Техникалық регламенттің сақталуына қатаң бақылау қажет
Елімізде саудаланатын тауарлардың төрттен бір бөлігі техникалық регламентке сәйкес келмейді. Олар қауіпсіздікті растайтын ешбір құжатсыз саудаланған. 81 пайызы азық-түлік өнімдерінің еншісіне тиген. Оның ішінде 19% қауіпті деп танылған.
Кей өнімдер құжатсыз саудаланған
Талап үдесінен шықпаған өнімдер легі жіпке тізілді. Сапаны нысанаға алған мамандар 15 151 тауарды сүзгіден өткізген. Нәтижесінде 3936-сы техникалық регламентті бұзатыны анықталды. Олардың көшін 81 пайызбен азық-түлік өнімдері бастайды. Балаларға арналған ойыншықтар мен тауарлардың 14%-да олқылықтар табылған. Химиялық және мұнай-химиялық заттар, парфюмериялық-косметикалық өнімдер, азық-түлік саласына қатысты материалдар мен құрылғылар үштікті түйіндейді. Сараптама дәйектері мен деректерін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті Техникалық регламенттер мен санитарлық шаралар талаптарының сақталуын бақылау басқармасының басшысы Нұрқан Сәдуақасов паш етті. Оның айтуынша, техникалық регламенттің сақталмауы көбіне сүт өнімдерінде байқалған. Тексерілген ақтың 26 пайызында кемшіліктер табылды. Оның соңынан ет және ет өнімдері – 15%, құс еті мен оның өнімі – 13%, кондитерлік өнімдер – 10%, көкөніс өнімдері – 5%, шырын және алкогольсіз ішімдіктер – 1% ілескен.
Қара тізімге енген өнімдердің 68 пайызында таңбалау ережелері бұзылғаны анықталды. Ал сарапталған тауарлардың 19% қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді, 13% орамада жазылған мәліметтер тұтынушыларға түсініксіз деп танылды.
Техникалық регламенттің «ала жібін аттаған» тауарлар шығарылған елдердің тізімі түзілді. 52 пайыз көрсеткішпен көрші Ресей көш бастаған. Оның соңынан қазақстандық тауарлар ілескен – 23%. Үштікті Қырғызстаннан дорбаланған қорытындылады – 4%. Талап үдесінен шықпаған тауарлар Беларусь және Украина елдерінен де жеткізіледі.
Сараптама нәтижесі көңіл көншітпейді. Өнімнің қауіпсіздігін дәлелдейтін құжатсыз оның сауда сөрелеріне жол тарту жайттары шаш етектен. Бұл бағытта 3 мыңнан астам жағдай тіркелді. Оның 796-сы бойынша тауарлардың ешбір құжаты болмаған.
Өнім бағасына назар аударыңыз!
Ауыл шаруашылығы министрі де импорттық тауардың сапасы мен бағасына баса мән беруге шақырады. Асылжан Мамытбековтың бағамдауынша, сауда сөресіндегі өнімді таңдауда оның арзандығына қызықпаған жөн.Олардың аты затына сай болмауы әбден кәдік.
– Біз елімізге импорттың тасымалдануына қарсы емеспіз. Бірақ оның атауы дұрыс болып, тұтынушы нені сатып алғанын айқын түсінуі тиіс. Бүгінде техникалық регламентті бақылауды Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына беру мәселесі қарастырылуда. Себебі дүкендерімізде тұтынушыларды адастыратын және біздің өндірісімізге балта шабатын жайттар шаш етектен, – деп күйінді еліміздің бас аграрийі.
Елімізге сырттан жеткізілетін сары майдың және110 сұрыпты ірімшіктің құны 1 мың теңгеге жетпесе, оны алуға асықпаған жөн. Бұл өнімдердің сапасы сын көтермейді. Олардың табиғи заттардан жасалуы сенімнен гөрі күмән тудырады. Министрдің алға тартқан айғағына сүйенсек, украиналық ірімшіктердің кейбірі арзан ақ уыз-витаминді қоспадан өндіріледі. Сәйкесінше бағасы да отандық аттас өніммен салыстырғанда төмен.
– Бір келі сары май алу үшін 21 литр сүт өндіру қажет. Қазіргі нарықтағы ақтың литрі 70 теңгеге бағаланса, сары майдың келісі 1 500 теңгеден арзан болуы мүмкін емес. Себебі алдымен сүтті сепаратордан өткізіп, салқындатып, шайқап, кесіп, орамаларға салып, сауда сөрелеріне жеткізу керек. Ал бізде импорттық майдың құны 1 мың теңге тұрады. Сәйкесінше, бұл табиғи май емес, онда түрлі қоспалар, пальма майы бар. Мұны тұтынушы білуі шарт, тиісті насихат жұмыстары қолға алынуы тиіс, – деп Асылжан Сарыбайұлы сөзін түйіндеді.
Импортты алмастыруға бетбұрыс бар
Ақтөбеліктер сырттан дорбалатын өнімдерге алақан жаймау үшін қолда барды кәдеге жаратуға бекінді. Бағаны тұрақтандырып, отандық шаруаларды демеудің бір амалына айналған кооперацияны қамшылаудың алғашқы жемістері сезінген. Енді аймаққа оңтүстік өңірлерден 100 тоннаға жуық көкөніс өнімдері тікелей жеткізіледі. Тұңғыш мәрте қызылордалық және жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың жәрмеңке-көрмесі ұйымдастырылған. Енді өңірге оңтүстік қазақстандық және жамбылдық агроқұрылымдар ат арылтпақ.
Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдіктері және InalcaEurasia трансұлттық компаниясы келісімді құптаған. Құжат аясында етті мал шаруашылығында өңіраралық кооперацияға жан бітіру діттелген. Тың бастамаға бағытталған инвестиция көлемі 100 млн еуроны құрамақ. Оның арқасында Ақтөбе облысында жалпы қуаттылығы 44 мың ірі қараға жететін бордақылау алаңдарын іске қосу межеленген. Сондай-ақ, қолдағы ет комбинаттарын жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ.
Венера Мұстафина
Ссылки по теме:
В Западном Казахстане появится несколько новых производств
Южный Казахстан: Местная курятина вытесняет импортную
Тұтынушының көңілі импортқа ауа ма?
В Омской области к производству сельхозтехники привлекут военные заводы
Стоимость услуг «Астык Транс» в экспортном/импортном сообщении вырастет до 12%