Діттелген меже бір төбе, тек әзірге қол қысқа
Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы әлі де қанатын кеңге жая алмай отыр. Отандық шикізатты ұқсатуға келгенде әлі де ұтарымыздан ұтылатынымыз көп. Шаруасын дөңгелеткен зауыттардың өзі мемлекеттік тапсырысқа қолқа салады. Себебі өнімнің өзіндік құнын ақтау қиынға соғады. Айналымдағы қаржы да қауқарды ұлғайтуға мүмкіндік бермейді. «Тараз аяқ киім» зауыты толық қуаттылықтың тек 20% ғана шыққан.
«Тараз тері аяқ киім» кәсіпорнының тауарлары Жамбыл облысының тұрғындары үшін таңсық емес. Жергілікті зауыт көпшіліктің сенім үдесінен шыққан. Ыңғайлы, жұмсақ, табаны тозбайды. Сапасымен танылған отандық аяқ киім сұранысқа ие. Тек оны өтеудің өзі оңайға соқпайтын сыңайлы. Зауыт өкілдерінің уәжіне сүйенсек, бар гәп шикізатқа және оның негізсіз қымбат бағасына тіреледі. Оны орталықтандырылған түрде сатып алу жүйесі қалыптаспаған. Теріні зауытқа тапсыруға асығатындар да жоқ. Кәсіпорын теріні сатып алу үшін делдалдарға алақан жаяды. Бірақ оның құнына байланысты келіссөздер кейде аяқсыз қалады.
– Теріні орталықтанырған түрде дайындау жүйесі жоқ. Тұрақты түрде оны сатуға ынталы фермерлік шаруашылықтардың қарасы да байқалмайды. Біздің зауыт үшін елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындардан бір-бірден теріні жинау тиімсіз. Сондықтан негізінен Қазақстандағы делдалдарға ғана жүгінеміз. Олар теріні ауыл тұрғындарынан бар-жоғы 2-3 мың теңгеге сатып алады. Бірақ зауытқа өткізгенде оның бағасын тым асырады. Мәселен, биылғы жылдың басында теріні 11-12 мың теңгеге сатып алуға тура келді. Сонда табысқа тек делдалдар кенеледі. Кейде олармен келісудің өзі машақатқа айналады. Отандық шикізаттың басым бөлігін көрші Қытай мемлекеті тұтынатыны жасырын емес. Сондықтан шикізатты фермерлік шаруашылықтардан жүйелі түрде сатып алғанымыз жөн еді, – деп түйіткілді мәселенің мән-жайын «Тараз тері аяқ киім» ЖШС бас директоры Олег Мускафиди жайып салды.
Сатып алынған терінің сапасы әртүрлі. Кейбіреуінің күйі көңіл көншітпейді. Сәйкесінше оны аяқ киім тігуге алдымен тыңғылықты дайындау қажет. Тері зауытта бірнеше кезеңдік өңдеуден өткізіледі. Оның өз реті мен тәртібі бар. Шикізатты тазалауға, илеуге, сүргілеуге, созуға және тегістеуге арналған құрал-жабдықтар қарастырылған. Оның арқасында зауыт бір ай ішінде 600 тонна теріні өңдей алады.
Кәсіпорынның бір тәулікте 500, бір жылда 1 миллионға дейін аяқ киім шығаруға қауқары бар. Бірақ бүгінде толық қуаттылықтың небәрі 20% ғана кәдеге жаратылады. Зауыт қажетті құрал-жабдықтар мен технологиядан қағажу көрмейді. Тек әзірге тек ерлерге арналған аяқ киімдермен ғана шектелген. Биылғы қыс кезінде етіктердің 7 мыңға жуық данасы тігілді. Барлығы да зауыт жанынан ашылған дүкенде саудаланған. Таза былғарыдан жасалып, іші терімен қапталған қысқы етіктің бағасы қолжетімді. 10-11 мың теңге аралығында құбылады. «Сұраныс көп. Кеден қызметкерлері және тәртіп сақшылары – біздің тұрақты тұтынушыларымыз. Халық дүкенге келген кезде сауда нүктесінде де, аяқ киімде де ешбір жағымсыз иіс жоқ екендігіне таң қалады. Оның себебі сапалы материалдарды қолдануда жатыр. Елімізде модельдік үлгілерді тігетін ірі өндіріс орындары саусақпен санарлық. Қарағанды, Павлодар, Астана қалаларында сауда нүктелерін ашу жоспарланып отыр. Балаларға арналған аяқ киімдерді тек тапсырыс бойынша тігеміз. Өзіміздің үлгілеушілеріміз модельдік қатарды шығарумен айналысады. Таяу келешекте әйелдердің аяқ киімдерін де нарыққа ұсыну жоспарланған. Келесі жылдан бастап жазғы аяқ киім өндірісін оң жолға қоюды діттеп отырмыз. Бұған дейін тек қысқы және күзгі топтама ғана нарыққа ұсынылды. Қажетті технология еншімізде бар», – деп атап өтті ол.
Дайын өнімнің 80-85 пайызын қазақстандық үлес құрайды. Өзгесі елімізде шығарылмайды. Сондықтан сырттан тасымалданады. «Елімізде аяқ киім шығаруға қажетті материалдардың көбі өндірілмейді. Әлі де оның инфрақұрылымы қалыптаспағаны көңілді құлазытады. Бояғыштар шет мемлекеттерден жеткізіледі. Тіпті баулардың өзін көрші Ресейден сатып аламыз», – деп тергіштеді Олег Иванович.
2013 жылы кәсіпорынға алғаш рет мемлекеттік тапсырыс бұйырған. Қорғаныс министрлігі үшін 30 мыңнан астам жұп аяқ киім шығарылды. Олар әскерилерді үскірік аяздардан және шіліңгір шілдеден қорғайды. Отандық етіктерді бір айға шыдас бермейтін қытайлық етіктермен салыстыруға келмейді. «ТКО» үлгісіндегі былғары аяқ киімдер жоғары сапасымен ерекшеленген. Бірақ екі жыл бойы зауыт мемлекеттік тапсырыстан құр алақан қалып, өндірісте қаржылық қиындықтар туындаған. Биыл мәселе оң шешімін тапты. Зауыт Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен әскерилерге аяқ киім тігуге кірісіп, экономикалық ахуалы жақсара түскен.
«Тараз тері аяқ киім» кәсіпорны тарихының тамыры тереңге бойлайды. Іргесі 1961 жылы қаланған зауыттың аты мен заты кезінде дүркіреген. Тігілген аяқ киімнің түр-түріне жергілікті халықпен қатар кеңестік елдер қолқа салған. Тараздың талай былғары етіктері сыртқа жөнелтіліп, талай адамның аяғынан табылды.
2000 жылдары тұралаған зауытты қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Кәсіпорындағы қондырғылар қайта іске қосылып, олардың қатары толықтырылды. Аяқ киімді тігуге, үлгілеуге арналған құрал-жабдықтар Италиядан және Германиядан жеткізілген. Ол үшін зауыт басшылығы 2010 жылы 10 млн АҚШ доллары көлемінде несие рәсімдеді.
Өндірістің қарқынын арттыруға айналымдағы қаржы қат. Зауыт мойнындағы несие де арқаны кеңге жайғызбайды.
Венера Мұстафина
05.09.2016 ж. мақала