Табыстың кілтін тапқан нәзік жандар
Биылғы жылғы ресми деректерді тергіштесек, құс шаруалығында қанаттылардың саны 1,7% көбейіп, 35 632,9 мыңға жеткен. Оның ішінде үй құстарын өсіруге қызығушылық артқаны байқалады. Оған кәсіптің көзін іздеген қарапайым ауыл тұрғындары ден қоюда. Әсіресе нәзік жандар арасында құс шаруашылығы арқылы нәпақа табуға бекінгендер көбейген. Олардың айтуынша, құс өсіру тынымсыз тер төгуді талап етеді. Бірақ пайдасы да ұзақ күттірмейді.
Теріскейлік Бибігүл Сандыбаева үшін кәсіпкерлік саласы таңсық емес. Қасаң қағиданы бұзып, ерлермен қатар нәзік жандар да күрделі шаруаны дөңгелете алатынын дәлелдеді. Ол тауарлар сатуды оң жолға қойып, сауда-саттықтың табыс кілтін он саусақтай меңгерді. Енді Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны кәсібінің аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Өзі үшін тың саланы таңдауды ұйғарған. Құс шаруашылығында бағын сынап көрмек. Нәзік жан қаз өсіруді оң жолға қоюды діттеп отыр. Оның жобасын да түзіп қойған. Оның есеп-қисабына сәйкес құстарды өткізуде маңдайы тасқа тимейді. Жергілікті тұрғындар тарапынан сұраныс елеулі. Оны нәзік жан алдын ала бағамдап көрген. Оның айтуынша, таңдаған кәсіп бойынша бойыңда білім мен дағды болуы тиіс. Бұл табыстың басты кілті саналады.
– Құс өсіру бойынша аздап тәжірибем бар. Бұған дейін 80 балапанды шығаруға арналған инкубаторды еншілеген едім. Алғашқы қадамдардың жемістері де ұзақ күттірмеді. Тәуліктік балапандар бірден сатылды. Биыл қаз өсіруге ден қойып, кәсіптің тынысын кеңейтуді ұйғардым. Бойымдағы білім мен дағдыны дамыту үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті өкілдігіне жүгініп, оқыту курсының тыңдаушысы атандым, -деп өзінің кәсібі жайлы «Сандыбаева» ЖК басшысы Бибігүл Сандыбаева сыр шертті.
Кәсіпкерлік дәлділік пен есептілікті талап етеді. Шалыс баспау үшін нәзік жан қаздарды өсірудің ережелері мен технологиясына үңілген. Қолдағы құрал-жабдықтарды қатары да көбейтілді. Нәзік жанды құс өсіруші 180 балапанға арналған екінші инкубаторды 850 мың теңге сатып алды. Оның тиімділігі биылғы жылы сыналды. «Алдымен жем-азықпен қамдандым. Кейін жергілікті тұрғындардан 150 қаз жұмыртқасын сатып алдым. Оның әрқайсысы үшін 350 теңге төленді. Нәтижесінде 130 балапан жұмыртқаны жарып шықты. Олардың 40-ын өзіме алып қалдым. Қалған тәуліктік балапандар жергілікті тұрғындарға 800 теңгеге саудаланды. Оны өткізуде әбігерге салынған жоқпыз. Құс шаруашылығының тиімділігіне көзім жетті. Бірақ қаз өсіру көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан оны өнеркәсіптік тауарларды сатумен қоса алып жүремін. Бірі екіншісін толықтыруы тиіс», – деп өзінің пікірімен нәзік жан бөлісті.
Теріскейлік нәзік жанның жоспарлары ауқымды. Қаздың балапанын өсіріп, күзде ет түрінде өткізуді көздеп отыр. Бибігүл ауылдастарының тарапынан өнімге сұраныстың арта түсетініне шүбә келтірмейді. Уәжі: басқа құс түрлеріне қарағанда қаздың еті жоғары бағаланады, үйрекке қарағанда майлылығы төмен.
Бибігүл құс шаруашылығы биыл ғана дендеп кіріссе, Надежда Ковуняктың тәжірибесі бір төбе. Табыстың кілтін меңгерген Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғынында 15 жылдық тәжірибе бар. Ол құстың бірнеше түрін өсіреді: қаз, үйрек, тауық. Шаруаны дөңгелету оңайға соқпаған. Оған қажетті қаржының тапшылығы қолбайлау болды. Бірақ біртіндеп құстың саны артып, заманауи технологиялар да еншіленді. Бүгінде Надежда Ковуняктың шаруашылығы аудан тұрғындары арасында танымал. Оған жүгініп, құстың балапандарын сатып алатындардың қатары қалың. «Құсқа сұраныс еселенді. Сондықтан кәсіптің аясын кеңейтуге бел будым. Қолдағы қаржынының аздығынан қажетті технологияларды сатып алу мұң болды. Сондықтан несие рәсімдеуге тура келді», – деп атап өтті құс өсіруші.
Теріскейлік нәзік жандардың белсенділігін жергілікті Ұлттық кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері де мойындайды. Өздерінің жобаларын жолдайтындар арасында әйелдердің қарасы қалың. Олар үшін кәсіптің қиындығы мен ауырлығы еш кедергі емес. Бірі құс өсірумен айналысуға басымдық берсе, бірі мал шаруашылығын таңдайды. Мәселен, Мамлют ауданында биылғы жылы 9 тұрғын өз ісін ашқан. Олардың барлығы ата кәсіпті жаңғыртуға бел буып отыр.
«Теріскейлік кәсіпкер әйелдер жеке ісін дөңгелетуге шындап кіріскен. Ауыл шаруашылығы саласында да таңдау аясы кең. Қолға алынған жобалар бір төбе. Олар әртүрлі саланы қамтиды. Жақында Тимирязев ауданында алғашқы ауылшаруашылық кооператив қолданысқа тапсырылмақ. Оның басы-қасында да нәзік жан», – дейді Тимирязев ауданындағы Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Александр Гурьянов.
Өз ісін ашуға бел буғандар үшін қолдау қарастырылған. Тек ынта мен еңбек қажет дейді кәсіпкер нәзік жандар.
Венера Мұстафина
Также читайте:
Вячеслав Турнов: трудиться во всех направлениях
Құс өсірушілер «Буш сирақтарына» тәуелділікті азайтпақ
Предусмотрены ли субсидии для птицеферм?