Бизнесмендер ең жемқор органдарды атады
Кәсіпкерлер неге пара береді? Осы сұраққа жауапты Кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ІІІ Республикалық форумында «Стратегиялық бастамалар орталығы» компаниясының директоры Бақытжан Саркеев айтты. Әлеуметтік зерттеу «Атамекен» ҚР ҰКП бастамасымен жүргізілді, деп хабарлайды atameken.kz сайты.
«20 мемлекеттік органға: әкімдіктер және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері жұмысына бағалау жүргізілді. 2017 жылмен салыстырғанда, сыбайлас жемқорлыққа тап болған кәсіпкерлердің үлесі 3%-ға азайған. Осы ретте қызықты факт бар. Сыбайлас жемқорлыққа кез болғандар арасында кәсіпкерлер саны артқан, оларға сыбайлас жемқорлық көмектескен. Бұл кәсіпкерлер пара беруді жақсы көреді деген сөз емес. Олар пара беруге мәжбүр, өйткені кәсіпкерлер жеке мәселелерді шешуде басқа амал көрмей тұр», – деп бөлісті Бақытжан Саркеев.
Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес жағдайдалардың 49%-нда кәсіпкер сыбайлас жемқорлық мәмілелердің бастамашысы болады, 43%-да – шенеуніктер, небәрі 8%-да параны екі тарап келісіп жүзеге асырады.
Ең адал өңір
Жалпы адалдық рейтингіне келер болсақ, екі жыл қатарынан Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап келеді. Көшбасшылардың қатарында Ақмола облысы, Қызылорда облысы, Ақтөбе облысы, Астана қаласы және Шымкент қаласы бар.
Ішкі мемлекеттік аудит қызметі, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция және көлік бақылауы қызметі – ең сыбайласқан аумақтық бөлімшелер болып танылды. Осы ретте өңірлер кескінінде анағұрлым сыбайласқандар қатарында:
-Маңғыстау, Түркістан және Алматы облыстарының Ішкі мемлекеттік аудит қызметтері;
-Маңғыстау, Қарағанды және Алматы облыстарындағы Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекциялары;
-Маңғыстау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарындағы Көлік бақылауы қызметтері.
Сәулет және қала құрылысы басқармасы, Жер қатынастары басқармасы және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы – жергілкті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа анағұрлым бейім басқармалары. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлық басым органдар:
- Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының Сәулет және қала құрылысы басқармалары;
- Маңғыстау, Атырау және Түркістан облыстарының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары;
- Маңғыстау, Қарағанды және Түркістан облыстарының Жер қатынастары басқармалары.
Пара сомасы 3 есеге артқан
«Пара өсуінің үлкен көрсеткіші Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында байқалған. Пара алатын аумақтық құрылымдар арасында: экономикалық зерттеулер қызметі, монополияларға қарсы қызмет бар. Бұл құрылымдардағы пара мөлшері 3 миллион теңгеге дейін жетеді. Ішкі аудит қызметінде пара сомасы 5 миллионға дейін жеткен. Сумен қамту және электр энергиясымен жабдықтау саласында да параның үлкен көрсеткіші тіркелген», – деп хабарлады Бақытжан Саркеев.
Параның орташа мөлшері 61 мың теңгеден 193 мың теңгеге дейін өскен, яғни қылмыстық жауапкершілікке тартылу тәуекелдігінің жоғарылауына баланысты пара мөлшері 3,2 есеге артқан.
Пара мөлшерінің азайғаны Алматы қаласы басқармалары мен аумақтық қызметтерінде байқалуда, ал Батыс Қазақстан облысында 2017 жылмен салыстырғанда әкімдіктің басқармаларында пара мөлшері 10 есеге артқан (71 мың теңгеден 750 мың теңгеге дейін), сонымен қатар Астана қаласы әкімдіктерінде пара сомасы – 10 есеге өскен (35 мың теңгеден 441 мың теңгеге дейін).
Түркістан облысының аумақтық қызметтерінде пара сомасы 18 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін артқаны тіркелді.
Параның ең үлкен мөлшері электр энергиясымен жабдықтау саласында (1,719 мың теңге), ең төмен мөлшері денсаулық сақтау саласында (45 мың теңге) тіркелген. Құрылыс саласында пара көлемі 3 есеге артқан. Сумен қамту және жарнама салаларында параның орташа мөлшері 1 млн теңгені құрайды.
Параның анағұрлым үлкен көлемі – мемлекеттік ішкі аудит қызметі, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау, көлік бақылауы, АӨК мемлекеттік инспекциясы, экономикалық зерттеулер қызметінде тіркелген.
БҚО Ішкі аудит қызметінде пара мөлшері 5 млн теңгеге жеткен, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау қызметінде пара сомасы – 3 млн теңгені және БҚО Көлік бақылау қызметінде пара – 3 млн теңгені құрайды.
Жазалауды қатаңдатуға дауыс берген кәсіпкерлердің үлесі 2017 жылғы 28%-дан 2018 жылы 14%-ға төмендеген.
«Кәсіпкерлерді пара беруге не итермелейді? Кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлық схемаларын пайдалануға итермелейтін негізгі себептер – талаптар санының көптігі, жиі жасалатын тексерулер. Шын мәнінде мемлекеттік органдар шамадан тыс талаптар қояды. Бизнесті реттеу деңгейі және мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке араласу деңгейі жоғары болып тұр», – деп қорытындылады «Стратегиялық бастамалар орталығының» басшысы Бақытжан Саркеев.