«Сыбаға» бағдарламасы: шаруаларға 40 млн теңгеге дейін несие беріледі
Елімізде ет шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы қайта енгізіліп жатыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нармұxан Сарыбаевтың айтуынша, бағдарлама арқылы шетелден жылына 50 мың аналық бас, ал он жылда 1 миллион мал басын әкелу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Биылдан бастап «Сыбаға» бағдарламасын қайта енгізіп жатырмыз. Бұл бағдарлама бойынша импортталған асыл тұқымды ірі қара мал, отандық ұсақ мүйізді мал, техникалық жабдықтар сатып алуға 15 жылға жылдық үстемақысы субсидиямен есептегенде 4 пайызға дейін өсіммен 40 млн теңгеге дейін несие берілетін болады. Бағдарламада қазір өте жоғары сұраныс бар», – деді Сарыбаев.
«Сыбаға» бағдарламасы арқылы соңғы жылдары бір жылда 50-55 мыңға дейін аналық мал бастарын сатып алуға несие берілген. Биылғы жоспар бойынша шаруа қожалықтарға 100 басқа дейін несие беріледі.
«Шетелден жалпы саны 50 мың аналық мал басы әкелуінуі тиіс. Ереже бойынша шетелден мал әкелуді жоспарлаған шаруа қожалықтарды ғана қаржыландырамыз. Жоспар аяқталған соң сол қаражатты әрі қарай жергілікті мал сатып алуға бөлеміз. Он жылдың ішінде шаруа қожалықтар санын 100 мыңға дейін жеткізу керек. Республика бойынша қазір олардың саны – 20 мың. Он жылдың ішінде миллионға дейін аналық мал басы шетелден тартылуы тиіс», – деді ол.
Оның айтуынша, елімізде аналық мал басының аз болуы басты мәселе болып отыр.
«Бізде өте кең жайылым алқаптары бар. Ол алқаптар малмен қамтылмаған. Жайылымдарды тауар өндірушілер құжаттары болса да пайдаланбайтын кездері болады. Соның тиімділігін арттыру үшін шағын шаруа қожалықтарын ашып, малын әкеліп жайылымдарды пайдаланса дейміз», – деді басқарма төрағасы.