Өзара түсіністік қажет
Көрші мемлекеттің ақша бағамы құлдырап, оның салқыны кәсіпкерлерді шарпыды. Шекаралас Солтүстік өңірдегі өндірушілер кірістен гөрі шығындарын есептеуге мәжбүр. Сауда сөрелеріне жергілікті өнімді жайғастырудың жыры да түгесілер емес. Тығырықтан шығудың жолдары солтүстікқазақстандық өңдеуші кәсіпорындар мен ірі сауда орындары өкілдері бас қосқан жиында қозғалды.
Теріскейдегі «Сүт одағы» – кәсібі өрге домалаған, өнімдерін еліміздің басқа қалаларына да жеткізетін кәсіпорындардың бірі. 1922 жылы іргетасы қаланған серіктестікте бүгінде 220 жұмысшы тер төгеді. Жергілікті шикізатты кәдеге жаратуға бел буған кәсіпорын 7 мың ауылшаруашылық тауар өндірушіден тұрақты түрде сүт сатып алады. Тұтынушылардың дастарханын ақтан арылтпау жолында құрал-жабдықтар жаңғыртылып, жаңа желілер іске қосылуда. Алайда көрші мемлекеттегі валютаның кешкен күйі де өндіріс қарқынына әсер етпей қоймады. Өнімді өткізуде әлекке салынған кәсіпкер шығынды есептеуге мәжбүр. Биыл оның көлемі 17 млн.теңгені құраған.
– Егер бұған дейін орташа сатып алу құны шамамен 80- 89 теңге аралығында құбылса, қазір оны 60 теңгеге дейін төмендеттік. Бұл баға сүтті өндіруге жұмсалатын шығындарға сәйкес келмейді. Көтерме сауданың бағасы да құлдилады. Бірақ әлі де ресейлік әріптестеріміз өндіретін және сататын бағаға жақындаған жоқпыз. Біздің және көршілес мемлекетте өндіріс айырмасын салыстыруақылға сыймайтынын түсінемін. Сондықтан саудаға қатысты бір бұйымтайым бар. Сауда сөрелерін тұрақты түрде толықтыру үшін жұмыс күні ішінде сіздердің сауда нүктелеріңізге қолжетімділікті қамтамасыз етулеріңізді сұраймын. Біз өз өнімімізді саудалауымыз қажет, – деп «Сүт одағы» ЖШС директоры Александр Кузлякин сауда орындарының иелеріне қарата айтты.
Бар гәп сауда сөрелеріне жергілікті тауардың жол тартуына да тірелетін көрінеді. Оның деніне өзіміздікіне қарағанда ресейлік өнім жаулап алған дейді кәсіпкерлер. Сәйкесінше өндірушілер мен сауда орындары арасында да тығыз ынтымақтастық қажет. Себебі кей сауда нүктелерінде өздерінің өнімдерінің сатылуына қол жеткізе алмай жүрген кәсіпкерлер бар. «Мясопродукт» ЖШС өткен жылдан бері екі сауда орнымен келісе алмай дал. СҚО Кәсіпкерлер па латасының директоры Тұрар Ысқақовтың пайымынша, бұл бағытта қос тараптан да өзара түсіністік қажет.
«Біздің кәсіпорындар дың коммуналдық, көлік шығындары, жұмысшылардың еңбекақысы тәрізді барлық бағыттар бойынша шығындары ресейліктермен салыстыруға келмейді. Түптің түбінде тауар бағасы бәсекеге қабілетті емес. Өнімнің өзіндік құны бойынша екі есеге жуық ұтылдық. Кесірінен кәсіпорындардың кірістері құлдилаған. Сауда желілеріне кіру мәселелері бойынша да ұтылып отырмыз», – деп күйінді ол.
Сауда сөрелерінде жайғастырылған өнімдердің ішінде тұтынушылар көбіне өзіміздікінен гөрі өзгеге басымдық береді. «Бірақ өзіміздің отандық өнімдер одан еш кем емес. Өңірімізге сырттан тасымалданатын аттас өніммен салыстырғанда құны сәл қымбат. Бірақ халық отандық тауардың сапалы екеніне көз жеткізген. Бар гәп өнім бағасының арзандығына емес, оның құрамына тіреледі. Оның табиғи не жасанды қоспалар қосылғанына баса мән беру керек. Сондықтан техникалық регламенттің сақталуына баса мән берген абзал. Елімізге жеткізілген тауарлар алдымен ана тілімізде жазылып, екіншіден қандай өнімнен жасалғаны анық көрсетілуі тиіс. Меніңше, сатушылар жағынан да олқылықтар орын алуда», – дейді СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Алтынбек Абдуллаев.
Венера Мұстафина