«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ агроөнеркәсіпке 251,9 млрд теңге бөледі
Биыл Аграрлық несие корпорациясының агроөнеркәсіп кешені саласын қаржыландыруы 251,9 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ осы қаражатқа еліміздің барлық өңірлерінде 6614 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырды. Мысалы, осындай қолдаумен Алматы облысында тауарлы-сүт фермасы мен ірі жылыжай салынып, жүздеген адам жұмыспен қамтылды.
«Агробизнес» бағдарламасы бойыншы Аграрлық несие корпорациясынан жеңілдетілген несие алған табысты жобалардың бірі – «Ақсүт» LLC» серіктестігі. Мұнда Нидерланд мен Словакиядан әкелінген 3 мың бастан астам голштино-фриз тұқымды ірі қара бар. Фермадағы автоматтандырылған жүйе арқылы сағатына 240 сиыр сауылады. Әр сиыр күніне 20 литр сүт береді.
Ұлан Кеңесбаев, «АҚСҮТ LLC» ЖШС атқарушы директоры:
– Енді бұндай жұмысты бірден өз қаржыңа бастап кету қиын ғой. Сондықтан бізге көмегі көп тиді. Қазіргі күнде арықарай дамып жатырмыз.
Ал «SHAKH EKO FOOD» шаруа қожалығының басшысы Гүлдана Жақсылықова мейрамхана ісімен айналысады. Бизнесін дамытып, халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету мақсатында жылыжай салуды мақсат еткен. Бұл жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылды. Былтыр әр гектардан 300 тоннаға дейін қызынақ жиналды.
Гүлдана Жақсылықова, «SHAKH EKO FOOD» ЖШС басшысы:
– Аграрлық несие корпарациясының көмегімен былтыр 4 гектарды жөндеуден өткізіп, бірінші өнімін алдық. Биыл 4,7 га іске қостық. Қазіргі таңда бізде 50 адам жұмыс істейді.
Аграрлық несие корпорациясы ағымдағы кезең бойынша жоспарланған соманың 196 млрд теңгеден астамын игерген.
Руслан Ескендір, Аграрлық несие корпорация АҚ баспасөз хатшысы:
– Жалпы соманың 80 проценті иегірілді. Оны игерудегі мақсат 6600-ден астам ауылшаруашылық жобаларға қолдау көрсетілді.
Жыл соңына дейін «SHAKH EKO FOOD» серіктестігі тағы 5 гектарға жуық жылыжайды салып бітіреді. Бұл жобаны іске асыру арқылы қосымша жұмыс орындары ашылады.