Жамбыл облысының ауданында жеміс-жидек сақтайтын қойма ашылды
Жамбыл облысы Жамбыл ауданында бұған дейін сыйымдылығы 16 600 тоннаны құрайтын 14 қойма бар болатын. Жуырда елдімекенде 2 мың тоннаны құрайтын жаңа астық және көкөніс сақтау қоймасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазірдің өзінде жаңа қоймаға жергілікті шаруалардың 167 тонна алмасы сақтауға қойылған. Нысанның құрылысы сәуір айында басталып, қазан айында аяқталған. Қойманың жалпы алаңы 1 гектарды құрайды.
Жаңа қойма 12 жеке камерадан тұрады. Әр камерада жеке салқындатқыш, ылғалдандыратын құрал-жабдықтар қойылған. Одан бөлек, жеміс-жидектен бөлінетін этилен газын көмірқышқыл газына айналдырып, бактерияларды жоятын құрылғы да орнатылған. Жоба құны – 472 миллион теңге. Сондай-ақ мұнда жұмысшыларға арналған асхана, жуынатын бөлме мен демалыс орны да қарастырылған.
Ауданға арнайы барып, қойманың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, бұл жобаны «Аграрлық несие корпорациясы» қаржыландырғанын, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге корпорацияның тиімді шарттары көп екенін тілге тиек етті.
«Аграрлық несие корпорациясы» Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрғали Сейілбеков ол туралы толығырақ айтып берді.
«Біріншіден, бұл – ұзақ мерзімге несиелендіру. Екіншіден, несие төмен пайызбен беріледі. Тағы бір артықшылығы – екі жылдан үш жылға дейін негізгі борышты өтеуге сыйақы қарастырылған және негізгі борыш жылына бір рет өтеледі. Сондай ақ, бізде арнайы жеңілдіктер де бар – несие алушы салынып жатқан нысанды кепілге қоюына болады», – деді ол.
Айта кету керек, биыл аудан бойынша 6645 га көкөніс дақылдары егілсе, бағбандар 660 га алма бақтарын баптауда. Мол өнім жинауға ынталы шаруаларға көкөністер мен жемістерді сапалы сақтау үшін мұндай қоймалардың қажеттігі айтпаса да түсінікті.