Органикалық тыңайтқышқа сұраныс еселенді
Бүгінде өнімнің сапасына әрі табиғи тазалығына баса мән беретіндердің қарасы артты. Жер-жаһандағы 160 мемлекет органикалық егіншіліктің қыр-сырына қанық. Олардың 85-де экологиялық әдісті реттейтін арнайы заңнамалық құжаттар бекітілген. Елімізде де тың бағытқа бетбұрыс бар. Бүгінгі таңда танап басында 200 мың тоннадан астам органикалық тыңайтқыш қолданылады. Оның құлашын кеңінен сермеуіне жол ашық, алғышарттар да қалыптасқан. 2015 жылы биөндірісті реттейтін «Органикалық өнім өндіру туралы» заң құпталды. Оның қажеттігін отандық тауар өндірушілер де мойындайды.
Тұтынушының сұранысын түйсінген шаруалар түрлі қоспалардан бас тартып, органикалық тыңайтқыштарға иек артуда. Келешекте үрдіс тамырын тереңге жайып, жауын құрттары арқылы нәпақасын айыратындар қалыңдайтын көрінеді. Ұлыбританияның өзінде органикалық қалдықты жауын құрты арқылы «іріп-шірітетін» шаруашылықтардың қатары 500-ден асып жығылады. Оған қазақстандықтар да ден қоюда. Андрей Стрелец үшін биотыңайтқыштар кәсіпке айналды. Солтүстікқазақстандық шаруа табиғи гумустың өндірісін оң жолға қоюды көздеп отыр. Діттелген жобалар ауқымды. «Стрелец А.В.» ЖК басшысы органикалық тыңайтқыштың сұйық түрін өндіретін зауытты ашуға мүдделі.
– Андрей Викторович, әуелі картоп өсіру арқылы нәпақаға кенелсеңіз, бүгінде кәсібіңіздің бағытын неліктен ауыстыруыңызға бел будыңыз?
– Көктемгі дала жұмыстары бойынша барлық шаруа ойдағыдай жүзеге асырылуда. Қолбайлау түйіткілдер жоқтың қасы. Биыл картопты бар-жоғы 6 гектар алқапқа егемін. Тұқымды алыстан дорбаламаймын, еншімде алдын ала қамданған өз қорым бар. Жылда картоптың көлемін азайтуды ұйғардым. Себебі біртіндеп биогумусты өндіруге көшу межеленген. Бұл бүгінде менің негізгі кәсібіме айналып, кенелетін табысымның дені жауын құрттарын және гумусты сатуға тиесілі. Оған 2012 жылы ден қойып, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы несие рәсімделді. Қаржыға Ресейден 1 миллион жауын құрты сатып алынды. Оларды көбейтіп, биогумусты дайындауға кірісім. Оның өзіндік әдісі бар. Негізгі салмақ жауын құрттарына әрі адамның қол күшіне түседі. Шикізат ретінде органикалық қалдықтар кәдеге жарыталды. Үйілген малдың қиына құрттар жіберіледі. Шамамен 40-50 күн ішінде биогумусты алып, тыңайтқыш ретінде пайдалануға жол ашық.
– Оны өткізуде маңдайыңыз тасқа тимей ме? Отандық тауар өндірушілер тарапынан сұраныс бар ма?
– Кәсіп шатқаяқтамау үшін оны аяққа нық тұрғызу қажет. Оған дендеп кірісіп, бірталай гранттар мен байқауларды жеңіп алдым. Нәтижесінде бүгінде биогумусқа сұраныс еселенді. Маған тек теріскейліктер ғана емес, өзге өңірлеріндегі шаруалар да қолқа салады. Оның ішінде Қарағанды, Алматы, Шымкент қалалары бар. Жыл соңына дейін 1200 тонна биогумусты нарыққа ұсыну жоспарланып отыр. Көбіне көкөніс пен жеміс-жидек өсірушілер биогумусқа иек артады. Маған жүгінетіндердің 60% солар құрайды. Мал шаруашылығымен айналысатындар да қолқа салады. Олар органикалық тыңайтқышты алқаптарын өңдеу үшін қолданады. Ақтөбе облысында құрылатын ірі ауылшаруашылық кооператив те биогумусты кәдеге жаратуды жоспарлап отыр.
Тауар өндірушілер тарапынан жауын құрттарына да сұраныс елеулі. Өткен жылы алматылықтар 3 миллионын еншіледі. Биыл Ақтөбе облысына 2 миллион данасы жөнелтіледі. Қосымша 3 миллион жауын құртына тапсырыс бар.
Қазақстандық шаруалар биогумус үшін өзге елдерге де ат арылтады. Оның қатарында Эстонтия, Польша, Латвия, Украина, Ресей бар.
– Табиғи тыңайтқыш қаншалықты өнімділікті еселеуге мүмкіндік береді? Көкөніс өсіруде оның тиімділігіне көз жеткіздіңіз бе?
– Өсімдіктер кез келген минералдың, гербецид пен пестицидтің 70% ғана сіңіреді. Минералдар көп, бірақ олар дақыл үшін жеткіліксіз. Сондықтан өз басым биогумусты қызанақты, сәбізді, орамжапырақты, қызылшаны және картопты өсіруде кәдеге жаратамын. Оның арқасында 2015 жылы әрбір гектардан 42 тонна өнім бұйырды. Өнімділік біртіндеп 15-17% артатынына көзім жетті. Ал био-тыңайтқыш қолданылмаса, онда әрбір гектардан жиналған 12-15 тонна картопке риза боласың.
Еңбегіміз еленіп, көпшілік тарапынан бағалануда. Өткен жылы еліміздегі үздік өндірістік кәсіпорындардың қатарынан табылып, «Атамекен» ҰКП арнайы «Іскер» сыйлығын иелендім. Биогумустың өнімділігі бойынша есепті жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасына, Картоп және көкөніс өсірушілер одағына жолдадым.
– Алайда биогумустың құны дәнді дақылға бет бұрған шаруалардың қалтасына салмақ салатыны мәшһүр. Бәлкім бұл ретте органикалық тыңайтқыштың өзге түрлерін бет бұру қажет болар?
– Сөзіңіздің жаны бар. Солтүстікқазақстандық шаруалар биогумусты шағын көлемде алады. Бар гәп қаржының жоқтығына тіреледі. Биогумустың құны дәнді дақылдарды өсірушілердің қалтасын қағатыны хақ. Кей диқандар үшін оның бір тоннасын 300 мың теңгеге сатып алудың өзі мұң. Ал жұмсалған қаржының ақталуы көкөніс өсірушілерге қарағанда ұзақ саналады. Сондықтан сұйық биогумусты нарыққа ұсыну межеленген. Даму стратегиямызға сәйкес Алматы қаласында зауыттың іргетасын қалау жоспарлануда. Құрылғылар көрші мемлекеттен сатып алынады. Ал шикізат өзіміздікі, ол үшін сыртқа ат арылтпайымыз. Инвесторлар табылды. СҚО дүниеге келген, бүгінде Сингапурда тұратын азаматпен өзара мәмілеге келдік. Қазіргі таңда инвестордың қаржыландыруын күтудеміз. Кәсіпорынды мамыр айында іске қосу көзделген, бірақ оның қолданысқа берілуін екі айға шегеруге тура келіп отыр. Жоба өмірге жолдама алса, зауытта жылына 3 миллион литр сұйық биогумус алынады. Оның 90% дәнді дақылды өсіруге бел буған диқандар тұтынады деп күтілуде. Құрғаққа қарағанда сұйық биогумустың құны едәуір арзан. Себебі алғашқының бір келісінен 10 келі сұйық гумус алынады. Дүкендерде оның бір литрі 580 теңге тұрса, бізде оның құны 200 теңгені құрайтын болады. Оның арқасында бір га 300 мың теңге жұмсаудың қажеттігі артта қалып, енді диқан бар-жоғы 4 мың теңгесін сұйық биогумусқа жұмсайды.
– Өткен жылы қабылданған «Органикалық өнім өндіру туралы» заң да өзінің септігін тигізеді емес пе?
– Сөзіңіз орынды. Толық келісемін. Органикалық өндіріс жайлы заң қабылданып, бұл табиғи өнім мен жасанды өнімнің ара-жігін ажыратты. Біз оның күшіне енуін тағатсыздана күттік.
– Бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
Венера Мұстафина
10.05.2016 ж. жауап
Также читайте:
Производство органической продукции
Органическое производство: интерес растет
Органическое земледелие ближе, чем кажется (ФОТО)
Принципы органического земледелия, или Как стать органическим фермером?