамбетов, «Ақтөбе фермерлік орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:

– Біздер қазір жұмысшыларға, мамандарға ауылдың ішінен үй салып беруге дайынбыз. Соны мемлекет тарапынан субсидиялау мәселесін қарастырып қолға алса. Жалғыз шаруа қалтасы көтере алмайды. Бізге ауырлау болады. 

Ауыл шаруашылығы саласында 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Аманғос Төлеуов заманауи құрал-саймандарға иек артқанды абзал санайды. Төрт-түлік бағып, дән себуді қолға алған кәсіпкер өндірісті цифрлық технологиялармен оңтайландыруы тиіс дейді. Себебі бұл агроөнеркәсіптік кешені оқ бойы алда тұрған мемлекеттердің оң тәжірибесі.

Аманғос Төлеуов, кәсіпкер:

– Мысалы, малда өзінің индивидуальный нөмірлері бар. Сосын дронмен қарап жүреміз оларды. Егінде де қазір енгізіп жатырмыз. Бүкіл біздің жер көлемін спутник арқылы тексеріп, қай жерге қандай ылғалы бар, қандай құнарлығы бар топырақтың. Соның барлығын айтады.

Ақтөбе облысында ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын 9 оқу орны бар. Мәселен облыс орталығындағы мына колледжді жылына 300-ге жуық жас маман  тәмәмдайды. Соңғы жылдары агроном мен механизатор, мал дәрігері болам деушілердің қатары артқан.

Жұлдыз Мұқашева, Ақтөбе жоғары аграрлы техникалық колледжі директорының орынбасары:

– Біздің колледжде көбіне қазіргі таңда өздерінің жеке қожалықтары бар ата-аналар осы біздің колледжге жібереді. Өйткені өздерінің істерін әрі қарай балалары жалғастыруын қалайды. Яғни балалар ветеринария мамандықтары, агрономия мамандықтары бойынша оқып шығып өздерінің үйлеріне барып сол ата-аналарының кәсібін әрі қарай жалғастырады.

Қазір өңірде 9 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Жергілікті билік өкілдері «Бұл салада 30 мыңнан астам адам еңбек етеді»,- дейді. Алайда атакәсіпті жалғастырар жастардың қатары биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» артады деген үміт бар.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы