Өнімді өткізуде тығырыққа тірелді

Көрші мемлекеттегі валютаның кешкен күйі нарықтағы ахуалға әсерін тигізуде. Сырттан өнімнің толассыз ағылуына байланысты құс өсірушілер әлекке салынған көрінеді. Олар шығарған өнімнің бір бөлігін қоймада сақтауға мәжбүр.

– Ресейлік рубльдің құнсыздануы отандық құс өнімдерінің сатылуына кедергі келтіруде. Бүгінде еліміздегі құс фабрикаларының қоймаларында 12 мың тоннадан астам құс еті, 56-57 миллион жұмыртқа бар. Оның барлығын сата алмай отырмыз. Себебі нарықта РФ мен Украинаның өнімдері қаптап кеткен. Оған қоса контра- банда лық қытайлық қ ұс өнімдері де пайда болды. Ол бізге Қырғыз елі мен Ресей арқылы жеткізіледі деген болжам бар, – деп күйінді «Қазақстан құс өсірушілер одағы» ЗТБ президенті Руслан Шәріпов.

Оның сөзіне сүйенсек, құс шаруашылығының басына үйірілген бұлттың әзірге сейілері жоқ. Отандық жұмыртқа мен құс етін елімізге сырттан ағылған арзан өнім дер нарықтан ығыстыруда. Демпингтің кесірінен шығарылған тауарды өткізу әуресараға айна лып, жергілікті құс өсірушілердің мазасы қашты. Өнімдердің бір бөлігі нарыққа жол тартудың орнына, қоймада кезегін «күтіп» отыр. Шенеунік тердің болжамы бойынша бар гәп әділетсіз бәсекелестікке тірелген көрінеді. «Әуелі бәсекелестік ережесін бұзатын сырттан тасымалданған өнімдерге қарсы күресуіміз қажет. Елімізге техникалық регламентке, санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін тауарлар, түрлі сұйықтықтармен немесе тіпті сумен ісіндірілген ет өнімдері көптеп жеткізіледі. Импорттың осындай түрлерімен күрескен ләзім», — деп мәселенің мәнжайын Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жайып салды.

1019063049Көптің көңілі құны арзан импортқа ауғанымен, оның аты затына сай екендігі сенімнен гөрі күдік туғызады. Мамандар тауарлардың сапасы сын көтермейтінін алға тартып, дабыл қағып отыр. Сырттан жеткізілген құс еті үш апта бойы сүзгіден өткізілген. Сараптама нәтижесі талап үдесінен шықпайды. Көршілес Ресейден және Украинадан тасымалданған өнімде еттен гөрі су мен мұз басым екендігі анықталды. Тауарларға қарапайым тіршілік нәрі немесе арнайы тұздық егілген болып шықты. Осылайша ет тің салмағы 40-100 пайызға дейін «жасанды» түрде ұлғайтылады. «Соның арқасында тауық етінің салмағы бірнеше есе артады. Сәйкесінше өзіндік құны екі мәрте арзандайды. Еуразиялық экономикалық одақ келісімі күшіне енгеннен кейін қазақстандықтардың жаппай сатып әкеліп жатқаны да осы бағасына байланысты. Бір қарағанда екі еттің айырмасы жоқ сияқты. Пакеттің ішінде, қатырылған өнімнен байқау мүмкін емес», – деп мәселенің жай-жапсарын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешені комитетінің хатшысы Рүстем Құрманов жіпке тізді.

Бұл өнімнің құнын төмендетіп, шығындалмай, қомақты пайдаға кенелудің қитұрқы әрекетіне айналған. «Демпингке» иек артатындар, осылайша тұтынушылардың қатарын көбейтудің қамын жейді.

Бүгінде жан басына шаққанда тұтыну көлемі 211 дана жұмыртқаны, 18 келі құс етін құрады. Өткен жылы ет бағытында 3 тың құс фабрикасы өмірге жолдама алған. Енді бірқатар кәсіпорын жұмыстарын жетілдіріп, қуаттылықтарын кеңейтуді межелеген. Оған сәйкес биыл құстың саны 35,4 млн. жетсе, оның жалпы өндірісі 190,0 мың тоннаға артпақ. Әзірге бұл қағаз жүзіндегі 2015 жылға болжам.

Руслан Шәріповтың байламынша, жыл санап саланың ілгерілеуге бет алғаны, өндірістің еселенгені байқалады.

Бірақ, әзірге сала импортқа тәуелді. Құс өсірушілер шөжелерді, құралжабдықтар мен жем-азықты қоспаларды алыстан дорбалауға мәжбүр. Асыл тұқымды базаға қан жүгіртуде де асығымыз алшысынан түспей тұр. Сонымен қатар нарықтағы ахуал шағын кәсіпкерлердің кәсібіне ықпалын тигізбей қоймайды. Биылғы жылы 50 миллион жұмыртқа шығарған Семей қаласындағы фабрика тақырға отырып, жұмысын тоқтатқан. Бұл ретте құс шаруашылығы мемлекеттік демеудің шарапатын сезінбек. Ұлттық қордан бөлінген 20 миллиард теңгенің 5 миллиард 60 миллионы құс шаруашылығын қолдауға бағытталмақ. Оның 1 миллиард 376 мыңы құс еті бойынша, 2 миллиард 67 миллионы тағамға қолданылатын жұмыртқа бағытында жем-шөпті арзандатуға жұмсалса, 567 миллион теңгеге қолға алынған бағдарламалар бойынша етті құс шаруашылығын демеу қаржыландыру деңгейі артады және 1 миллиард 74 миллионы жұмыртқа бойынша қарастырылған. Оған сәйкес әр жұмыртқаға бөлінетін демеу қаржы көлемі көбейе түспек.

Еліміздің бас аграрийі қос бағытқа сай шаралар қолға алынатынын атап өтті. Алғашқысы мемлекеттік қол- даудың деңгейін арттыруды көздейді. Оған сәйкес жем- азықты арзандату үшін құс өсірушілерге қосымша қаржы бөлінген. Екіншіден, демеу қаржының көлемі еселенбек. Бұл ретте сырттан ағылатын сапасыз өнімге тосқауыл қою да тасада қалмайды.

Оның аясында өндіріске қан жүгірту кезек күттірмейтін маңызды міндетке айналғаны хақ. Елбасы Ауыл шаруашылығы министріне құс еті, шұжық өнімдері, алма сияқты өнім түрлерін сырттан тасымалдамай, өз өндірісімізді жолға қою қажеттігін қадап айтты.

«Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қаржылық жағдайын тәртіпке келтіру керек. Кәсіпорындар осы мақсатқа бөлінген мемлекеттік қаражат- тың нәтижесін көрсетуі тиіс. Басымдығы бар тағы бір мәселе – негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету кезіндегі импорт алмастыру. Жалпы, қайта өңдеуді ұлғайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Венера Мұстафина

 

 

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы