«Құпталған бағдарлама көп, бірақ оған қаржы тапшы»
Бұл Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының уәжі. Саладағы кілтипанның кесірінен жергілікті атқамінерлер тауар өндірушілердің алдында қарызға батады. Өңірдегі кей диқандар тамшылатып суару жүйесіне мемлекеттен қайтарылатын демеуқаржыға қол жеткізе алмай отыр.
Саид Абдуллаев жасөспірім шағынан пиязды өсірудің қыр-сырына қанық. Өнімділікті еселеуді діттеген шаруа соны технологияларға қолқа салуды ұйғарған. Өткен жылы 35 гектар аумаққа тамшылатып суару жүйесі орнатылды. Оның арқасында гектарынан 100 тонна пияз жиналған. Бұған дейін өнім берекелігі 70-80 тоннаны құрады. Өткен жылғы өнімнің бір бөлігі бірден саудаланды, бір бөлігі қоймаға жөнелтілді. Жерден ризығын татқан диқан пияздың келісін 30 теңгеге саудалаған. Оны ірі сатып алушылар еншілеп, артылғаны көрші Ресейдің нарығына экспортталды.
– Өнімділіктің артқаны байқалады. «Әр жылда сұраныс әртүрлі. Кейде өнім бірден саудаланса, кейде оны өткізуде әуре-сарсаңға салынасың. Мәселен, биылғы жылы көктемде пиязға сұраныс құлдилады. Десек те көкністің іріп-шіруіне жол берілген жоқ. Негізінен жұмсалған қаржы ақталады деуге болады. Сол технология да өзінің артықшылығын дәлелдеді, – деп «ПХП» шаруа қожалығының жетекшісі өзінің кәсібі жайлы сыр шертті.
Диқан израильдік құрылғыны 1 гектарға ендіру үшін 3000 АҚШ долларын жұмсаған. Оған кеткен шығынның 30 пайызын мемлекет өз мойнына алатыны мәлім. Бірақ диқан әлі де қолдаудың игілігін сезбегеніне қынжылады. «Мемлекет тарапынан өткен жылы қайтарылатын қаржыны алған жоқпын. Жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасы бюджетте қаржының жоқтығын алға тартып отыр. Биыл 7 гектар аумаққа тамшылату жүйесі орнатылды. Құрылғының өзі арзан емес. Шығынды ақтау үшін кемінде 5 жылдай уақыт қажет», – дейді шаруа қожалығының жетекшісі.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына жүгіндік. Оның тізгінін ұстаған Нұржан Нұржігітов диқандарды мазалайтын түйіткілден хабардар. Ведомство басшысының уәжі: бар гәп ел қазынасынан үлестірілетін қаржының жетіспеушілігіне тіреледі. Кесірінен өткен жылы өтінімдерін жолдаған шаруалардың кейбірі әлі де мемлекеттік қолдауды күтумен әлек.
– Инвестициялық демеуқаржыландыру бойынша оператор ретінде жергілікті ауыл шаруашылығы басқармалары бекітілген. Қаржы ел қазынасынан бөлінеді. Өткен жылы аталмыш бағдарлама бойынша өңірімізге 351 млн. теңге көлемінде қаражат үлестірілді. Барлығы ережемен шектелген. Тек оның аясында ғана әрекет етеміз. Талапқа сәйкес бірінші кезекте басымдық мал шаруашылығына беріледі. Одан артылған қаржы екінші топтағы егіншілікке бұйырады. Бұл ретте қаржының жетіспеушілігіне байланысты соңғы топ, оның ішінде тамшылатып суару жүйесін ендіргендер мемлекеттік қолдауды иеленген жоқ. Олардың алдындағы қарызды биылғы демеуқаржының есебінен төлеуді жоспарлап отырмыз. Барлығы республикалық деңгейде бөлінген қаржы есебінен төленеді, – деп мәселенің мән-жайын Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов тергіштеді.
Биыл инвестициялық демеуқаржыландыру бойынша республикалық бюджеттен Жамбыл облысына 2 млрд. 200 млн теңге көлемінде қаражат аударылды. Әуелі оның игілігін мал шаруашылығына бет бұрған қожалықтар сезінеді. Ал 1 шілдеден бастап жауапты басқарма өкілдері екінші топтағы жобалар бойынша өтінімдерді қабылдайды. Ең бастысы құжаттар талап үдесінен шығуы тиіс. Олардың демеуқаржыландыру ережесіне сәйкестігі сүзгіден өткізіледі. Мамандардың сөзіне сенсек, тамшылатып суару технологиясын биыл ендірген диқандар ғана нысанаға алынбайды. 2014-2015 жылдары мемлекеттік қолдауды иеленбеген шаруалар алдындағы қарызды өтеу межеленген.
– Ауыл шаруашылығының жүйелі мәселесі – құпталған бағдарлама көп, бірақ оны жүзеге асыруға қаржы жетіспейді, – деп Нұржан Молдиярұлы сөзін сабақтады. – Бұған дейінгі Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков 2015 жылы республика бойынша 271 млн. теңге көлемінде қаражат жетпегенін мәлімдеді. Сондықтан бұл тек біздің өңірімізге ғана емес, барлық облыстарға тән түйіткіл.
Венера Мұстафина
06.06.2016 ж. жауап
Также читайте:
Инфографика: капельное орошение – прогрессивно и экономно
«А начиналось все с 38 га земли…»
Жители Костанайской области учатся экономить «по-зелёному»