Жарма ауданында асыл тұқымды мал өсірге ерекше ден қойылған
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ШҚО-ғы филиалының директоры Данияр Усипбеков Жарма ауданында болып, «Сыбаға» бағдарламасымен мал басын түрлендіріп отырған шаруашылықтардың әлеуетіне қанықты, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі, етті мал бағытын дамыту бойынша 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламаны дайындады. Соған сәйкес, фермерлік шаруашылықтарды дамытуға басымдық беріледі. Жобалық жұмыстың басты көздегені – экспорттық әлеуетті арттыру. Нәтижесінде ет өндіруші шаруашылық құрылымдары бұл саланың басты драйверіне айналады. Тиісінше жермен қамтамасыз ету, несие бөлу сынды жұмыстар үздік фермерлерді іріктеу арқылы іске асады. Әйтсе де асыл тұқымды төлдің түрленуі, сондай-ақ генетиканы қолдану ісі басты назарда болады. Аталмыш бағдарламаның Жарма ауданына берері мол. Себебі өңірде ата кәсіп ертеден дамып келеді және асыл тұқымды төлді өсіруге ерекше ден қойылған. Бұл ретте өңір шаруалары «Сыбаға» бағдарламасының шарапатын көріп отырғанын айта кеткен орынды. Осы жылы төрт шаруа қожалық «Сыбаға» бойынша несие алып, іргелес Ресейден қазақтың ақ бас қызыл қасқа асыл тұқымды төлдерін әкелді. Анықтап айтқанда, Аршалы ауылындағы «Санияз» шаруа қожалығы сегіз айлық 45 бас төл әкелсе, Белтерек ауылдық округінен «Бура» шаруа қожалығы 25 бас, Қапанбұлақ ауылынан «Олжас» шаруа қожалығы 47 бас он жеті айлық, 20 бас сегіз айлық және Жаңғызтөбе кентінен «Елене» шаруа қожалығы он жеті айлық 47 бас асыл тұқымды ірі қараны сатып алған.
– Соңғы үш жылда мал басын біріктіріп, асыл тұқымды бұқашықтарды қосып, алғышартымызды жүзеге асыра бастадық. Бұл көп уақытты қажет етті. Ағымдағы жылы қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы өзім үшін үлкен қолдау болды. Бағдарламаның бағыттары мен тиімділігі қызығушылығымды оятты. Жобамды облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына ұсынып, ұзақ мерзімді несиеге қол жеткіздім. Бұл шаруашылықтың аяғынан тік тұруына демеу болды,- дейді «Елена» шаруа қожалығының басшысы Елена Закимова.
Шаруашылық қордың қолдауымен, Ресейдің Алтай аймағының Локтеский ауданындағы «Колос» ААҚ-нан 47 бас асыл тұқымды бұзау сатып алыпты. Әр бұзаудың құны шамамен 670 мың теңгеге шаққан.
– Мемлекет әр алынған төлге 225 мың теңгеден субсидия төлеп, шығынымызды өтеді. Несинің жылдық мөлшері 14 пайызбен 15 жылға берілді. Оның 10 пайызы субсидияланып, тек 4 пайызын ғана өтейтін боламыз. Жеңілдіктер мұнымен шектелмейді. Бізге 2 жыл мерзімге салықтық каникул жарияланып, етті мал шаруашылығын дамытуға айтарлықтай жағдай қарастырылды. Жарма жерінде бұл саланың қарыштап өркендейтініне сенімдіміз, – деп айтты Елена Закимова.
Айта кету керек, аталмыш қожалық 200-ден астам жылқы, 800 бас асыл тұқымды «Байыс» қойын және ұзын саны 240 бас ірі қараны төлдетіп келеді. Шаруашылықтың материалдық жағдайы да көңіл көншітерліктей. Жем-шөп базасы толығымен реттелген. 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған аграрлық құрылымның алдағы жоспарлары да ауқымды. Мәселен, мал бордақылау мен мал сою алаңдарын салып, ет кластерін дамыту көзделген. Қалыптасқан жағдайды бағамдаған қор өкілдері, жергілікті шаруаларға оң бағасын берді.
– Тек осы жылдың өзінде қордың облыстық филиалы шет елдерден 3061 бас асыл тұқымды мал алуға 45 несие берген болса, оның төртеуі Жармаға өңіріне тиесілі. Бүгінде шаруашылықтар Ресейден 234 бас ірі қара сатып әкелді. Алдағы 5-6 жыл ішінде импорттық асыл тұқымды мал басын 150 мың басқа жеткізу ойда бар. Шығыс Қазақстан облысында жайылымдық жерлер жетерлік және етті экспорттауға қолайлы аймақ,- «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ШҚО-ғы филиалының директоры Данияр Усипбеков.