Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобалар кепілдендіріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді», – деген болатын.
Яғни, өз өндірісімізді дамытып, сырттан тауар тасуды азайтудың маңызы өте зор. Осы Жолдауда Президент ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін де ескертіп, елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болатынын айтты. Осындай жобаларды жүйелі түрде іске асыру үшін кәсіпкерлерге қомақты сомада несие беру және банк беретін несиенің жартысын кепілдендірудің рөлі үлкен. Мемлекет басшысының жолдауда жүктеген тапсырмасын жүзеге асыру қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап өтер жайт, ауыл шаруашылығы саласы айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Әсіресе, басымдыққа ие инвестициялық жобаларға қолдау көрсететін кез жетті. Мысалы, көбінесе көлденең болатын кепілдік мәселесі. Екінші деңгейлі банктерден ауыл шаруашылығына несие алу көрсеткіші кейінгі жылдары күрт төмендеп кеткен. Бұл жердегі негізгі мәселе тағы осы кепілдік. Банктер қалалық жердегі жылжымайтын мүліктерді ғана кепілдеме ретінде қабылдайды. Олар ауылға несие берудің тәуекелі жоғары деген уәж айтады. Осы мәселені шешу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі екінші деңгейлі банктер беретін несиені кепілдендіру механизмін қолданысқа енгізді. Жаңа механизмнің артықшылығы көп. Оны кәсіпкерлердің білгені маңызды.
Айталық, «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестіктерінің және екінші деңгейлі банктердің АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға беретін несиелерін кепілдендіретін оператор қызметін атқарады. Батыс Қазақстан облысында аграрлық саладағы инвестициялық жобаны іске асыруға банк арқылы рәсімделген несиенің алғашқы кепілдігі берілді.
Казталов ауданындағы кәсіпкер Сергей Горовой осыдан бір жыл бұрын несие алып, 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын ашқан. Бордақылау алаңының жұмысын одан әрі дамыту үшін тағы қосымша қаржы қажет болыпты. Несие алуға кепіл мүлкі жетпеген соң кәсіпкер Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгінген.
«Біз Аграрлық несие корпорациясынан 850 млн теңге несие алғанбыз. Бірақ бұл қаржы жобаны ойдағыдай іске асыруға жетпеді. Биыл банк 1,3 млрд теңгенің несиесін мақұлдады. Несиенің жартысын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кепілдендірді», – дейді кәсіпорын басшысы Сергей Горовой.
Бұл қаржы үлкен жобаны жүзеге асыруға жеткілікті. Енді фермер бордақылау алаңын алаңсыз өркендетіп, ет нарығына үлес қосады.
Айта кету керек, банк несиесінің негізгі шарты бойынша осындай инвестициялық жобаларды қаржыландыратын болса, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кепілдендіруі тиіс. Банк 17%-бен 10 жылға беретін несие 3 млрд теңгеден аспауы керек. Кепілдеме агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыратын және тамақ өндірісімен айналысатын барлық бизнес өкілдеріне беріледі.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры несие сомасының 50 %-на дейін кепілдендіреді. Басым инвестициялық жобалар іске қосылғанша кепілдік мөлшері 85 %-ға дейін болады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кепілдік мөлшері 50%-ға дейін төмендейді.
Негізгі басым инвестициялық жобаларға тауарлы сүт фермалары, етті құс шаруашылығы, қарқынды бақтар, жылыжайлар, қант қызылшасын өсіру және қызылша қантын өндіру, жарма өндірісі, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу, өсімдік майы мен май өнімдерін өндіру жобалары кіреді.
Бұл айтып отырғанымыз агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық жобаларын мемлекеттік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыс. Импортқа тәуелділікті жою үшін өз өндірісімізге басымдық берудің артықшылығы көп. Игілігін халық көреді. Кәсіпкерлер де мемлекеттің қолдауын сезініп, өнім көлемін арттырады. Қазақстан аграрлы мемлекет. Сондықтан, игі бастама аяқсыз қалмай, ауқымды жобаларға жол ашылады деген үміт зор.